Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған - АРҚА АЖАРЫ

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған

Соңында өлмес мол мұра қалдырған, ғасыр жасаған қазақтың ұлы ақыны, жыршысы Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 170 жыл толып отыр. Он үш жасынан бастап қолынан домбырасын тастамай, өле-өлгенше жырлап өткен шайырдың ертеректегі өлең-жырларының көбі сақталмаған. Соған қарамастан, бізге жеткен шығармаларының көлемі он төрт мың тармақтан асады екен. Бұл негізінен 1936-1945 жылдар аралығында жазған өлең, жырлары.

Жамбыл Жабаев 1846 жылдың ақпан айында қазіргі Жамбыл облысының аумағындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол қазақ елі үшін аласапыран аса қиын кезең еді. Солтүстік аймақтардың шұрайлы жерлерін  Ресей отаршылдары иеленіп, қара халықты ығыстыра бастаса, оңтүстік аймақ Қоқан хандығының тепкісінде қалды. Әкесі Жапа сіңірі шыққан кедей болмаса да, аздаған дәулеті бар еті тірі шаруа болатын. Күнкөріс қамымен Жамбыл бала жастан жалшы болып, қой бақты.
Жамбылдың шыққан руы Екей сөз өнері қонған ақын-жыршылар көп шыққан әулет болған. Ол туралы: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын» – деген қалжың өлең бар. Жамбылдың әкесі ауыл ішіндегі дау-дамайларға төрелік айтатын, әулет ағасы болса, анасы Ұлдан ойын-тойларда әу деп домбырамен ән салатын әдемі қоңыр дауысы бар өнерлі адам болыпты. Осындай отбасынан шыққан Жамбыл да бала жасынан өнерге жақын болып өседі. Ақындық екінің бірінің басына қона салмайтын Алланың берген бағы екені белгілі. Өзінің ақын болуы жөнінде оның өз аузынан айтты деген мынадай әңгіме бар. Қой бағып жүрген бала Жамбыл бірде қыр басында отырып мызғып кетеді. Түсінде ақ сақалды қария келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» депті. «Өлең» деген бала оянып кетеді. Содан әлдебір қуат бойын кернеп, көкке көтерілгендей ғажап күйге түседі. Кешкілік малды ауылға әкелген соң үйдегі ескі домбыраны алып шертіп-шертіп, өлеңді төгіп-төгіп жібереді. Сонда күнұзақ кеудесін қысқан белгісіз қуат лықсып төмен түскендей бойы жеңілдеп қалады. Міне, сол кезден бастап Жамбыл ақындық пен жыршылыққа ден қояды.
Баласының өнер жолына түскеніне дегенмен, әкесі алғашында қарсы болады. Ақындықты қайтесің, онан да мал бақ, дүние тап деп заман ағымына бейімдегісі келеді. Бірақ та, бала Жамбыл әке сөзіне келіспей, сөз өнерін мәңгі серік етуге бел байлайды. Ол «Ақын болдым он үште» деген өлеңінде:
Ақын болдым – он үште,
Алатын құстай тарандым!
Алды-артыма қарандым,
Шарықтадым әр жерде,
Келгенінше шамамның, –
 дейді. Осылайша он үш жасында ақындыққа ден қойған Жамбылдың атағы көп ұзамай ауылдан асып, аймаққа тарала бастайды. Оның ақындыққа шындап бет бұруы өзі ұстаз санайтын атақты Сүйінбай ақынмен кездесуінен кейін болған сияқты. Бұл кезде Жамбылдың жасы он бестер шамасында еді. Сүйінбайдың батасын алу үшін бала Жамбыл оның үйінің сыртына келіп, домбырасымен өлеңді бірінен соң бірін төгілтеді. Алғашында ауыл арасында ерігіп жүрген желөкпелердің бірі ме деп онша құлақ аспаған Сүйінбай ақын оның өлеңдерінің шымырлығы мен татымдылығын сезінген сайын беріле тыңдауға көшеді. Өрелі өлеңдерімен қарт ақынның құлақ құрышын қандырған бала ақын сөзінің соңында:
Ардақты үйдің иесі,
Бата бер менің жырыма.
Қуат бітіп үніме,
Көңілін тапсын елімнің.
Жар бол да, өзің жәрдем ет,
Жібер мені бір демеп, –
дейді. Разы болған Сүйінбай ақын оған ақ жол тілеп, ақ батасын береді. Сөйтіп, атақты ақыннан  бата алған Жамбылдың өнер әлеміндегі ұзақ жолы басталады.
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.                      
Сырлы сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай.    
Сүйінбай деп жырласам,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай, –
деп жас ақын ұстазының өсиетін өле-өлгенше жадында ұстап, ақын атын төмендетпей, әрдайым өнердің биіктерінен көрінеді.
Ел таныған ақын болу үшін сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасуы керек еді. Жамбыл да осы жолдан өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді. Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны  Жаныспен айтысып, оны жеңеді.  «Менің пірім – Сүйінбай» деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтқан екен. Жас ақынның «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» сияқты белгілі өлеңдері сол шамада шығарылған. Қыз бен жігіт айтысының озық үлгісі сынды атақты «Айкүміспен айтысы» да осы тұста болады.
Одан кейін «Сәт сайланарда», «Жалғызбын деп жүрмесін»,  Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болуына байланысты көңіл айтуы, «Өсиет», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті» тәрізді белгілі өлең, толғаулары туады.
Жамбыл 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы Жетісу өңірінің ең атақты ақыны Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетеді. Сөйтіп, Жамбыл осыдан былай Жетісу өлкесіндегі теңдессіз ақынға айналады. Бірақ, айтыстан кейін де екі ақын бірін-бірі құрметтеп, ардақтап өткен. Атақты Бақтыбай ақынмен кездес-кенде Жамбыл:
Қаздай қалқып, ерінбей,           
Өлең тердім жасымнан.            
Майкөт ақын, Құлмамбет        
Орын берді қасынан, –
деп айтыста өзі жеңген ақындарға құрметпен қарайтынын білдіреді.
Ақынды елдің құрмет тұтып, сыйлауы, қадірлеуі оның шырылдаған шындықты бетке айтатын батылдығы, әділетсіздікке төзбейтін шыншылдығы десек, Жамбылдың «Сәт сайланарда», «Шалтабайға», «Мәңке туралы», «Қалиға» сияқты өлендері – сондай шығармалар. Сәт болыстың елдің сорын қайнатқанын ел көзінше бетіне басса, старшина сайланып келген Көкімге:
Әлде бекіп келдің бе,
Арын сатып бетіңнің?                            
Бір тояйын дедің бе,
Ақысын жеп жетімнің? –
деп, жетім-жесір, жарлының ақысын жегіш, жемірлігін бетке басады.
Қос ғасырдың куәсі болып, жүз жасаған ақынның бүгінде сақталып, ұрпаққа мұра болып жеткен шығармаларының дені кеңес заманында жазылған дүниелер. Өнерді идеологиялық құрал ретінде шебер пайдалана білген коммунистік партия басшылары ел ішінде атақ-беделі бар өнер иелері арқылы өз саясаттарын жүргізуге ерекше көңіл бөлді. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан өнер қайраткерлерінің онкүндігі өтіп, сонда Жамбыл ақын жарқырай көрінді. Міне, осыдан кейін Кеңес үкіметі ақынға арнайы хатшы тағайындап, сол арқылы дүниеге келген ақынның өлең-жырларын түгел қағазға түсіріп, жариялап отырды.
Жамбылдың «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы жалпақ әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес,  «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.
Ақын ретінде Жамбылдың атағын асқақтатқан Ұлы Отан соғысы жылдарындағы отты жырлары болған еді. Әсіресе, қоршауда қалып, аштықтан, суықтан қалжыраған Ленинград халқына арнап жазған «Ленинградтық өренім» өлеңі орыс тіліне аударылып, қоршаудағы ленинградтықтарға ғана емес, барша совет халқына рухани қуат бергендей болған еді.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін, –
деп бастаған ақын бейбіт елге соқтығып, құлдыққа салғысы келген астам жаудың жеңіліп, қайтадан бейбіт күндер келеріне сенетінін айтып, өлеңмен қуат, жігер беріп, болашаққа үмітпен қарайтынын аңғартады:
Жылан басы жаншылар.
Жау түнегі аршылар,
Тағы сайрар бұлбұлдар,
Тағы жайнар жұлдыздар,
Масайрасар ұл, қыздар.
Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау, әрі  жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы болды. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен  өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып суырып салма үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деген еді
Сәкен Сейфуллин.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа-ты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Бүтін бір облысқа есімі беріліп, ел жадында сақталған от тілді, орақ ауызды дауылпаз ақынның жырлары тәуелсіздігін алып, әлем таныған Қазақстан атты мемлекетпен бірге жасап, замана көшімен мәңгілікке бет түзеп барады.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар