Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ертең үлкен додаға қосылса... - АРҚА АЖАРЫ

Ертең үлкен додаға қосылса…

Облыс орталығы Көкшетау қаласында еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ақындар айтысы болып өтті.  Жыр додасына облысымыздың әр өңірінен  келген ақындар қатысып, өнерсүйер көпшіліктің алдында қабілет-қарымдарын көрсетті. «Көкшетау» мәдениет сарайына лық толған көрермен алты сағатқа созылған айтысты тапжылмай отырып тамашалады.

  Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева  қазақ халқы үшін айтыс өнерінің ерекше орны бар екендігін айта келе, астаналық облысымызда да айтыс өнерін дамытуға соңғы жылдарда үлкен көңіл бөліне бастағанын, соның бір айғағы ретінде еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақтың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орайластырып өткізіліп отырған «Алғыс айтам, халқыма» атты  жас ақындар арасындағы айтысты атап өтті. «Қазақтың жері қандай кең және бай болса, өнеріміз де биіктен көрінген таланттарға сондай бай. Қасиетті Көкше жерінен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты өнер тарихында өлмес мұра қалдырған саңлақтар шықса, олардың ізін жалғастырған халық ақындары Шәкен Отызбаев, Көкен Шәкеев, Мұса Асайынов, кейінгі буыннан Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабек пен Арман Бердалиндер де сол өнер жолын жалғастырды.

Бүгінгі өткізіліп отырған жыр додасынан да жаңа есімдер шығатынына сенемін,–деп мәдениет басқармасының басшысы ақындарға ақ жол тіледі. Айтысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Құдайберлі Мырзабек жүргізді. «Бір кезде Еркін Әуелбеков ағамыз салдырған және ақын Көкен Шәкеев шымылдығын ашқан «Көкшетау» мәдениет сарайы бүгін жыр сүйер қауымды қуанышқа кенелтіп, жыр додасына жиып отыр, деп бастаған Құдайберлі Мырзабек біраз жылдар тоқыраңқырап қалған айтыс өнерінің соңғы кезде қайта жанданып, бүгін өнерсүйер жұртшылық алдына жүзден жүйрік шыққан алты жұптың айтысқа  қатысуы үлкен жетістік екенін айтты. Айтысқа арнаған өзінің жыр жолдарын оқыған ол «Айтысты қазақ айтыс демейді, бір іліп қалмаса, суырып салмаса» деп айтыс өнеріндегі ең басты шарт табан астында сөз тауып, қиыннан қиыстырып өлең шығару мен сөз тапқырлығы екенін тағы бір еске салғандай болды.
Жыр додасына облысымыздың біраз өңірлерінен келген ақындармен бірге, іргелес Солтүстік Қазақстан облысынан ат арытып Аманжол Зағыпар мен Жарқын Жұпархан келіпті. Ұлттық шапан киіп, үкілі домбыра ұстаған ақындарды көпшілік зор қошеметпен қол шапалақтап қарсы алды.
Сахнаға алғаш болып  көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев пен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Аманжол Зағыпар шықты. Қонақ ретінде бірінші болып сөз алған Аманжолдың домбыра шертісі, сөз саптауы жұрт алдында талай айтысқа шығып жүрген тәжірибелі ақын екендігін көрсеткендей.
Түлкідейін қулыққа басар болсаң,
Мен сені ұстап алам қақпан құрып,
– деп ол бірден қарсыласын ықтырып алмақ болғандай сөзбен шабуылдауға кірісті. Мұхамедтің Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің студенті екенін айтып, сабақтан қашып мұнда неғып отырсың деген уәжбен ә дегеннен тұқыртуға кіріскен Аманжолдың бұл әрекеті дегенмен  студент ақынды састыра қоймаған сияқты.
Дүбірлі жарыстарға көп қатысқан тәжірибесі болмаса да, Мұхамедтің сөз саптасы қарсыласына қарағанда әлдеқайда мығым түсіп жатты. Ол ұсақ-түйек жайларға бармай:
Түйені түгіменен жұтқандарды айт,
Оларға лайық жаза дар емес пе,
– деп бүгінде қоғамдық үлкен кеселге айналған жемқорлықтың бетін ашып, осы замана кеселіне жұртшылықтың назарын аударуға шақырды.
Шоқаннан қашқандығым ештеңе емес,
Отаннан қашқандар да бар емес пе?
– деп оқудан қашып келіп отырсың ба деп сөзбен түйреген қарсыласына астарлы оймен тамаша уәж айтты.
Есімі Қызылжар деп өзгермепті,
Атауы ауысар күнді сағынамын.
Вокзалың Ресейдің қол астында,
Меншікке бере салып қаңырадың.
«Московский ЦУМ» дейтұғын дүкені бар,
Ресейдің жіберетін әнұранын.
Разы қылып әлі күнге жүрсіңдер ме,
Петр мен Павелдің аруағын,
– деп көп жылдар бойы айтылып келе жатқан жер-су, елді мекен атауларын қазақыландыру жайын тілге тиек еткен Мұхамедтің сөздеріне жұрт разы болып қошеметпен қол соғып отырды.
Қарсыласының өзінен үстем түсіп жатқанын сезіп, сөзден сүріндіргісі келген Аманжол «Көршіңнің кім болғанын құдай білед, Түрің сенің аумайды орыстардан» деп оның сарылығына тиіскені  жөнсіздеу болып шықты. Оның бұнысына «Сары болсам атама ұқсап туғам» деп аталы сөзбен уәж айтқан Мұхамедтің «Сен менің анашыма кір келтірме, абайла, көрмейсің бе, топты алдыңда» деп халық алдында мұндай арға тиер ұсақ сөзден аулақ болуға шақыруы өресінің биіктігін көрсеткендей.
Екінші жұп көкшетаулық Оюлы Қуаныш Оспан мен Аршалы ауданынан келген Құрмет Құралханның айтысынан әу бастан жезде мен балдыз арасындағы сөз қағысуға бағытталғаны білінді. Қуаныш Құрметтің туған апасын алып отырғандығы жарасымды әзілге айналып, олардың бірін-бірі жақсы танитыны аңғарылды. «Ассалаумағалейкүм, алдарыңа, өзінен сөзі үлкен ақын келді» деген Құрметтің сөз саптасы ысылған тәжірибелі ақындығын аңғартқандай еді.
Құрметпен бекер ғана шықтым ғой деп,
Көзіңнен екі банкі су алайын,
Үстіңнен құс ұшырып, астыңнан ит,
Қызылмай болғаныңша қуалайын,
– деп сөзін түйген аршалылық ақын ә дегеннен жезде деп әзілге сүйене қарсыласын біраз қағытып өтті. Қыз-келіншекке көп қарайсың дегенді айтып, тіпті «Тауда жүріп, таста өскен арқар болсаң, тақымыңның арасын дуалаймын» деп тастады.
Оюлы Қуаныш Оспан да қарсыласына дес берер осал еместігін бірден аңғартып, талай айтысып жүрген әріптесінің осал тұстарына аямай тиісіп кетті.
Нар жігіт ұқсап туар нағашыға,
Бірақ кім ұқсасын дейді мынадайға,
– деп қарсыласының бойының аласалығы мен арықтығын сөзбен түйреп тастады. Осы арада айта кетерлік жай, ол қарсыласы сияқты жеңіл әзілдерге бара бермей, туған жер, ел жайын көбірек ауызға алды.
Арқада Көкшетауға жер жетпейді,
Мағжандар айтып кеткен жырын түйіп,
– деп туған жердің қадір-қасиетін айтып, «Мен үшін Гималайдан құның биік» деп Көкшенің өзі үшін қаншалықты қымбат екенін тамсана жырлағаны жұртшылықтың көңілінен шықты.
Жезде мен балдыздың арасындағы айтысқа көбірек ұқсап жатса да, екі ақын қоғамдағы өзекті мәселелерді де шет қалдырмай, жұрттың назарын аудара білді.
Құдай жоқ деп көкіген күн көсемнің,
Күні батып кеткелі қанша заман.
Ескерткішін ол кісінің алу керек,
Нұрын шашқан Нұр ағам тұрған кезде,
Күн көсемнің қадірі қанша маған?!
– деп Көкшетаудың орталық саябағында тұрған Ленин ескерткішіне қатысты жайға назар аударды.
Оюлы Қуаныш Оспанның Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнінің әуеніне салып:
Бар әлемді тамсантқан,
Көкшетаудай жер сұлу,
25 жыл тәуелсіз,
Қазақстан сен сұлу,  
– деп жырлағанда жұрт қошеметпен ду-ду қол соқты.
Оюлы Қуаныштың осы уақытқа дейін кәрістің пәтерін жалдап тұрып жүргенін сөз еткен Құрмет ақын кәріс қожайын пәтеріңнен бір күні қуып шықса, бала-шағаңмен шұбырып сығандардай көше кезіп кетпе деген сияқты ащы әзілімен шымшып өтсе, осы уақытқа дейін 15 пәтер ауыстырған Қуаныш «Сен менің таптама олай кәрісімді, мен әлі ингушпен де бірге тұрам, жарылқап болғаннан соң кәрісімді» деп кекесінмен жауап берді.
Бұл айтыстың бір ерекшелігі, әр жұп айтысып болған соң қазылар алқасы олардың айысына баға бермес бұрын солардың кем түсіп жатқан, әйтпесе ұтымды түскен жерлерін айтып, пікір білдіруі болды.
Үшінші жұп болып Ерейментау ауданынан келген Байрон Мәрес пен Целиноград ауданының ақыны Азамат Мәлжанбай шықты. Алдымен сөз кезегін Байрон «Мен дағы тек жақсының туысымын, бұл бала қандай бала деп қалмаңдар, Жанат деген батырдың інісімін» – деп бастаған ол көрерменді бірден баурап алды. Сөздері кесек, ұйқасы шымыр Байронның өзін сахнада ұстауы да еркін. «Ақпанда соққан борандай, шапалағыңды көкседім» деп көрерменді бір көтеріп тастаған ол, «Үмбетей жатқан жерден кеп, үндемей қалай қайтайын» дегенін ерекшелеп айту керек. Айтысы қанша жақсы болғанмен қазылар алқасынан төмен баға алған ол екінші айналымға өтпей қалды. Тіпті, айтыс жүргізіп отырған Құдайберлі Мырзабекке қазылар алқасының шешімі дұрыс емес, Байрон лайықты бағасын алмады деген көрермен тарапынан хаттар түсіп жатты. Дегенмен, екінші айналымға көрерменнің сұрауы бойынша шығуына рұқсат алған Байрон дайындығының жоқ екенін, шама-шарқы осы жерге дейін ғана жеткенін айтып, айтысудан өзі бас тартты. Ал, оның қарсыласы Целиноградтан келген Азаматқа келетін болсақ, ауданының әлі күнге дейін орысша аталатынын айтып күйінсе де, аты орыс болса да заты қазақ деп өзін-өзі қайрады. Көрерменнің де, қазылар алқасының да оң бағасын алар ма еді, әттең жалғыз сөзден сүрінді. Ол «Абылай қарашадан хан болғандай» деген өрескел қателік жіберді. Оны қазылар алқасының мүшесі Қаратай Төлекеев «Кешегі үш жүздің басын қосқан ақсүйек Әбілмәнсүр – Абылай ханды қарадан шыққан деп айтуы ақынның білімсіздігі ме, әлде қызыл сөзді қуалап, қателікке бой алдыруы ма, білмедім, бірақ, бұл сөзі бізге ауыр тиіп
отыр» – деді.
Төртінші жұп болып Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жарқын Жұпархан мен Еңбекшілдер ауданынан келген Нұртуған Серік шықты. Жолы мен жасы үлкен болған соң алдымен кезек Жарқынға бұйырды. Ол өзінің толық екенін меңзеп, Нұртуғанның да бойы аласа болғанмен толық екенін айтып, «Нұртуғанмен айтысқан қызық екен, шыға сала бастайын қалжыңымды, бүгінгі азаттықтың айтысына, мен ертіп шыға келдім қонжығымды» –  деп көрермен көңілін көтеріп тастаса, Нұртуғанның да жауабы әдемі болды.
Құттықтап тәуелсіздік тойы менен,
Айтайын өлеңімді ойы терең.
Еркелетіп қонжық деп айтқан шығар,
Ендеше алысайын угәй-ай, аюменен,
– тамаша жауап берді. Бұрын Көкшетау сахнасына шығып көрмеген Нұртуған сәл қысылып айтысса да, Жарқынға есе берген жоқ. Жарқынның бес балдызы бар екен, солардың біреуіне үйленгісі келетінін айтқан Нұртуғанға Жарқын саған берер қыз жоқ, ойың келсе де бойың келмейді деп қағытты. Одан сағы сынған Нұртуған жоқ, «Абылайға алты қатын берген ел бар, бермесең бермей-ақ қой балдызыңды!» – деп тойтарыс жасады. Алайда, бұлар да сөзден сүрінді. Нұртуғанның «қалықтап аспаныңда шаң қалады» деген сөзі сәтсіз болды. Шаң шұбырып, жерде қалмаушы ма еді, аспанда қалықтайтын бұлт емес қой, деген қазылар алқасының ескертуін алды.
Аса тартысты сөз бәйгесі деп бесінші жұпты айтқан дұрыс шығар. Зеренділік Екпін Советхан мен Нұрислам Әбділдің бір-біріне батыра айтқан сөздері залдағы көрерменді серпілтіп, сергітіп тастады. Әу дегеннен екпіндете сөйлей жөнелген Екпін Көкшетау топырағының қадір-қасиетін айтып, «Жеріңнің үсті кілем, асты жәннат, бұл жерде тумақ түгіл, өлу арман» деген сияқты әдемі тіркестерін кезек-кезегімен төкпеледі. Алайда, сөз арасында бұрынғы айтқан сөздері де кетіп жатқанын аңғардық. Мәселен, «Биіктеп елім даңқың бұрынғыдан, хандыққа 550 жыл болғанда, шашайын шашу қылып жырым нұрдан» деген жерін былтыр тойланған қазақ хандығының  550 жылдығында айтқан өлеңі ғой деп топшыладық. Оның қарсыласы болған Нұрисламға келсек, ол: «Көңілім кең болған соң далаңдай бұл, елінің ертеңіне алаңдайды ұл, ширек ғасыр тәуелсіз ел атандық, өзге ұлттар азаттығын ала алмай жүр» деп осындай күнге жеткенімізді айтып бір мақтанса, қазақ тілінің мәселесін қоса, басқа да ушығып тұрған қоғамның  мәселелерін көтерді.
Монғолия мен Қытайдан келген қазақ,
Өз тілінде өз мұңын шаға алмай жүр,
Қарттар үйі секілді қайран ауыл,
Бағы тайып, жұлдызы жана алмай жүр.
Парижді таңқалдырған дәстүрлі әнге,
Әміредей әлі ешкім сала алмай жүр!
– деп қайырған Нұрисламның елді елең еткізгені мынау болды:
Карлаг пен АЛЖИР-дегі аналарды,
Отбасынан айырып зарлатты ғой…
– деп төкпелетіп келе жатқан оның сөзін айтысты жүргізіп отырған ақын Құдайберлі «уақыттарың бітті, болды осымен тоқтатыңдар»  деп тыймақ болған кезінде:
Құдаш аға, сөзімді тыңдаңызшы,
Негізі түйініміз жап-жақсы ғой,
– деп іліп кеткені өте сәтті шықты. Құдайберлі Мырзабектің айтыс басталмай тұрып оқыған өлеңіндегідей «Айтыс айтыс болмайды, бір іліп қалмаса, суырып салмаса» деген талабына сайма-сай болды.
Сонымен қатар, Нұрисламның Екпінге кезек берерде айтқан мына сөздері де ұтымды шықты.  
Ағылып сөйле асқақтап,
Төгіліп сөйле төкпелеп,
Шақырған жоқ сені ешкім,
Сүйек мүжіп, ет же деп!
– дегені де тамаша емес пе? Айтыстың соңғы жұбы болып сахнаға Бұланды ауданынан келген Марғұлан Оспанов пен Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті Жансая Хайымхан шықты. Бүгінгі айтыстың жалғыз қызы Жансаяны көрермен ерекше ықыласпен қабылдады. Бірінші болып сөз бастаған Марғұлан көрерменді бірден баурап алды.
Соңғы жұп боп алдыңа келіп қалдық,
Айтайын жанымды не мұздатқанын.
Соңғы түйе жүгі ауыр деуші ед қазақ,
Қиын болды сол жүкті қызға артқаның,
 – дегені айтыс көрігін қыздырды. Алайда, 16-17 жастағы өрімдей қызға шиедей еріндеріңді өпсем деймін,  тоқал қылып алғым келеді деуі артықтау болды. Айтыс болған соң мұндай әзілдердің болуы дұрыс та шығар. Оған Жансая да әдемі жауап беріп отырды. Қарындасыңызға қырындап отырғаныңызды білсе, үйдегі жеңешеміз қызғанбай ма деді. Марғұланның көрерменге де, қазыларға да ұнағаны Ақан серінің «Балқадиша» әніне салып:
Дегенде, қызғанбай ма жеңешеміз?!
Қорықпа, жеңешеңмен, дұрыстап кеңесеміз.
Бір тоқал алуыма берген рұқсат,
Тек өзің «келіспеймін» демесеңіз!
– деп қайырды. Жансая айтысқа алғаш қатысып отырса да, тапқырлығымен таңқалдырды. Марғұланның орыс кемпірдің үйін жалдап тұрып жатқанын, қорықса, бір күні сол үйден қуып шығатынынан қорқамын деген өз сөзін есіне салып,
Орыстың кемпірінен қорқып жүріп,
Тоқал алам деп жүрген түрің құрсын!
– деп сөз қарымтасын қайтарды.
Қазылар алқасының шешімімен екінші айналымға Құрмет Құралхан мен Екпін Советхан, Марғұлан Оспанов пен Нұрислам Әбділ, Оюлы Қуаныш Оспан мен Жансая Хайымхан шықты. Шын жүйріктер осы екінші айналымда белгілі болды. Алдымен сахнаға Екпін мен Құрмет шықты. Айтысты Екпін бастады. Құрметке тиісе сөйлеген ол:
Қалқайып қос құлағың отырсың ғой,
Әскерде үш жыл жүрген солдаттай боп.
Бұл жерге Құрмет інім, қайдан келдің,
Қаңғырып жел айдаған қаңбақтай боп,
– деп кезегін берді.
Құрмет те есе жіберген жоқ.
Түрініп шыға келдің…
Қабағыңа қатулы қыс қатқандай,
Ағаммен шықтым ғой деп қуанып ем,
Жіліктің майлы басын ұстатқандай.
Сен болсаң ініңді бұл менсінбейсің,
Теріс қарап отырып құсты атқандай,
– деп Екпіннің сөзін қатты бастағанын айта келіп, «Ағайын өзің жама көңілімді, тесілген құмыраға қыш жаққандай» деп түйіндеді. Осы бір сөзінің өзі Құрметтің арзан сөзге емес, көркемсөзге көп көңіл бөлетінін, талғаммен айтысатынын аңғартты. Құрметтің мына сөзі де салмақты, көркем шықты.
Екпін-ау, жүрегіңе жыр жиясың,
Содан соң көңілдерге сыр құясың.
Жел айдап келген қаңбақ дейсің мені,
Сойған қасқыр секілді ыржиясың.
Сәл айтыссақ жағдайың белгілі ғой,
Қыран басқан қояндай қылжиясың.
Немесе:
Ашылған халық десе жүрегіміз,
Айтыс десе түрілген білегіміз.
Ағам ғой деп сыйласып айтысайын,
Өлеңде бірдей еді көрігіміз.
Солқылдап солақайым қайдан келдің,
Халыққа оң болса екен тілегіңіз!
– деп бағанағы қаңбақтай қаңғырып қайдан келдің дегеніне жауап берді. Оған Екпін де кідіріп қалған жоқ.
Абайлап отырмасаң солақайдың,  
Соққысы оң құлақтан тиеді ғой,
– деп жауап берді. Алайда, келесі қайырымда Құрметтің «Сен Зерендінің аң-құсын қырып жүрсің» деп айыптағанына Екпін:
Ағаң да бұл сөзіңді ұққан шығар,
Дәл өзіңдей бізде де мықты әнші бар.
Мен аңшы  боп аңдарды аулап жүрсем,
Салт-дәстүрді ағаңыз құшқан шығар,
– дегенінен сүрінді. Ақынның қысылғанда сөз таба алмай, ұйқас қуалап кеткені аңғарылды. Біріншіден аңдарды ауламайды.  Аң аулайды. Сөз саптасы дұрыс емес. Екіншіден салт-дәстүрді құшқан шығар дегенін қалай түсінеміз?  Ал, Зеренді туралы айтып келіп сол жердің тарихи тұлғаларын тілге тиек етіп, Мәлікке келген кезде тағы да сүрінді.
Он бес одақ құрметтеген Мәлік батыр,
Көзге атар мергенім ғой Құралайды,
– деді. Екі жол өлеңінен екі өрескел қате жіберді. Он бес одақ емес, бір одақтың ішіндегі он бес республика емес пе еді дұрысы? Содан кейін Мәлік Ғабдуллин мерген емес, саяси жетекші болған. Сөз арасында осындай қателіктері болмаса, Екпіннің екпініне ел риза болды.
Екінші айналымның екінші жұбы болып Нұрислам мен Марғұлан шықты. Сөзді алдымен Нұрислам алып, алдыңғы айтыс-та Марғұланның Жансаяны тоқал етіп аламын дегеніне шамданып, менің туған қарындасыма олай айтатын сен кімсің дегендей айтысты қатты бастады. Марғұлан да ә дегеннен әдемі айтыса бастап еді, соңына таман кібіртіктеп қалды. Кейінгі 3-4 қайырымында өзі туған Торғай даласын, ұлт-азаттық көтерілісті айтып, бастапқы тынысын қайта тапқандай еді. Онысын аңғарған Нұрислам сен Қостанайды айта бермей, Бұланды туралы сөйле, сол ауданнан келіп тұрсың ғой, бұрын жаттағаның бұл жерге жарамас деп тиісті. Басқа айтыстарға қарағанда ұзақ болған бұл айтыста Марғұлан ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Кейкі батыр деп бетпе-бет айтыстан қашып еді. Оған Нұрислам сен Кейкіні айтсаң мен Кенесарыны айтамын. Ұлт-азаттық көтерілістің басында тұрған сол еді деп тағы да тұқырта шабуыл жасады.
Осы айтыстың ақтық сынына шыққан Оюлы Қуаныш пен Жансая Хайымханның да айтысы әдемі болды. Қуаныш бірінші айналымда Құрметпен айтысқан кезде сахнадан бір қыз гүл сыйлаған еді. Сол гүлді 8 наурыз мерекесімен құттықтап Жансаяға сыйлады. Оны Жансая:
Айтыс десе ағайын жамырайды,
Айтыссыз ел өнері қаңырайды.
Гүл беріп құттықтадың мерекемен,
Бұл жерде ағамыздың бағы тайды.
Бір апта өткеннен соң гүлді қайтем,
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды
– деп   әдемі әзілге айналдыра білді.
 Ал, Қуаныштың «Айналайын ақылды қарындасым, болсыншы бұл айтыста бағың басым. Ал, сөзімді сен жалғап жібер, қанатымен су сепкен қарлығашым» деген сияқты сыйласып отырып айтысқаны
ұнады.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Оюлы Қуаныш Оспан иеленсе, екінші орынды Марғұлан Оспанов, бірінші орынды Жансая Хайымхан еншіледі. Ал, бұл айтыстың бас жүлдесі Нұрислам Әбділге бұйырды. Дегенмен, көпшілікті қуанышқа бөлеп, бір желпінтіп тастаған айтыстың қорытындысын шығарарда «әттеген-айлар» да орын алмай қалған жоқ. Айталық, осы жолы жап-жақсы өнер көрсетіп, көрермен көңілінен шыққан Құрмет Құралханның жүлделі орынға ілікпеуі түсініксіз болды. Бұлай бұра тартып, өзі аз айтыскерлеріміздің сағын сындыра берсек, киелі өнерді қалай өрістетпекшіміз?!.      

Суреттерде: айтыстан көрініс; облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның Нұрислам Әбділге бас жүлдені тапсыру сәті.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар