Сандықтау ауданында «Хрустальный колос-2016» ХХХ қысқы облыстық спарта-киадасының алауы жағылды.
Аудан орталығының мерекеге сай безендірілген орталық алаңына халық көп жиналды. Көпшілік алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов аймақ басшысы
Сергей Кулагиннің атынан спартакиадаға қатысушыларды құттықтай келіп, өңірімізден есімдері әлемге, республикамызға танымал көптеген спорт саңлақтары өсіп шыққанын тілге тиек етті. Елбасы Жолдауында тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту міндеті қойылған. Осыған орай, ол спортшыларға дүбірлі додада сәттілік тіледі.
Бұдан кейін спартакиаданың жалауы көтерілді. Бұл құрметке биатлоншылар Сергей Сирик пен Людмила Науменко ие болды. Спартакиада бойтұмары Қоян, биылғы жылдың символы Мешін және биатлоннан Италияда өткізілген жастар біріншілігінің қола жүлдегері Роман Еремин қолына алауды ұстап, скутерлермен алаңға шыққанда көрермендер кеудесін қуаныш сезімі кернеді.
Салтанат соңында спартакиаданың құрметіне отшашу шашылып, мерекелік би кеші ұйымдастырылды. Екі күнге созылатын жарыста спортшылар президенттік көпсайыс, допты хоккей, футзал, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, отбасылық старт, спорттық балық аулау сияқты спорт түрлерінен күш сынасады.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.
(Жарыстың толық есебін газеті-міздің алдағы сандарының бірінен оқи
аласыздар).