Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жетістігі мол жастар – мемлекет дамуының кепілі» атты форум өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов ашты. Облыс орталығы мен елді мекендерден келген қонақтарға алғысын білдірген ол: – Қазақстанның қазіргі жастары тәуелсіз елімізбен бірге жасасып келе жатқан алғашқы ұрпақ. Заманауи реформалар барысында қоғам өмірінің базалық негізі түбегейлі өзгерді. Ендігі жерде жастардың нанотехнологияларды меңгеріп, өз заманының көшбасшысы болуы керек, – деді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямов пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Тимур Ысқақов жиылған жастарға Елбасымыздың
«5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін атқарылатын іс жайында баяндады.
Форумның өтуіне мектеп оқушылары да өз үлестерін қосты. Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің оқушысы Мари Каншвили мен №8 агротехникалық колледжінің студенті Наталья Михайлюк баяндамаларын қазақ тілінде оқыды. Ал, Равиль Хасипов қазақ жерінде дүниеге келгенін ерекше мақтанышпен паш етті.
Форум соңында аудан әкімінің орынбасары белсенді жас азаматтар «Ең жақсы маман иесі – 2015» сайысының жеңімпаздары «тмз сервис Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің токарі Андрей Шарай мен Алексей Морозовқа Алғыс хат тапсырды. Қоғамдық-саяси өмірде белсенділік танытқаны үшін №2 орта мектеп лицейі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Никита Крюков пен дербес білім мамандары
Марина Сәрсенова, Айнұр Бекжанова, Ләззат Қанафина аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.
Ерейментау ауданы.