Өткен жылы ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай, ақынның туған жері Семей қаласында республикалық «Абай оқулары» байқауы өткізілген болатын. Бұл додада аудандағы №1 орта мектептің 11-ші сынып оқушысы Анастасия Сломинская жүлделі екінші орынды иеленді.
Ал, одан бұрын Көкшетау қаласында өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген облыстық байқауда Анастасия жүлделі бірінші орынға қол жеткізді. Семей қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алған жерлес қызымыздың жақсы хабармен оралатынын әу баста-ақ білген едік. Өйткені, ол Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа айтады, әрі қазақ тілін жетік біледі.
Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді талдау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау шеберлігіне, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударылды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Атырау облыстары алға шығып, нәтижесінде біздің Анастасия екінші жүлделі орынды иеленді.
«Еңбек етсең ерінбей, тоя-ды қарның тіленбей», – деп ұлы Абайдың өзі айтқандай республикалық «Абай оқуларында» екінші орынды иелену бұл үлкен еңбектің, тыңғылықты дайындықтың жемісі деп білемін. Сайысқа қатысуға демеушілік жасаған аудан әкімі Талғат Ерсейітовке және оның орынбасары Мейрам Қожахметовке зор алғысымызды білдіреміз. Ал, Анастасия Сломинскаяға айтатынымыз, мектепті ойдағыдай бітіріп, үлкен биіктерден көріне бер!
Сәндібек ҮРІСТЕМОВ,
Астрахан аудандық тілдерді оқыту орталығының
директоры.