«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы
Қоғамның дамуы үшін рухани-адамгершілік құндылықтар – қомақты рөлге ие! Бұл құндылықтар – біздің ұлттың қайнар көзі, түп-тамыры, сарқылмас бұлағы. Туған жер мен ауыл біз үшін киелі ұғым! Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев халыққа «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жария етті. «Ауыл» партиясы үшін басты мақсат – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын дамыту, Отанымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету, «Мәңгілік Елді» нығайтып, бекіту! Қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндері уақытында және нақты жауап беруді талап етеді. Бес институционалды реформа мен оны іс жүзіне асыратын 100 нақты қадам жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге нақты жауап бола алады. Біз – рухани жасампаздық және адамгершілік прогресс партиясымыз! Біз әлемдік дағдарыстың зардабынан арылуға бағытталған және еліміздің экономикасын жаңа, сапалық деңгейге көтеруге бағытталған мемлекет стратегиясын қолдаймыз. Сонымен бірге, соңғы жылдары Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, экономиканың кейбір бағыттарының дамуы бәсеңсіп барады.
Ауыл біздің дәстүрлі құндылықтардың түп тамыры және қайнар көзі! Еліміздің 8,0 миллион халқы немесе ел-жұрттың 45 пайызы ауылда тұрады. Аграрлық өндіріс Қазақстан халық шаруашылығының ірі және дәстүрлі саласы болып табылады. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені елімізді индустрияландырудың өзегі болуға қабілетті. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және қайта өңдеумен айналысатын ірі өндіріс кешендерін дамыта отырып, тек қана Қытай мен Ресейге 5 миллиард АҚШ долларды құрайтын экспорттық мүмкіндікті қанағаттандыруға болады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекет нақты қадамдар жасады. Дегенмен де, әлеуметтік, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымның даму деңгейінің төмендігі, қаржы тапшылығы, қазіргі заманауи технологияларды қолданудың жеткіліксіздігі сияқты шешімін күтіп отырған мәселелер көп.
Кедейлер және жұмыссыздардың басым бөлігі бүгінде
ауылда тұрады. Ауыл мектептері мен денсаулық сақтау саласында түйінді мәселе жетерлік, көптеген елді мекендер газбен қамтылмаған, таза ауыз суға зәру. Біз өзіміздің азаматтар тұтынатын азық-түліктің шет елдерден әкелуіне тосқауыл қоюымыз қажет. Біз азық-түлік нарқын, бағаны шарықтатуға сылтау іздейтін, алып-сатарлардың билеп-төстеу тәжірибесін тоқтатуымыз қажет. Ауыл территориясын кешенді дамытуға бағытталған ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қабілетті «Ауыл инфрақұрылымы» атты мемлекеттік бағдарламаны дайындап, іс жүзіне асыру (жол және үй салу, балабақшаларын, мектеп, аурухана, мәдениет мекемелерін, мелиорация, электрмен қамту, сумен қамту, газбен қамту, телефон, интернетпен қамту, т.б.). Аграрлық секторда бүгінгі заманауи технологияларды енгізуді ынталандыруға, аграрлық ғылымды, білім мен тәжірибені біріктіру, саланы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, білімді таратуға арналған аудандардағы орталықтар желісін кеңейту, жаңашылдық тиімділігі жоғары жүйені дамытуға бағытталған шаралар кешенін дайындау. Аграрлық ғылымды қаржыландыруды ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің
жоғары деңгейіне жеткізу; Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін
несиелеу және субсидиялау шараларын жетілдіру; Субсидия-лау мен жеңілдетілген несиелендіру тәртібіне өзгертулер ашық түрде енгізілуі қажет; Ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлығын қалпына келтіру және малдың өнімділігін арттыру; Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау және тасымалдауға арналған, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сервистік және несиелеу қызметін көрсететін кооперативтерді құруды ынталандыру; Адамдардың жеке шаруашылықтарының мол мүмкіндіктерін халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, өңдеуді дамыту арқылы жұмыспен қамтуға пайдаланатын уақыт жетті; Жыл сайын шаруалар мен үй маңындағы шаруашылықтардың өнімін тұрақты және әділетті бағамен сатып алуға кепіл бола алатын, бюджеттен қаржыландырылатын, азық-түлік қорларын қалыптастыру; Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне салық салуды жетілдіру, жаңа құрылған аграрлық мекемелерге салық каникулдарын қарастыру; Ауыл шаруашылығы мен ауылдағы әлеуметтік мекемелердің мамандарына үй салуға және сатып алуға субсидиялар қарастыру; Ауылдағы коммуналдық өтемдердің бір бөлігін субсидияландыруды шешу; Ауылға қажетті мамандықтар үшін (ауыл шаруашылығы, педагогика, медицина т.б.) жоғары оқу орындарында мектеп бітірушілерге бюджеттік квота бөлу. Квота аясында оқу бітірген әрбір түлек ауылға оралғанда, қала стандарттарына сәйкес өмір сүру жағдайына сенімді болуы қажет; Жоғары білікті дәрігерлердің ауылдық елді мекендерге үнемі барып тұруын қамтамасыз ете отырып, медицина орталықтарын әрбір елді мекенге бекіту; Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты және оңтайлы пайдалануға бақылауды күшейту. Пайдаланбай жатқан жерлерді шаруашылық айналымына енгізуге бағытталған шаралар қолдану. Жерді беру, қайтып алу тетіктерін жетілдіру. Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты және оңтайлы пайдалануға бақылауды күшейту қажет.
Қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтары дамуының негізгі шарты – тұрақты әлеуметтік даму. Руханият және әлеуметтік даму тең ұғымдар. Осыған байланысты, біз әр өңірдегі, әр саладағы, әрбір әлеуметтік топ арасындағы жалақылардың ара қатынасы өте жоғары екендігін мәлімдейміз. Азаматтардың басым көпшілігінің өмір сүру деңгейінің төмендеп кету қаупі бар. Ауыл шаруашылығы өндірісі жалақы деңгейі ең төмен салалардың біріне жатады. Әлеуметтік саясат біріміздің және бәріміздің ортақ дамуымызға қызмет етуі қажет!
***
26 ақпан күні штаб белсенділері Шығыс Қазақстан облысына табан тіреді. Жұмыс сапарын партия мүшелері Өскемен қаласына белгілі әрі беделді «Айтас МП» ЖШС-нен бастады. Кәсіпорын құс еті өнімдерін өңдеумен айналысады. Зауытта құс етін терең өңдеп, одан шұжық, консервілер, жартылай фабрикаттар дайындайды. «Айтас-МП» серіктестігі жылына 6 мың тонна өнім өндіреді. 4 жылдан соң, зауыт қуаттылығын 12 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Партия белсенділерінің сөйлеген сөзі қатысушылардың қызығушылығын оятты.
***
«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Рүстем Жоламан Борис Фрлецпен кездесті. Кездесу барысында Р.Жоламан миссия жетекшісін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанына дайындық барысымен таныстырып, партияның үгіт жұмыстарына да кеңінен тоқталып өтті.
–«Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы қажетті барлық кадрлық, материалдық және қаржылық ресурстарға ие әрі саяси додаға лайықты деңгейде қатысуға дайын. Барлық деңгейдегі аймақтық штабтар толықтай жабдықталған және жұмысқа қабілетті. Біз аймақтық штаб жетекшілерімен сайлау науқанының барысы жайында таныстырып, оқыту үрдістерін жалғастыру үстіндеміз. Орталық штаб оларды барлық қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық тұрғыда қолдау көрсетіп, тиісті нұсқаулықтар, кітапшалар мен үгіт материалдарымен қамтамасыз етуде, – деді ол.
Сонымен қатар, штаб жетекшісі партияның сайауалды бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырды. Өз кезегінде Б.Фрлец кездесуді ұйымдастырған тарапқа шынайы алғысын білдіре келе миссия сарапшыларының жұмыс бағыттары жайында мағлұмат берді.
***
«Ауыл» партиясының аймақтық штабтары өңірлерде және шалғай ауылдарда үгіт-насихат жұмыcтарын белсенді жүргізуде. 29 ақпанда Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында «Ауыл» ХДПП атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткерлер Т. Сыдықов пен Б. Төлегеннің сайлау-шылармен кездесуі өтті. Үміткерлер партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, сайлаушылар алдындағы мақсат-міндеттерін әңгімелеп берді. Жиналғандар аграрлық саланың дамуы және ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыру тетіктері туралы сөз қозғады.
***
Павлодар қаласында «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабының өкілдері «Ритам» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. «Ритам» ЖШС өңірге белгілі ірі машина жасау кәсіпорны. Зауыт ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арнап, құрал-жабдықтар шығарады. Екі жылдан бері ауыл шаруашылығы техникаларын, жерді суландыру жүйесі мен жабдықтарын сериялы түрде шығару, жобалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, өндіріс орны ауыл шаруашылығы көліктеріне трактор, комбайндарға арнап қосалқы бөлшектер шығарады. Зауыт бүгінде ішкі нарықтан шетелдік құрал-жабдықтарды ығыстырып келеді. «Ритам» ЖШС-нің қызметкерлері кәсіпорынды аралатып, негізгі жұмыс барысымен таныстырды. Республикалық штаб өкілдері осы арқылы аймақтағы ірі зауыттың өндірістік қуаттылығын, мүмкіндіктерін жақынырақ білді. Мұнан кейін «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабының мүшелері еңбек ұжымына «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырды.
«Ауыл» ХДПП Хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Б.Жексембиннің айтуынша, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында аграрлық секторға заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру тетіктерін даярлаудың маңызы мен қажеттілігі көрсетілген. «Бұл үшін аграрлық ғылым, білім және өндіріс тығыз бірлесе әрекет етуі керек», – деді ол.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ел экономикасына айтарлықтай мультипликативті әсер береді. Ол үшін ең алдымен ауыл шаруашылығы саласына және онымен байланысты өзге де салаларға инновацияны алып келу керек», – деп атап өтті партия белсенділері. Айта кету керек, «Ритам» ЖШС өндірісті модернизациялаудың екінші кезеңінен өткен. Бұл аймақ экономикасы үшін аса маңызды, себебі жоғары технологиялы өндіріс елдің экспорттық әлеуетін арттырады.
Шара соңында, партия белсенділері отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және қолдауға бағытталған бағдарламадағы басым бағыттарды жүзеге асыруға уәделерін беріп тарқасты.