Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық ұлағаттан нәр бергіміз келеді - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық ұлағаттан нәр бергіміз келеді

Көгілдір көктемнің жан жадыратар жарқын мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Құралай Ыдырысоваға газетіміздің тілшісі жолығып, әңгімелескен болатын. Төменде басшының жеке өмірі, көзқарасы мен ұстанымы және өзі басшылық жасап отырған, негізін қыз-келіншектер құрайтын ұжымның тыныс-тіршілігі туралы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

Өмірдерек: Құралай Ғазезқызы Ыдырысова 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Теңдік ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент  педагогикалық мәдениет институтын, 2001 жылы Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген.  Еңбек жолын Көзашар ауылындағы клуб меңгерушісінен бастаған. Әр жылдары Красноармейск ауданы әкімінің, Көкшетау қаласы әкімінің, Көкшетау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1997-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бөлім басшысы болып еңбек етті. 2007 жылдан бері Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры.     
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. 

 

–Құрметті Құралай Ғазезқызы, сізді және өзіңіз басқарып отырған колледж-де қызмет ететін қыз-келіншектерді Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Сіз осы мерекенің мәнін қалай түсінесіз?
–Бұл күн он сегіз мың ғаламға шуақ нұрын сеуіп, әлемді сұлулығымен нұрландыратын әйел-аналарды қадірлей білудің жарқын үлгісін көрсететін күн деп есептеймін. Ең алдымен аналарымызды ардақтай білсек, қасымызда жүрген қыз-келіншектердің, апаларымыз бен сіңлілеріміздің қадірін біле білсек, қандай тамаша. Тек әттең, осы күн жылына бір-ақ рет аталып өтеді.
–Өмірлік ұстанымыңыз туралы бір ауыз сөз?
–Жаныма ақиқатты, шындықты серік етіп, барша саналы тіршілігімде білімді болуға, адамдарға жақсылық жасауға қолымнан келгенінше ұмтылып келемін. Кез-келген адам қоғамға пайдалы іс тындыруы керек. Мұның өзі ең алдымен менің ойымша, кез-келген адамның отбасындағы тәрбиесіне байланысты. Әсіресе, қыз балалар аналарына жақын болады. Жақсы ананың бауырында өскен қыз балалар да көктемнің мөлдір шуағына малынып, ақ жауынның мөп-мөлдір тамшыларынан нәр алып, күннің көзі жанға жайлы қуатымен күш беріп өсірген қызғалдақ іспетті. Олардың жан дүниесі өзегін оттай қаритын әлдебір аязды лептен тоңбауы керек. Бүгін айта кетудің әбден реті келіп тұр. Отбасында әкем Ғазез бен анам Рәулияның жақсы тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, 1941 жылдың соңында қолына қару алып, Қызылжар қаласынан қан майданға аттанған. Содан тек 1946 жылы ғана от-жалынды кеше жүріп, туған елге оралған. Сол кездегі Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, білім алған. Бұл оқу орны осы қазіргі өзім басшылық жасап отырған білім ордасының алғашқы буыны. Кейін Тайынша ауданында жауапты қызметтер атқарған. Осы ауданның Теңдік ауылында партия ұйымының хатшысы ретінде елдік мәселелерге араласып, туған топырағындағы ата қонысты гүлдендіруге ерен еңбегін сіңірді. Біздің үйдің балалары осындай сүттей ұйыған отбасында асқар таудай әкеміздің, аналық махаббатымен аялаған анамыздың тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Адалдықты әкеден, аяулы болуды анадан үйрендік. Атамыз қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме, біз де солай. Үлкенді құрметтей білуді, кішіні қадірлей білуді бойымызға дарыттық. Ең бастысы, өмір жолында жаныңа серік болатын айнымас асыл қазына – білім екендігін ұғындық. Білімді болуға ұмтылдық. Қазір өткен өмір соқпақтарына көз жүгірткен сәтте осыншалықты тәлімді тәрбие берген ата-анама іштей алғысымды айтамын. Кей кезде әлдебір қиын шаруа, тығырыққа тірелгенде қиял әлемінде сырласатын тұстарым болады. Мен өзім ойға алған шаруамды жеріне жеткізе атқарғанды әдет еткен адаммын. Бәлкім осындай қасиеттен шығар, қай жерде қызмет етсем де ісімді тыңғылықты атқаруға тырыстым. Соның арқасында шығар әркезде еңбегім лайықты бағаланып та келеді. Негізі өзің туралы айтудың ауыр екендігін де білемін. Дегенмен, қол жеткен табыстарым үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын, Алғыс хатын, тіпті, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының Алғыс хатын алғандығымды айта кетсем, ел мақтанды демес. Ал, былайғы айтулы шаруалар үшін Алашқа аты шыққан театр қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов тәрізді тұлғалардың Алғыс хаттарын алып, жылы лебіздерін естіп жүрміз.
–Мәдениет пен өнер саласында еңбек ететін, өз ісіне шын берілген мамандарды тәрбиелейтін білім ошағындағы қыз-келіншектердің еңбегін атай өтсеңіз?
–Біздің педагогикалық ұжымның негізін тәжірибелі, өз ісін жетік білетін мамандар құрайды. Олар әр жыл сайын білім беру саласындағы соны жаңалықтарды, үздік тәжірибелерді, ұтымды технологияларды қолданысқа енгізуде. Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздар қатарынан Галина Кочетованы, Галина Рыбакованы, Нұргүл Жүнісованы, Ұлболсын Мамбетованы, Күлжазира Хабдыразақты, Гүлмира Ордабаеваны, Анна Ефименконы, Екатерина Сидлецкаяны, Мәншүк Омарованы, жатақхана тәрбиешісі Ирина Моисеенконы, Ботагөз Байманованы, директордың орынбасарлары Райхан Батқолдинаны, Гүлнәр Қадырәлиеваны атай кетуге болады.
–Биыл өзіңіз басқарып отырған білім ошағының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Сөз арасында алпыс жылдық тарихы бар айтулы білім ордасының өткен өмір соқпақтарынан, жарқын мысалдарынан түйіндеп айта кетсеңіз?
–Алпыс жылдық тарихтың бір сәтте толайым айтылып шығуы мүмкін емес қой. 1955 жылы кітапхана техникумы ретінде құрылған білім ошағы жылдар өте келе бірнеше мәрте атауын
ауыстырды, бірақ, негізгі мақсаты өзгерген жоқ. Оқу орнына Алаштың ән әлеміне өлмес-өшпес мұра қалдырған Ақан серінің есімі берілді. Қасиетті есімді қастерлеп ұстау үшін, мәртебесін биіктету үшін белсене еңбек етудеміз. Андрей Погорелый, Гүлмира Ордабаева жетекшілік ететін «Жарқын» және «Самоцветы» хореографиялық ансамбльдері аз ғана уақыттың ішінде үлкен табыстарға жетті. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Жарқын» ансамблі халықтық атағын алды. Көкшетау қаласында өткізілген республикалық Дельфий ойындарында «Халықтық би» аталымы бойынша үздік шықса, 2015 жылы Астана қаласында алтын медальға ие болды. Бұл ұжым Түркияның Амассия қаласында өткізілген фольклорлық-этнографиялық фестивальға қатысты. Дизайн мамандығы бо-йынша білім алушылар облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға белсенді қатысуда. 2014 жылы Лолита Хугаева «Замандастар портреті» жұмысымен «Шабыт» шығармашылық жастардың ХVІІ халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды. Мұндай табыс Ақмола облысының мәдени әлемінде тұңғыш рет орын алғандығын айта кетуіміз керек. «Актерлық шеберлік» мамандығы бойынша білім алушылар бірінші халықаралық көркемсөз оқу шеберлері сайысына қатысты. Мұнда Мирас Елубай есімді оқушымыз екінші орынға ие болды. Қазақ ұлт-аспаптары оркестрі Алматы қаласында өткізілген халықаралық байқауда жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Көркемөнерпаздар театры ұжымының режиссері мамандығы бойынша білім алушылар Марий Эл республикасындағы Йошкор-Ола қаласында өткізілген халықаралық фестиваль-лабораторияға қатысып, жақсы қырынан танылды. Кітапхана ісі мамандығы бойынша білім алушылар облыстағы әдеби шараларға үзбей қатысады, оқырмандар конференциясын өткізеді. Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе өткізген жерлес жазушы Естай Мырзахметовтың шығармашылығына арналған шарамыз қала жұртшылығы тарапынан жоғары баға алды. Әрине, табыс көп, оның бәрін бір сәтте түгел айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, қысқартып айтуға мәжбүрмін.       
–Оқу орнының алпыс жылдық мерейтойын қалай атап өтпекшісіздер?
– 2016 жылдың 17 ақпанынан бастап 19 мамырына дейін облыстық  білім басқармасы Ақан сері атындағы мәдениет колледжімен бірлесе отырып, колледж білім алушылары мен мектеп оқушылары арасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және де білім ордасының 60 жылдығына орай, «Жаңа заман талабында көркемдік білім берудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми жұмыстар байқауын өткізеді. Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресейдің оқу орындары студенттері ұжымдарының екінші халықаралық «Дидар» экспериментальдық театр өнерінің фестиваль лабораториясы өтеді. Аталмыш фестиваль ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Білім жылына және колледж мерейтойына арналады. Бұл фестивальдің мақсаты – шығармашылық ұжымдар арасында мәдени байланысты нығайту әрі дамыту. Осы саладағы көркемдік эстетикалық идеялармен алмасу, біліктілікті арттыру. Фестивальға қатысу үшін Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Ресейдің ұжымдары шақырылып отыр. Мамырдың 20-сы күні колледж білім алушыларымен ұжымның 60 жылдығына арналған есептік концертін дайындау үстіндеміз.
–Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мәселелері қалай шешілуде?
–Ендігі бір өзекті мәселе осы. Дағдарыс дауылы шарпыған бүгінгі заманда оқу орнын бітірген түлектер жұмыссыз қалмауы керек. Осы орайда, мәдениет  ошақтары мен білім саласы мекемелерімен және жарнама агенттіктерімен әлеуметтік әріптестік жасауда үлкен тәжірибе жинақтадық. Табысымыз да бар. Жалпы, түлектеріміз сұранысқа ие.
– Соңғы кезде қоғамымызда қыздар тәрбиесі, жөнінде көп сын айтылып жүр. Осы орайда, оқу орнындағы қыздардың тәрбиесі қалай?
–Қыз баланың тәлім-тәрбиелі, инабатты болып өсуіне алдымен отбасының, содан соң қоршаған ортасының әсері күшті екендігі даусыз. Атамыз қазақтың «қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері өмірлік тәжірибеден алынған. Біз өзімізде білім алушылардың бойына инабаттылық, ақылдылық және іскерлік тәрізді асыл қасиеттерді сіңіруге тырысудамыз. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, қыздарымыздың тек тәрбиелі ғана емес, өнерлі де болғандары абзал. Өйткені, дана халқымыз «өнерсіз қыздан без» деген болатын. Негізгі тәрбие әрине, отбасынан басталады. Өз басым ұлттың асыл салт-дәстүрлерімен тәрбиеленген қыздар барынша ұлтжанды болатындығына сенемін. Қасиетті Көкшетаудың көгілдір тауларының бөктеріндегі алқызыл қызғалдақ тәрізді ұлттық ұлағаттан нәр алып, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан әнші, биші, киім тігуші, кітапханашы қыздарымыз ішкі жан дүниесін тәрбие нәрімен сәулелендіріп, жетіліп келеді десем жалғандығы жоқ. Халқымыздың бар асыл қасиеттерін бойына жинаған балауса жастар егемен еліміздің ертеңі. Осы ертеңіміз нұрлы болуы үшін де еңбектеніп жүрміз ғой.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар