Облыс әкімі Сергей Кулагин «Көкшетау» мәдениет сарайында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткелі отырған республикалық олимпиадаға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеп, дүбірлі додада табыс тіледі.
Олимпиаданың ашылу салтанаты қарсаңында мәдениет сарайының екінші қабатындағы фойеде облыс мектептерінің оқушылары мен колледждерінің білім алушылары жасаған түрлі инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Облыс әкімі жүзден жүйрік шығып, республикалық додалы жарысқа қатысып отырған дарынды балаларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қиындықтарға қарамай білім саласына зор көңіл бөлгендігінің нәтижесінде бүгінгідей жетістікке қол жеткізіп отырғанымызды атап өтті. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет-елдердің маңдайалды оқу орындарында оқып, заман талабына сай білім алған жастар қазіргі күні еліміздің экономикасын дамытуға лайықты үлес қосуда.
Олимпиаданың ашылу салтанаты жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Республикалық дүбірлі жарысқа еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қаласынан барлығы 735 оқушы қатысады деп күтілуде. Бес күнге созылатын олимпиада барысында өз аймақтарынан үздік шыққан жүлдегерлер математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша білімдері мен біліктіліктерін көрсетпек. Балалар бос уақыттарында Көкшенің көрікті жерлерімен, мәдени-тарихи орындармен танысатын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.