Өткен жылғы көктемдегі су тасқынының қаншама қиындық әкелгендігі әлі ұмытыла қойған жоқ. Облысымыздың Қорғалжын ауданының бірнеше елді мекеніне, оның ішінде аудан орталығының өзіне біраз қауіп төнген болатын. Целиноград ауданының Жаңажол, Оразақ ауылдарында 310 үй су астында қалып, көптеген тұрғын баспанасыз қалды. Абырой болғанда, республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, алты ай ішінде Оразақ, Ақмол ауылдарында барлығы 290 пәтер салынып пайдаланылуға берілсе, тағы да 30 пәтер күрделі жөндеуден өткізілді.
Ал, жағдай биыл қалай болады? Ауа райына назар аударсақ, ақпан айының соңында күн жылынып сала берді. Ал, енді жоғарыда аталған аудандарда қардың өткен жылға қарағанда біршама көбірек түсуін ескерсек, биылғы көктем де жайбарақаттықты көтермейтін түрі бар. Әрине, қар күрт ерімей, күндіз жібіп, түнде қатып дегендей қалыпты жағдайда болса деп тілейміз. Дегенмен, өткен жылғы апаттан сабақ алып, тас-түйін дайын отыру қажет.
Наурыздың алғашқы күні Ақмол ауылында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың төрағалығымен өткен жиын осы мәселеге арналды. Жиынға Қорғалжын, Аршалы және Целиноград аудандарының әкімдері, осы аудандардағы селолық округтер әкімдері, облыстық кейбір басқармалар мен департаменттер басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Жиында бірінші болып хабарлама жасаған Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев өткен жылы 7 ауылды су басқандығы, апаттың зардаптарын жою тұрғысында атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, биылғы көктемде орын алуы мүмкін су тасқынының алдын алуға дайындық мәселелерін ортаға салды. Алдын ала болжам бойынша биыл да аудандағы 25 ауылға су келуі мүмкін. Осының өзі-ақ дайындық жұмыстарының қаншалықты маңызды екендігін айғақтайды. Рас, Қосшы
ауылында 7 шақырымдық, Тайтөбеде 1,5 шақырымдық бөгет салынған. Сондай-ақ, Жаңажол ауылында судың жолын бөгеуге қажетті жұмыстар істелген екен. Енді осыған судың жолын бөгеу үшін құм дайындалғанын, бюджеттен қаржы қарастырылғандығы мен жанармай қоры бар екендігін қоссақ, біраз жұмыс жүргізілген екен деуге болады.
Мұнан соң сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары да өздеріне тиісті жұмыстар туралы ақпар берді. Бір назар аударарлығы, селолық округ әкімдерінің біреуі де пікір алмасуға, ой бөлісуге қатыспады. Қанша рет келіп тексерсе де сырт көзге қарағанда сол жердегі жағдайды жергілікті басшылар жақсы біледі ғой. Яғни, не жетіспейтіндігін, қай мәселеге баса назар аудару қажеттігі, өткен жылы орын алған олқылықтардың орнын толтыру сынды мәселелерді жергілікті адамдар толығырақ білуге тиіс қой. Осындай жиында соның бәрін ортаға салу керек еді.
Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдинов те ауданда 8 ауылға топан су келуі мүмкін екендігін айтты. Мұнда да су тасқынының алдын алуға қажетті жұмыстар жүргізілген. Айтпақшы, бұл ауданда осы уақытқа дейін иесі жоқ, қараусыз қалған алты плотина бар екен. Бұл да тез арада шешілуге тиіс мәселе. Әрине, жиында аудан әкімдерінің айтқандарын тыңдай отырып, қай ауданның қаншалықты дайын екендігі туралы ой түю қиын. Аршалы ауданының әкімі Жомарт Нұркеновтың хабарламасынан байқағанымыз ол ауданда қажетті жұмыстар толық жүргізілген сыңайлы. Дегенмен, ауданда Астананы ауыз сумен қамтамасыз ететін су қоймасы бар екендігі мен кезінде бей-берекет салынған үйлері көп, соған байланысты көптеген проблема туындап отырған Жібек жолы ауылына су келу қаупі бар екендігін ескерсек, «бәрі ойдағыдай»
деуге әлі ертерек.
Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей, тек Целиноград ауданының ғана емес, Қорғалжын мен Аршалы аудандарындағы селолық округ әкімдерінің біреуі де ортаға шығып ой айтқан жоқ. Бұл арада бізде ауыл әкімдерін сынайық деген ой жоқ. Алайда, ауылда не болып жатқандығы, қандай жағдай туындау мүмкін екендігін бірінші кезекте солар білуге тиіс қой. Өткен жылы тасқын су ауылдарды басып қалғанда тұрғындардың қалай шулағаны бүкіл республикаға мәлім. Құдай бетін аулақ қылсын, биыл тағы су келіп ел шулағаннан да, ауыл әкімдері осындай жиындарда белсенділік танытып, не қажет екендігін айтқандары дұрыс еді. Алайда, тағы да қайталап айтайық, олардың ішінен «басын ауыртқан» ешкімді байқамадық. Ертең су келгенде аяғына резеңке етік киіп «ерлік көрсеткенше» бүгін батылдық таныту қажет еді. Өкінішке орай, «үкімет өлтірмейді», «көппен көрген ұлы той» деген сияқты пейіл байқалады.
Жиында атқарылуға тиісті жұмыстардың бәрі дер кезінде аяқталуға тиіс екендігі, ол үшін қатаң сұрау болатындығы ескертілді. Бұл әсіресе, «жиналыс қашан бітеді» дегендей, қаннен-қаперсіз отырған кейбір ауыл әкімдеріне сабақ болса игі. Енді екі-үш аптадан соң көктем өз күшіне енеді. Сол кезде кімнің қаншалықты дайын екендігі белгілі болады. Ал, әзірге қалған шамалы уақытты тиімді пайдаланып, өткен жылғыдай оқиғаларға жол бермеуді ойлау керек. Ойлау ғана емес, нақты іс қажет.
Талғат ҚАСЕН
Целиноград ауданы.