Қазақстан Республикасының толықтырулар мен өзгерістер енгізілген жаңа Еңбек кодексі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Әлем елдерінің еңбек заңдарының озық тәжірибелерін негізге ала отырып дайындалған жаңа Кодекс 204 баптан тұрады. Бүгінде көп адамдарды толғандыратын жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы еңбек қатынастары жаңа Кодексте қалай реттелген деген мәселе төңірегінде «Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Галина Сенченкоға бірқатар сауалдар қойған едік.
– Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы еңбек шартының мерзімі қалай белгіленеді?
– Жұмыс берушінің еңбек шартын белгіленбеген мерзімге жасауға құқығы бар. Сондай-ақ, жедел еңбек шарттарын жасау жағдайында жұмыс беруші еңбек шартын ең жоғары шекте екі реттен аспайтын қайта жасау құқығымен 12 айдан кем емес мерзімге жасай алады.
– Жұмыстан қысқарту немесе толық емес жұмыс күніне, не басқа жұмысқа ауыстыру жайы қалай шешіледі?
– Жаңа Еңбек кодексінде еңбек шартының талаптарын өзгерту шаралары біршама жеңілдетілген. Жұмыс берушінің жұмысшылар санын қысқартудың орнына оларды толық емес жұмыс уақыты кестесіне, болмаса басқа жұмысқа уақытша ауыстыруға мүмкіндігі бар. Уақытша басқа жұмысқа ауыстыру мерзімі былайша анықталады:
— бос тұрып қалудың барлық кезеңін қамтитын мерзімге;
— өндірістік қажеттілікке байланысты жыл ішінде үш айға дейінгі мерзім жағдайында.
Жаңа Кодексте жұмыс берушінің қызметкерді кез-келген бос жұмыс орындарына ауыстыру құқығы қарастырылған.
– Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау барысында белгіленетін сынақ мерзіміне қатысты қандай өзгерістер бар?
– Жұмыс берушіге қызметкерлердің кез-келген санаттары бойынша ұзақтығы үш айдан аспайтын сынақ мерзімін белгілеу құқығы берілген. Ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, филиалдар, ұйым өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылады.
Жұмыс берушіге кез-келген сынақ мерзімі кезеңінде еңбек шарттарын бұзу құқығы берілген.
– Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды жұмысқа алу жайы жаңа Кодексте қалай қарастырылған?
– Кодексте заң негізінде үстеме жұмыстарға мүгедектерді тартуға тиым салынады. Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдану және қысқартылған жұмыс уақыты (аптасына 36 сағаттан артық емес) туралы нормалар да бұрынғы заңдағыдай өзгеріссіз қалдырылды. Ұжымдық шарт шеңберінде оны ұзарту мүмкіндігімен 6 күнтізбелік күнде І және ІІ топтағы мүгедектерге арналған қосымша демалыстың ұзақтығы кемітілді.
– Жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу жайы заңда қалай айқындалған?
–Жаңа Кодекске сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты мынадай жағдайларда бұзылуы мүмкін:
1) өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұжымның еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты маманы өзінің лауазымдық қызметіне сай біліктілігі жөнінде тексеруден қайтадан өтпеген жағдайда;
2) белгісіз себептермен қызметкердің бір айдан астам жұмыста болмауына байланысты;
3) жұмыс берушінің қаржы ахуалының нашарлауына байланысты өндіріс көлемінің төмендеуіне орай, егер ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, қызметкерге хабарлай отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы.
4) қызметкер зейнеткерлік жасқа жеткен кезде еңбек заңдарында көрсетілгендей жұмыс беруші өз бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға құқылы. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерге кем дегенде бір ай бұрын ескертуі міндетті. Сонымен бірге, жаңа Кодексте қызметкердің қабілеттілігі мен біліктілігі ескеріліп, жыл сайын еңбек шартын ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.
– Жұмысқа ақы төлеу жайы заңда қалай реттелген?
– Жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселелері жаңа Кодексте екі жақты шарттар мен жұмыс берушінің актілерінде айқындалған деңгейден төмен болмауы нақтыланған. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып және түнгі уақытта, демалыс күндеріндегі мерзімінен тыс жұмыстар ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Тараптардың келісімімен үстеме жұмысқа үстеме жұмыстың бір сағаты үшін тынығуға кемінде бір сағат беру есебімен тынығу сағаттарын ұсынуға жол беріледі.
Сұхбаттасқан Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.