Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың «Ана. Әнші. Ұстаз» атты кездесу кеші өтті.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 қайырымды іс» жобасы аясында ұйымдастырылған кешке Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мара Есмұханова, әнші, сазгер Иран Тасқара, «Әдебиет және өнер» музейінің директоры Нұрбек Нұралы, әдебиетші ұстаз Таңсық Жұрын, қолөнер шебері Шәмшия Айтжановалар қатысып, әншіге деген жылы лебіздерін білдірді.
Облыстық филармонияда 40 жылға жуық қызмет істеген Бисара Мәкенова ендігі жерде шәкірт тәрбиелеуге көп көңіл бөлуде. Көкшетау топырағынан түлеген белгілі сал-серілеріміздің әуезді әндерін өзі айтып қана қоймай, кейінгі буынға үйретіп жүргенін осы жолы шәкірттері дәлелдеп берді. Қаршадай ғана балалардың қолына домбыра алып, дәстүрлі әндерді соншалық сүйіспеншілікпен орындауы көрерменді толқытты.
Әншінің өзі дәстүрлі әнге, өнер жолымен Көкшетауға қалай келгенін, кімдер ұстаздық еткенін, өмірінің қызық сәттері жайында көрерменге әсерлі әңгімелеп берді. Жансерігі болған қоңыр домбырасына қосылып салған әндерін жұртшылық өте жылы қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.