Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыр алыбына арналған жаңа туынды - АРҚА АЖАРЫ

Жыр алыбына арналған жаңа туынды

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының төл туындысы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында түсірілген «Жамбыл» тарихи драмасының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

  «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен шараға  көрермендер  көп жиналды. Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Төлеген Қажыбай, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Асылбек Баяжұма сөз сөйлеп, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған ақын жөнінде ой бөлісті. Жиналған қауымның назарына өне бойы өнегеге толы 4 бөлімді драмадан тұратын бір жарым сағаттық фильм ұсынылды.
Кино желісінде Жамбылдың өмір жолы ғана емес, тұтас ұлттың тағдыры суреттелген. Драма  бала Жамбылдан дана Жамбылға дейінгі сан қилы оқиғаларға толы өмір жолын қамтиды.  Сонымен қатар, 1936 жылы Қазақстанның өнер қайраткерлері мен әдебиетшілерінің Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапары да әдемі көрініс тапқан. Тіпті,  ақынның  өміріндегі тың деректер де көрсетіледі. Атағы дүрілдеген Сүйінбай ақынды пір тұтып, батасын алған малшының баласы Жамбыл сөз өнерімен ел арасына танылып, Бұрым атты қызға ғашық болады. Кино желісінде жақсылық пен жамандықтың,  адалдық пен сатқындықтың арпалысы шебер суреттеледі. Жамбыл өз заманында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген. Әсіресе, Кеңес үкіметінің солақай саясатынан қазақтың зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырағанда қазақ жыры дарабозының жұдырықтай жүрегі қан жылап, қасірет шегетіні, сондай-ақ, сүйікті ұлы Алғадайды Ұлы Отан соғысына аттандыруы өте әсерлі берілген.
Фильмде театр және кино әртісі Байғали Есенәлиев  Жамбыл Жабаевтың  шынайы образын жеткізе білген. Ал, ақын өмір сүрген кезеңін дәлме-дәл көрсету үшін Жамбыл мұражайының жиһаздары мен тұтынған заттары қолданылыпты. Сонымен бірге,  дана жыраудың мінген  ЗИМ-1 автокөлігі де бар. Киноэпопеяны түсіруге 40 миллион теңге жұмсалыпты.
Фильмнің режиссері Әнуар Райбаев.
Осы  тарихи драманы тамашалаған көрерменнің бірі Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің оқушысы Назерке Жұмабаеваның
айтуынша, картина арқылы ол  ақынды өзге қырынан танып, сол сұрапыл кезеңнің ауыртпалығын жүрегімен сезінгендей  күйге бөленген. Қазақтың киелі домбырасын бала кезінен серік етіп, құдіретті өнерді өнеге тұтқан жыр алыбы жайлы толымды баяндалған фильм көрерменнің көңілінен шығары анық.  

 

Ырысгүл АШУОВА

Суретте: фильмнен көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар