«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық нақылы Айсұлу Биғожақызы Сәрсенбаеваға арнап айтылғандай. Бүгінде Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебінің директоры, білікті басшы, мейірбан жүректі ұстаз-ана зейнет жасына толып отыр.
Саналы өмірін түгел дерлік ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол Сандықтау ауданы, Аманкелді ауылының тумасы. 1993 жылы Целиноград мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, Астана қаласында еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Мектепті басқарып отырғанына биыл 18 жыл. Осы жылдар аралығында ұжымды бір кісідей жұмылдырып, мектеп жұмысының ыстық-суығына төзіп, өзінің мінезі мен шыдамдылығының, төзімділігі мен табандылығының, тынымсыз еңбегінің арқасында оқу орнын табыс биіктеріне бастай білді. Ұжымда іскер басшы, шебер ұйымдастырушы. Қарапайым, кішіпейіл, жауапты, жас мамандарға ұстаздық жолда дұрыс бағыт-бағдар беріп, айналасына жылы шырай мен шуақты шапағат нұрын төгіп тұрған ізгі жан.
Білім жолындағы ерен еңбегі бағаланып Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды. Үш мәрте Елбасының Алғыс хаты мен Құрмет грамотасының иегері. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Целиноград ауданына 85 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды, Білім министрлігінің Алғыс хаты, облыстық білім бөлімінің, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің, ауыл әкімінің Алғыс хаттарының иегері. Ауылдың көркеюі жолындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Жастарға үлгі, үлкендерге сыйлы жан. Әрбір істі өзі бастап, жыл сайын білім кеңістігіндегі сайыстарға жол ашып, ұжымдағы ұстаздарды соңына ілестіріп дара жол көрсетіп келеді. Халықаралық әлеуметтік педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне, Астана қаласындағы «Жаңа заман – озық технология» ғылыми конференциясына, Көкшетау қаласында жыл сайын өтетін «Ізденіс пен ой-толғаныс – кәсіби дамудың алғышарты» ғылыми конференцияларына, аудандық жарыстарға үзбей қатысып отырады. Оқушылары қашықтықтан оқыту олимпиадаларында жүлдегер атануда. Шығармашылық жолда ізденіспен көрініп, білім саласындағы қызметін абыроймен атқарып жатыр. Өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар, аяулы жар, қамқор ана, мейірімді әже. Айсұлу апай жолдасы Қайырбек ағаймен бірге үш ұл өсірген бақытты отбасы иесі. Бүгінде ұлдарын ұяға қондырып, немере сүйіп отыр. Шаңырағы мерекелі, дастарханы берекелі, еліміздің үлгілі, бақытты отбасыларының бірі.
Еліне еңбегі сіңген ұстаз-ана бүгінде зейнеткерлік жасқа жетті. Ұлағатты ұстаз атағына барлық құрметке лайық, ізгі қасиетті бойына жинаған қадірлі жан Айсұлу Сәрсенбаеваға өмір жасыңыз ұзақ болсын, балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, еліміздің нұрлы болашағы үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбегіңіз жемісті болсын! Өмірде мерейіңіз өсіп, мәртебеңіз биіктей берсін деген игі тілегімді білдіремін.
Гүлдариға ИСИНА,
№1 Қосшы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Целиноград ауданы.