Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің ІХ есеп беру – сайлау конференциясы өткізілді.
Ардагерлердің әлі де белсенді, ауызбірлігі мықты орта екендігін мәдениет сарайының екінші қабатындағы көрмеден көруге болатын еді. Көз тартарлық көрікті етіп безендірілген көрменің ішкі мазмұны көңіл аударарлықтай.
Конференция жұмысы өткен жыл ішінде өмірден өткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Аймақ басшысы Сергей Кулагиннің атынан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов конференцияға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Мағауия Рахымбергенов есепті кезеңде атқарылған шаруаларды қамтып баяндама жасады. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Бұланды аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлән Сейдахметова, Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев және басқалары сөз сөйлеп, облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.
Конференцияның соңында ұйымдық мәселелер қаралды. Есеп комиссиясының құрамы бекітілді. Көпшілік дауыспен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Зеренді ауданының құрметті азаматы, белгілі қаламгер Ғосман Төлеғұлұлы, орынбасарлығына Шағалалы агроколледжінің бұрынғы директоры, зейнеткер Амангелді Ақынов сайланды. Конференция жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысып отырды.
(Конференция туралы толық есепті газетіміздің келесі санынан оқитын
боласыздар).
Байқал БАЙӘДІЛОВ