Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдан ақын келді - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдан ақын келді

Таяуда облыс орталығында ерейментаулық ақын, сазгер, суретші Сайлау Жылқыбаевтың «Құдіретпен тілдесу» атты өлең кітабының тұсаукесері өтті.

 

Өлең мен өнерге шөлдеп келген көрермен «Әдебиет және өнер» музейінің салтанат залына лық толды. Мамандығы суретші болғанымен, қасиетті сөз өнерін қастерлеп, кие тұтқан ақынның бұл жарыққа шыққан екінші кітабы екен. Ауданнан келген ақынның қуанышын бөлісіп, көкшетаулық зиялы қауым да құтты болсын айтты.
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқумен басталған кеш тартымды өтті. «Ерейменім – сағынышым», «Сен мені сүйдің», «Олжабай ауылына», «Күншалған» сияқты 40 шақты әннің авторы Көкшетауға да құр қол келмепті. «Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың еліне, кешегі Иманжүсіптің елінен келіп тұрып, үндемей кеткенім жарамас» деп «Көкшетауға» деген тамаша әнін тұңғыш рет Көкшетау сахнасында орындап берді.  
Ақын інісінің бұл қадамына сүйсінген Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Төлеген Қажыбай ортаға шығып, Сайлаудай інісіне шығармашылық табыс тіледі.
– Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау, Саққұлақ билер шыққан киелі топырақтан осындай таланттардың өсіп-өнуі заңдылық, – деді Төлеген ақын.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Абай Әлжанов пен ақын Төлеген Қажыбай жасаса, Әдебиет және өнер ғылыми талдау орталығының төрағасы әдебиетші-ғалым Сәбит Жәмбек ақынның өлеңдеріне талдау
жасады. Аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде:
– Осы жерде Ерейментаудың қос мақтанышы Сайлау Байбосын мен Сайлау Жылқыбаев отыр. Екеуіне де былтыр күзде аудан әкімі Ермек Нұғыманов көлік мінгізіп, құрмет көрсеткен еді. Міне, биыл кітабының тұсаукесерін облыс орталығында өтуіне септігін тигізіп отыр. Жалпы, Сайлау Қабыкенұлы аудандық мәдениет басқармасына басшы болып келгелі біздің 30 мың халқы бар Ерейментаудың тасы өрге домалады, – деп ризашылығын
білдірді.  
Көпшілікке танымал Құдайберлі Мырзабек, Алмас Темірбай, Сайлау Байбосын сияқты ақындар өлең оқып, құттықтау сөздерін айтса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова ән шырқады. Ерейментаудан «Ереймен триосы», Айгүл Ахметова, Ләззат Түгелбаева, Жұлдыз Өміртай сияқты бір топ өнерпаздармен бірге, Астана қаласынан ақынның досы, өлеңдеріне ән жазып жүрген сазгер Қайрат Темірғали да келіпті.   
Кітап авторымен әріптес болған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Кенжебай Мұқышев ақынға бұрынғы әріптестерінің атынан гүл шоғын сыйлады.
Кеш соңында автор облыстық мәдениет басқармасы мен осы іс-шараға атсалысып, жанашырлық танытқан жандарға алғысын
 айтты.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар