Астрахан ауданына қарасты №4 Жалтыр орта мектебінде «Патриот KZ» халықаралық қоғамдық қоры және аудандық «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері одағының» ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылуының 27 жылдығына орай еркін күрестен республикалық турнир болып өтті.
Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Астана қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 257 балуан қатысып, бақтарын сынады.
Жарыстың мақсаты – жасөспірімдер арасында еркін күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, балуандардың спорттық шеберлігін арттыру, жасөспірімдерді достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.
Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Анатолий Мальковтың айтуынша, дағдарыс қиыншылықтарына қарамастан спортшылар ұйымшылдықпен келген, жыл санап қатары да көбейе түсуде.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында 29 келі салмақ дәрежесінде Жангелді Өтеулі (Жаңаөзен), 32 келіде Рунар Бейсенханов (Павлодар), 35 келіде Ростислав Маликов (Қостанай), 38 келіде Дінмұхамед Мұхамәдәлі (Ақмола), 42 келіде Камиль Куруглиев (Ақтау), 47 келіде Ризабек Айтмұхам (СҚО), 54 келіде Әлішер
Доскеев (Ақмола), 58 келіде Махамад Белалов (Шу), 63 келіде Мурадали Забитов (Шу), 69 келіде Исламбек Ілиясов (Павлодар) жеңімпаз атанса, қыздар арасында әртүрлі салмақ дәрежесінде ақмолалық үш қыз Гүлмаржан Махаддинова, Даяна Қайдарова, Эллада Махаддинова жеңіс тұғырынан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Құрмет грамоталарымен және турнирдің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.