Үш күнге созылған Сандықтау ауданында өткен «Хрустальный колос-2016» ХХХ облыстық қысқы спартакиадасы шын мәніндегі спорт мерекесі болып, жоғары деңгейде өтті. Спорттың тоғыз түрі бойынша сайысқа түскен бәсекеге қатысушылар жарысқа зор дайындықпен келгендігін көрсетті. Аса тартысты өткен біріншілікте жүзден жүйрік шыққан жергілікті команда жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі облыстық спартакиада Елбасымыздың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпалын тигізетін маңызды шара болып табылады. Бұқаралық спортты дамытуға елімізде, оның ішінде біздің облысымызда да үлкен көңіл бөлінеді. Ауылдарда спорт залдары, стадиондар ашылып, бұқаралық спортқа ден қоюшылар қатары жыл санап өсе түсуде.
«Хрустальный колос-2016» ХХХ облыстық қысқы спартакиадасына облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан 800-ден астам спортшылар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Үш күнге созылған жарыс өте тартыс-ты болып, көрермен қауымды бейжай қалдырмады. Спорт жарыстары аудан орталығы Балкашин селосында, Шаңтөбе кентінде және Максимов, Приозерный селоларында өтті. Жарыс алаңдары алдын ала дайындалып, зор ұйымшылдықпен өткізілгенін атап өткен артық болмас.
Шаңғы жарысында жергілікті шаңғышылар қарсыластарына дес бермей, алдыңғы орыннан көрінсе, бурабайлықтар мен көкшетаулықтар екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Президенттік көпсайыс үлкен шеберлік пен дайындықты қажет ететін спорт түрі екені белгілі. Осы орайда, Степногорск қаласының көпсайысшылары жарысқа үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Сөйтіп, олар қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, бас жүлдені жеңіп алды. Ал, екінші және үшінші орын сандықтаулықтар мен бурабайлықтардың еншісіне тиді.
Қысқы спартакиаданы тамашалауға келген жұртшылықтың есінде қалар ең қызғылықты жарыс – отбасылық мәре сайысы болғандығын атап өткен жөн. Салауаттылықты насихаттап, дені сау, аяқ-қолы балғадай жас ұрпақты қалыптастыруға негіз болатын бұл сайыс тартымды ғана емес, өте тартысты да болды. Оған ересектермен бірге балалар да қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Кедергілер арқылы жүгіру, иінағашпен шелек толы қарды көтеріп жүгіру сияқты шапшаңдықты және ептілікті қажет ететін сайыста әр өңірден келген салауаттылықты серік еткен отбасылар бар күш-жігерлерін салып, жеңіске жетуге тырысқаны жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. 30 ұпай жинаған сандықтаулық отбасылар бірінші орынды жеңіп алса, 25 ұпаймен шортандылықтар екінші сатыдан, 22 ұпай жинаған бұландылықтар үшінші сатыдан көрінді. Қазағы қалың қорғалжындықтардың жарыстың бұл түріне қатыспай, сырт қалғаны ыңғайсыздау болды.
Шайбалы хоккейден көкшетаулықтар отыз ұпаймен көш бастаса, ал допты хоккейден атбасарлықтардың мерейі үстем болғанын атап өткіміз келеді. Футзал деп аталатын спорт залында өткізілетін футбол сайысында Жақсы ауданының командасы алдарына жан салмады. Мұзайдынында конькимен жарысудан көкшетаулықтар жүлделі бірінші орынды иеленсе, Егіндікөл ауданының командасы екінші сатыдан көрінді.
Қысқы спартакиада бағдарламасы бойынша өткізілген тағы бір тартымды сайыс – балық аулаушылар жарысы болды. Таза ауада, мұз үстінде отырып балық аулау бір жағы ермек болса, екіншіден денсаулыққа да үлкен пайдасын тигізетін спорт түрі екені жұртшылыққа жақсы белгілі. Біліктілікті, шыдамдылықты қажет ететін бұл спорт сайысы жас талғамайды. Оған бала да, қария да қатыса алады. Сандықтаулықтардың бағы бұл жолы да жанды. Отыз ұпаймен жергілікті команда көш бастаса, көкшетаулықтар екінші, шортандылықтар үшінші орынды олжалады. Жалпы командалық есепте 209 ұпаймен сандықтаулықтар бас жүлдені жеңіп алды. Соншалықты ұпай жинаған көкшетаулықтар қала командалары арасында бас жүлдеге ие болды. Жүлделі екінші және үшінші орынды Бурабай мен Атбасар аудандарының командалары бөлісті. Үш күнге созылған қысқы спартакиаданың қызықты және тартыс-ты өткендігін, ұйымдастырушылық деңгейінің жоғары болғандығын атап өтуге тиіспіз. Жарыс өткен спорт алаңдары мен шаңғы жолдары, спорт залдары жақсы дайындалған. Ал, балық аулаушылар сайысы өткен Приозерный ауылында бұл күнді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Владимир Гуйван нағыз спорт мерекесіне айналдырғанын айтқымыз келеді. Ауыл орталығы мен жарыс өтетін аумақта сабан орамдарынан қыс туралы ертегілердің кейіпкерлерін бейнелеген мүсіндер орнатылып, ол мереке сәнін аша түскендей болды.
«Хрустальный колос-2016» ХХХ облыстық қысқы спартакиадасының жалауы түсірілді. Тартысты жарыста жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар лайықты сыйлықтарын алса, олқылыққа бой алдырып, өкініште қалғандар еселерін алдағы жылдың еншісіне қалдырып, ауылдарына қайтты.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.