Мектептерде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсудің шарттары түсіндірілді.
Академияның күндізгі оқу бөліміне орта білімі бар, 16 жасқа толған, 25 жастан аспаған, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін, әскери қызмет пен оқуға денсаулығы жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп, «полиция лейтенанты» арнайы атағы мен «бакалавр» академиялық дәрежесі беріледі. Академияның күндізгі бөліміндегі оқу кезеңі міндетті әскери қызметін өтеуге теңестіріледі және құқық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне есептеледі. Курсанттар тегін киіммен және арнайы жарақтармен қамтамасыз етіледі, ай сайын шәкіртақы, сондай-ақ демалыс уақытында тұрғылықты тұратын жеріне және кері қарай теміржол көлігінде жол жүру құны төленеді.
Академияға қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі, конкурстық іріктеу Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен әзірленген технологиялар бойынша өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша берілген мемлекеттік сертификаттың ұпайларына сәйкес медициналық, физикалық және психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады. Кешенді тестілеу Қазақстан тарихы, қазақ немесе орыс тілі, математика пәндері бойынша өткізіледі.
«Құқық қорғау іс-әрекеті» мамандығы бойынша бейіндік пән – география. ҰБТ (КТ) жалпы ұпай көрсеткіші 50-ден кем болмауы керек (бейіндік пән – 7 балл, қалған пәндер 4 балдан кем емес). Үгіт-насихат жұмысына 4 курс курсанты Б.Қазыбаев белсене қатысып, аталмыш оқу орнының тұрмыс-тіршілігі жайлы толығымен баяндап берді. Қосымша ақпаратты Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен алуға болады.
Мақсұт ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Көкшетау қалалық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, әділет майоры.