Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы ағаға қарасақ - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы ағаға қарасақ

 Бұл өмір адам баласы үшін несімен қымбат, несімен ыстық?! Мұны жалпы ортақ бір жауаппен дөп басу қиын. Әркімнің өз көзқарасы, өз ойына түйгені бар. Бірақ, көбіміз үшін сайып келгенде, өмірдің мәні, мағынасы біреу. Ол – мына толғауы тоқсан тіршіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, жеткізген ұрпағың, алған асуың, азды-көпті қанжығаңа байлаған абыройың мен беделің. Бұйрықты күні талайдың тарау-тарау ізімен өрілген өткен жылдарыңа елеңдей қарағаныңда, мынау менікі дейтін өз жолың, өз белес-бедерің жатса, қамшының сабындай қысқа ғұмырда одан асқан ішкі бір шүкіршілік-тәубең болар ма?!

 

Сол үшін де күніге бір ұмтылып, ғұмыр кешіп келе жатқан Өтелбай ағаның да өткен өмірі бүгін бар, ертең жоқ болатын сағым емес, кәдімгі ойлап кетсе көңілін нешеме әрі-сәрі күйге бөлейтін тірлік тауқыметі, сосын ырыздығы дегеніміз жөн. Қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Кіндік ауылдық кеңесіне қараған Қызылсая ауылында шаруа отбасында дүниеге келген бұл кісінің  балалық шағы болған жоқ. Балалық шақ әрине, әр баланың пешенесіне жазған, алаңсыз, қамсыз  керемет бір өмір үлесі. Алайда, қаршадай ұл мен бауырлары үшін оның өзі ауыртпалықпен, қайғы-қасіретпен өтсе, сол балалық шақтың болғанынан да болмағаны. Өтелбай ағамыздың да пешенесіне жазғаны сол еді. Соғыс жылдары тыл жұмысы қай ұлды ерте есейтпеген?! Ол қиын-қыстау кезеңнің де шет-жағасын біраз көріп,  енді 11-ге тола бергенде анасы Күлзейнептен айырылып, бала көңіл тіпті  не істерін білмей, сансырап қалады. Әкенің қартайған шағы. Сондықтан, үйдегі естияры өзі. Үй шаруасы, одан колхоз жұмысы. Бұғанасы қатпай жатып кетілсе де, өзін-өзі алғы күнге жетелей білген, жетіле білген ағамыз сонда да қатарынан қалмай,  талпынып жүріп, сол кездегі төңірекке кеңінен мәлім Қызылсая орта мектебін бітіреді.
Әрі қарай талаптыны жерде қалдырмайтын өмір асуы. Мектепті қазақша бітірген мұны тың игерумен үдей түскен солақай саясаттың салдарынан Қарағанды тау-кен институтына маңайлатпай, орысша емтиханнан құлатып жібергенде іші удай ашыған. Жастайынан бала арманы геолог болу еді. Көзін ашқалы ондайды көрмесе де, естуі, оқуы бар, әйтеуір, неге екені белгісіз, осы мамандыққа жүрегі алып-ұша беретін. Содан, оқудан жолы болмаған соң, келесі жолы өндірістен келіп түсіп кетермін деп Қарағанды облысындағы Жәйрем кен ба-йыту комбинатының Жомарт геологиялық барлау партиясында бұрғылаушы болып қалып қойды. Кейін жастық жігерімен аға бұрғылаушылыққа жоғарылатылды. Осы бетпен ойлаған мақсатына да жетер ме еді. Алайда, сол баяғы қол байлаған үй-ішінің, жасы келген әкенің жағдайы қайта алып келіп, ауылға тұрақтатты. 1958 жылы Пет-ропавл бухгалтерлік техникумын тәмамдап, Көкшетау қаласының іргесіндегі Шағалалы ауылында орналасқан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жас маман болып барады. Сол жерде өзін танытып, бөлімше есепшісінен бас бухгалтердің орынбасары қызметіне дейін көтеріледі.
Бұл арада әрине, кейіпкеріміздің ел қатарлы қызмет бабымен жүріп-тұрған жерінің бәрін тізіп шығу шарт емес қой деп ойлаймыз. Сонда да Өтелбай ағамыздың заман, уақыт ыңғайына қарай жұмыс бабымен көшіп-қонған аудандары мен шаруашылықтарының бәрінде жақсы ізі, ақ адал маңдай терінің өтеуі мен жемісі қалғанын айрықша айта кетуіміз керек. 1961-1967 жылдар аралығында Көкшетау ауданының «Бұлақ» кеңшарында бас бухгалтер қызметін атқара жүріп, бухгалтерлік есеп пен диспетчерлік қызметті толық автоматтандыру жүйесіне көшіру жолында көп тер төкті. Соның арқасында бұл кеңшар облыстық есептеу орталығының базалық шаруашылығына айналды. Ал, сексенінші жылдары Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас бухгалтері, кейін осы басқарманың жоспарлау бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтеріне сатылап өскенінде де, өндіріске жаңа жұмыс әдістерін белсене енгізушілер қатарынан көрініп, озық іс-тәжірибені үйренбекке облыс делегацияларын басқарып, 1980 жылы Жамбыл облысы Мерке ауданының Роза Люксенбург  атындағы кеңшарына, ал, 1983 жылы Украин КСР-іне сапар шекті.
Бұдан кейін экономикасы ауырлап тұрған шаруашылықтарды нығайту жөніндегі Үкімет қаулысына сәйкес әр жылдары Щучье ауданының Жамантұз мамандандырылған мал бордақылау бірлестігі мен «Фрунзе» кеңшарына бас бухгалтерлік қызметке ауыс-тырылып, өзін тағы да іскер де білікті маман ретінде көрсете білді. Алғашқысына  үнемі жаңашылдықты қолдайтын Өтелбай ағамыз өз еркімен барып еді. Ондағы ойы күре жолдың үстіндегі сырт қарағанда тәп-тәуір осы шаруашылықта жұмысты дұрыс жолға қойып, жұмысшыларға еңбекақы төлеуде ынталандыру жүйесін, шопандар мен трактор-егіс бригадаларына шаруашылық есепті енгізу болатын. Өрелі азаматтың бұл құлшынысының, есеп-қисапқа жетіктігінің нәтижесі көп күттірмеді. Шаруашылық таза пайда тауып, жұмысшыларға 18 айлық еңбекақы көлемінде он үшінші қосымша сыйақы есептелді. Дегенмен, бұған жоғары жақта күмән туып, Қаржы министрлігінен тексере келгенде бәрі дұрыс болып шықты. Сөйтіп, тиісті сыйақы жұмысшылар қолына тиді. Осылайша сол кездегі озық жұмыс әдістерімен есеп жүйесін жетілдіруді, қарапайым еңбек адамына осындай бір жанашырлықпен қарауды, бас маман келесі шаруашылықта да жалғастырды.
Өтелбай ағамыздың жүрген жерінде құт дарытатын осы бір қырлары заманның жаңа лебі ескенде, Бурабай агроөнеркәсіп комбинатында да кәдеге аспай қалмады. Бұрынғы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жаңа атаумен қайта құрылып, нарық заңына бейімделе бастаған тұсы еді бұл. Республикамызда тәжірибе ретінде тұңғыш рет қолға алынған алты комбинаттың бірі – бұл құрылымның  құрамына 48 шаруашылық пен кәсіпорын біріктіріліп, олардың есеп-қисабы бір орталықтан жүргізілді. Әрі бухгалтериялық жылдық есептің өзі тікелей Ауыл шаруашылығы  министрлігіне беріліп отырды. Мұның өзі қызмет жолында көпті көрген, бірақ, нарықтық қатынастарға басқалардай енді ғана бойлай түскен комбинат басшысының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Өтелбай Елбергеновке де жауапкершілік үстіне жауапкершілік жүктеген.  Алайда, сол сыннан да сүрінбей өткен ағамыз тап осы жолы бухгалтерлік, қаржылық  білігін одан сайын үстеп, бүгінгі аудиторлық қызметіне де өз бейімі мен икемін тапқандай болған.  
Бойындағы бары, алдындағы жұмысымен шектелмейтін тынымсыз жанға өмір көкжиегі қашанда кең. Өтелбай аға да сол кездің өзінде айналасын жаңа бір көңіл құштарлықтарымен, соны жос-парларымен елең еткізіп жатты. Алғаш Үкіметтің кәсіпкерлер туралы шыққан заңын әрі-бері мұқият ой елегінен өткізіп, Бурабайдың баурайындағы Балпашсор көлінің саз балшығының  емдік қасиетін анықтауға кірісіп кетті. Сөйтіп, жанына медицина ғылымдарының кандидаты Әліп Байтышқановты серік етіп, Денсаулық сақтау министрлігінен оң сараптамасын алған соң, осы көлдің емдік саз балшығына бір қолдан бас-көз болды. Абылайхан ауылындағы малшылар үйі қайта жабдықталып, тұрғындар сонда денсаулықтарын түзеп, бұл бастаманың біраз пайдасын көрді.
Осылайша Өтелбай ағамыз үшін  көрікті Бурабай жерінде  өткен 11 жыл шын мәнісінде қалыптасып өсу, адал да қажырлы еңбегімен елге танылу, көптің бір кәдесіне жарау кезеңі болды. Көптің кәдесіне дегенде, тіліміздің ұшына елдің кәдесіне деген сөздің де келіп қалуы тегін емес. Өйткені, жоғарыдағы бір басына жетерлік жұмысымен қатар, ағамыз жастайынан фотосуретке түсіру өнерімен де шұғылданып, одан әрі бұл ынта-ықыласы кино камераға ойысып, деректі фильмдер жасап, Алматыда өткен әуесқой киногерлер байқауында  екінші жүлделі орынды жеңіп алған жан.
Бұл жетістігі 1987 жылы облыста бірінші болып жапонның «Панасоник» бейне камерасын сатып алып, осы іспен ден қоя айналысуына жол ашады. Сөйтіп, сексенінші жылдардың соңынан бастап тәуелсіздігіміздің таяп қалуымен және келуімен өңірімізде бірінен соң біріне ұласқан ұлыларымыздың астары мен мерейтойлары, ақындар айтыстары, түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен концерттік бағдарламалар, спорт шараларының бірде-біреуі  Өтелбай ағамыздың жоғарыдағы бейне камерасының объективінен  тыс қалмайды. Мәселен, Абылай ханның 280 жылдық торқалы тойынан түсірілген ұзын-ырғасы 39 сағаттық 15 бейнетаспа, Кенесары ханның, Ақан серінің тойларындағы әрқайсысы төрт-төрттен 12 сағаттық 8 бейнетаспа нағыз сол ұлт рухының жанды шежіресі дерсіз. Мұның сыртында Шоқанның 150 жылдығынан, басқа да осындай тарихи сәттерден белгі болып қалған  бейнетаспалар қаншама. Олар аға шаңырағының бір бөлмесінің жарты қабырғасына жуығын алып тұр. Ол кезде Көкшеде кезінде бір ашылып, бір жабылған телевидениенің де әлі болмағанын ескерсек, бұл – жұрт той тойлап жүргенде, камераның құлағын ұстап,  жанкештілікпен жасалған қыруар шаруа. Бүгінде арамызда жоқ талай асыл бейнелермен сол ұқыптап, аялап ұстаса көнермес, бүгінгі жаңа техникамен жазып алса мәңгілік  өшпес бейнетаспалар арқылы ғана табысуға болады.
Демек, Өтелбай ағамыз осы бір жан-жақтылығымен біз үшін тек ауыл экономикасына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, сонымен бірге, ұлт руханиятына да  елеулі үлес қосуымен қымбат. Мейірімге толы көркем жүзі, асқан кішіпейілділігі мен бауырмалдығы осы өнер – кино өнерінде де  өз басын талай жақсы-жайсаңдармен табыстырып, етене жақын қылып жіберген. Солардың бірі – сол біз айтқан тойларда зыр жүгіріп, ұлылар аруағына қалтқысыз қызмет етіп жүрген ағамыздың еңбегін жоғары бағалап, дос көріп кеткен атақты композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов.
Жылдар жылжып, қоғам өзгерді, ел аузында жақсы жағынан ғана аты шыққан Өтелбай Елбергеновтің де заман ағымымен өзін тағы бір қырынан сынап көруіне мүмкіндік туды. Осылайша бұдан 20 жыл бұрын, яғни, 1996 жылы «Есеп және аудит» аудиторлық фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұған сол кезде есеп-қисаптан мол тәжірибесі де, осы саладағы адал қызметі де әбден негіз боларлықтай еді. Бүгінде солай болып шыққанына осы істің ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін әріптестерінің де, республикамыздағы аудиторлық қызметтің тізгінін ұстап отырған басшылардың да толық көздері жетіп отыр. Өткен уақыт ішінде серіктестік 98 кәсіпорын-ұйым, мекемеге аудиторлық тексеріс жүргізіпті. Олардың ішінде осы кеңсенің қызметіне жүгінген «Алтынтау» кен байыту комбинаты, «Көкшетау минералды сулары», «Көкшетау әуе компаниясы», «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» акционерлік қоғамдары, тағы басқа да ірі ұйымдар бар. Солардың бәрінде өз жұмысын тиянақты атқарып, сенім биігінен көрінген серіктестіктің, онымен бірге Өтелбай ағамыздың да мерейі қашанда үстем.  Бұл сөзімізге ол кісінің осы күні Қазақстан Республикасы аудиторлар Палатасының құрметті мүшесі, әрі осы Палатаның ақсақалдар алқасының төрағасы екендігі де толық дәлел бола алады.
Ағаның жұбайы Балкеш Қабдөшқызы да өзіне сай мәдениетті, мейірбан жүрегінен жан жылуы молынан төгілген, отбасына ұқыпты,  ардақты ана. Өмірінің ізі, көңілінің нұры болып жан жадырататын 5 ұл, 3 қызы, олардан тараған 26 немере, 10 шөбересі де Өтелбай ағаның бұл тіршіліктегі басты қуанышы. Бірін-бірінен бөлмей, бәрін бірдей жақсы көреді, бауырына басады. Солардың ішінде ұлы Талғат та жастайынан өзі сүйген өнерге әуес болып, Бурабай ауданында жекеменшік «Арай» телекомпаниясын ашқан. Осы күні Көкшетау қаласында тұратын ата-ана өздері үйреніскен бұл өмірлік құштарлықты да жандарына ерекше жақын тұтып, бір құлақтары үнемі солай қарай түрулі жүреді. Денсаулық болса, сексеннің сеңгірінде де жұртыма пайдамды тигізе берсем деп ойлайтын Өтелбай Елбергенұлы Елбергенов міне, осындай абыройлы ел ағасы. Өзі туралы көп сөзге жоқ болса да,  жақсылығын ісі дәлелдей түскен нар азаматтар қашанда Ақмола, Көкшедей киелі мекеннің көркі ғой. Өтелбай ағаға қарап та, солай дейміз біз!.. 

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар