Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «25 қайырымды іс» жобасы аясында жарыққа шыққан Қуаныш Оспанның «Ауылдың баласымын» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен қалалық «Достар» мәдениет сарайында өткен шараға келушілер көп болды. Берісі Бурабай, Бұландыдан, әрісі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлихан ауданынан ат арытып келген қонақтар аз болмады.
Жыл басындағы Жамбыл облысында тас жолға тасталған шақалаққа арналған «Жанайқай» атты өлеңімен жалпақ жұрттың ықыласына бөленген Қуаныштың қазіргі аяқ алысы болашағынан зор үміт күттіреді. Айтыс ақыны ретінде танылған оның осы кеште көпшілікке беймәлім басқа да қырлары ашылды. Кеш шымылдығын Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің театр актері бөлімінде оқитын Айжан Оспанованың шәкірттері ақынның өлеңдеріне құрылған көрініспен ашты. Содан кейін сахнаға шыққан Оюлы Қуаныш Оспан: «– Қасиеттім менің, киелім, сүйемін сені, сүйемін…»,– деп Көкшетауға арнаған өлеңін оқып, көрермен қошеметіне ие болды. Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Құдайберлі Мырзабек алғысөзін жазған кітапқа филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат ғылыми талдау жасап, кітабының байғазысы ретінде астына ат мінгізді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның құттықтау сөзінен кейін Нұртас Ахат екеуі кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова мен қала әкімдігі атынан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова құттықтап, сыйлық жасады. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданы әкімдігінің өкілдері ақынға жұрт алдында шапан жауып, кітаптың көрімдігін берді. Сонымен қатар, Петропавл қаласынан достары Жарқын Жұпархан, Аманжол Зағыпар, Нұргүл Оқашева келіп, арнау өлеңдері мен сыйлықтарын табыс етті. Қарағанды қаласынан Қуаныштың қуанышына ортақтасайын деп келген ұлттық спорт федерациясының халықаралық дәрежедегі жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай да жолынан жығылған жоқ. Көкшетаулық ақынға қошеметтеп, ат мінгізді.
Жамбыл облысынан әнші, сазгер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі келіп, Қуаныштың «Жанайқай» деген өлеңіне ән шығарып, оны тұңғыш рет Көкшетау сахнасында орындады. Мұңлы өлең мен зарлы әуен сол жантүршігерлік оқиғаны көрерменнің көз алдына елестетіп, көңілін босатты. Ән орындалып бітісімен көрермен аяғынан тік тұрып, авторларға қол соғып, қошемет көрсетті. Астанадан келген актер, «Най Продакшен» киностудиясының директоры Берікқан Төкенов осы әнге бейнебаян түсіруге уәде етті. Елордадан келген бір шоғыр қонақтардың ішінде ақын Қалқаман Сарин мен айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин өлеңдерін оқып, Bagorda медиа агенттігінің продюсері және бас директоры Мәди Манатбек құттықтап, Көкшетау топырағында тамыр жайған талантқа жылы лебіздерін білдірді. Ал, ақынның өнер жолындағы ағалары Алмас Темірбай, Арман Бердалин мен достары Саян Есжан, Бақытбек Бекмұрат, Нұрислам Әбділ, Мұхамед Қоңқаев, Мерген Тоқсанбай сияқты жас ақындар құттықтап, арнау өлеңдерін оқыды.
Үш сағатқа созылған концерттік бағдарламада автордың сөзіне жазылған бірнеше әндері шырқалды. Солардың ішінде Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатайдың әніне жазылған «Ауылға сәлем» деген әнінің тұсауы кесілді. Концерт соңы әнін де, сөзін де Қуаныш жазған әнші Аслан Мұхамедиярдың репертуарындағы «Ауылдың баласымын» атты әнімен аяқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.