Еліміздегі сайлаулардың ашық та айқын өткізілуін қадағалау мақсатында сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрылған болатын.
Бұл комиссияның құрылуының өзі – Қазақстанда демократиялық институттардың дамуын және азаматтық қоғамның елдегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласатынын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын алғаш рет құрылған комиссия содан бергі барлық сайлауларға қатысып, өзінің қажеттілігін іс жүзінде көрсетіп берді. Ол шетелдік халықаралық ұйымдардан келген байқаушылармен ынтымақтаса жұмыс істеді. Елімізде болған 2005, 2011 және 2015 жылдардағы Президент сайлауларында және 2007 және 2012 жылғы Парламент депутаттарының сайлауында комиссия белсенділік танытып, сайлаудың заңдылықтарға сай өтуіне игі ықпалын тигізді. Бүгінгі күні ол кезекті рет сайлау үдерісінің заңға сәйкес жүргізілуіне өзінің қоғамдық бақылауын жасағалы отыр.
Комиссияның облыстық филиалының басты мақсаты – сайлау үдерісінің мөлдір өтіп, сайлаушылар мен депутаттыққа кандидаттардың конституциялық құқықтарының бұзылмауына байқау жасау. Біздің жұмысымыздағы тағы бір маңызды фактор туралы да айтып өткім келеді. Ол – азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын және электоралдық белсенділігін арттыруға атсалысу. Осы мақсатқа қол жеткізсек, біздің миссиямыздың түпкілікті орындалғаны болып табылады.
Филиал мүшелері аймағымызға танымал, белгілі тұлғалар, олар Қазақстандағы сайлаудың заңға сәйкес өтуін қалайды. Бәрі де еліміздің «Сайлау туралы» заңын жақсы біледі және оның талаптарымен жете таныс. Олардың айтқан ескертпелері мен байқаған заң бұзушылықтарын сайлау комиссиялары дереу қалпына келтіріп жатады. Соның арқасында сайлаушылар мен депутаттыққа кандидаттар тарапынан ұсақ шағымдар болмаса, ірі заң бұзушылықтарға орын берілген емес. Комиссияның құрамында облысымыз бойынша 700-ден астам байқаушылар жұмыс істеуде. Олар өңіріміздегі барлық сайлау учаскелеріне байқаушылық жасайтын болады.
Сайлаудың барынша мөлдір өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыстық сайлау комиссиясымен, прокуратурамен, депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды штабтарымен, сондай-ақ, азаматтық сектормен тығыз ынтымақтаса жұмыс істемекпіз. Комиссия жұмысының қорытындысы туралы сайлау процесі аяқталған соң толыққанды есеп дайындалып, онда сайлау үдерісіне толықтай баға беріледі.
Қазір филиал өз жұмысына белсене кірісіп отыр. Комиссия мүшелері облыстық сайлау комиссиясының отырыстарына қатысып отырады. Ұйымдастыру-тәжірибелік шаралардың сызба-жоспарларына сәйкес семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілуде. Біз қалалық және аудандық байқаушылар комиссиясының жетекшілеріне қажетті құжаттардың толық портфелін дайындадық. Оның бәрі ағымдағы жұмыстар және байқауды сапалы жүргізу үшін қажет шаралар. Сонымен қатар, сайлау өткенше үгіт науқанының жүргізілу барысы мен сайлау процесінің басқа да шаруаларына мониторинг жүргізбекшіміз.
Біздің комиссияның жұмысы партиялардың сайлауалды жұмысын байқаудан бастап, 20 наурыздағы дауыс беру үдерісі аяқталғанша жалғасатын болады. Егер сайлау науқаны барысында қандай да бір заң бұзушылықтардың куәсі болсаңыз, мына мекен-жайға хабарласа аласыз: Көкшетау қаласы, Сәтпаев көшесі 1 «а», «Ақмола Медиа орталығы» баспасөз орталығы, телефон: 72-20-05.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының төрағасы.