Облыс әкімі Сергей Кулагин Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымын театрдың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Актерлердің сахнадағы дайындығына облыс әкімінің ескертусіз келгені әсерлі болды. Театрдың 20 жылдығымен және осы ұжымдағы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы жүрекжарды лебізін айтты.
– Мен театрды жанымдай жақсы көремін. Актерлердің ескі заманда өмір сүрген адамның рөліне кіріп, соны ойнап шығатын шеберлігі таң-тамаша қалдырады. Сіздердің көптеген рөлдердің сөзін ұмытпай, шатастырмай есте сақтайтын қабілеттеріңізге де тәнтімін, – дей келе, – Біз бұл қалаға 1999 жылы келгенде қала қандай күйде еді? Не жылу, не жарық, не су болған жоқ. Осы қиын-қыстау кезеңді сіздермен бірге өткердік. Қазіргі осы сәулетті, жайлы театр ғимаратын заңдастыру да оңай болған жоқ. Кейін оны күрделі жөндеуден өткізіп, қайта ашылғанын мен де сіздердей тағатсыздана күттім. Театрдың басы-қасында жүріп, осы бастаған ісімді тиянақтап кеткім келді. Ол ойым іске асты. Мен Қостанай, Торғай және Ақмола облыстық театрларын аштым. Бұл менің өмірімдегі мақтанышпен айтатын еңбегімнің жемісі. Міне, біздің театр 20 жасқа толып отыр. Бұл сәбидің ер жететін, ер жігіт ел ағасына айналатын уақыт. Басшы ретінде актерлерге де, театрға да көмек қолын созудан тартынған емеспін. Республикалық, халықаралық фестивальдер болсын, актерлердің жолына, керек-жарағына қажетті қаражатты тауып беруге тырыс-тым. Себебі, жұрт бізді осы өнеріміз арқылы бағалайды, театрымыз арқылы таниды. Білікті мамандарды осы ұжымда ұстап қалуымыз үшін, олардың табысты еңбек етуі үшін жағдай жасауымыз керек. Сондықтан, мен театрдың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар баспанасыз актерлерге пәтер беруге уәде етемін, – деп сөзін түйіндеді.
Сонымен қатар, театр ашылған күннен бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысоваға, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегерлері Жарас Қалдаров, Төлеубек Көңбай, Бағлан Иманғазинов, Жанар Құсайынова, Айна Жүнісова, Қайрат Мырзаболатов пен Құмарбек Қалқатайға сыйақы берді. Кездесуде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспановқа Мәдениет министрлігінің Алғыс хатын табыс етті.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.