Орталық коммуникациялар қызметінің Ақмола филиалында болып өткен брифинг өңірімізде шағын және орта бизнестің дамуы мен осы саладағы шешімін күткен мәселелерге арналды.
Бұл туралы облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Берік Мұстафин және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Еркебұлан Баяхметов мәлімдеді. Олар шағын және орта кәсіпкерлік саласының бүгінгі жағдайы, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен алдағы жоспарлары жөнінде ой бөлісті.
Аталмыш басқарма басшысы алдымен, өткен жылғы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылғанына, соның арқасында 742 жұмыс орны ашылғанына тоқталды. Биылғы жылы 180 жоба жүзеге асырылып, мың жұмыс орны ашылады деп межеленген. Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қаржы пайыздық ставканы субсидиялауға, несиелерді кепілдендіруге, гранттық қаржыландыруға, шағын қалалар мен елді мекендердің тұрғындарын
несиелеуге жұмсалады. Бағдарлама аясында шағын және орта бизнес нысандарының жетіспейтін инфрақұрылымын тарту бо-йынша басқарма мен Қазақстан Респуб-ликасы Ұлттық экономика министрлігі Целиноград ауданындағы Өтеміс ауылының электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесін және «Ақмола феникс плюс» серіктестігінің трансформаторлық шағын станциясын қалпына келтіру жобасы бойынша бюжеттік өтінім берді.
Гранттық қаржыландыруды жүзеге асыру барысында 38 жобаның бизнес идея-
лары қолдауға ие болды. 2015 жылы 10 жобаның келісім-шарты жасалды. Оның бес келісім-шарты «Бизнестің жол картасы -2020» және қалғаны шағын қалаларды дамыту бағдарламалары аясында жүзеге асты. Одан әрі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Берік Мұстафин бүгінгі таңда басқарма бірыңғай бағдарламаның үйлестірушісі ретінде «Даму» қорымен бірге кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру барысында белсенді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Жаңа бизнестің бас-тамаларын қолдаудың бірінші бағыты аясында өңірде өткен жылы 111 жоба, 2015 жылы 73 жоба мақұлданды. Салалық қолдаудың екінші бағыты бойынша өткен жылы 247, 2015 жылы 39 жоба мақұлданды. Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдігін азайтудың үшінші бағыты бойынша 30 жоба мақұлданды. Сондай-ақ, «Ара-тұра кепілдендіру» жобасы бойынша 104 жоба мақұлданып, 98 жоба бойынша кепілдендіру келісім-шарты жасалды. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн. 14 пайыздан 16 пайызға дейінгі субсидиялауға жататын сыйақы ставкасын көбейту бөлігіне өзгеріс енгізіліп, ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несие бойынша сыйақы ставкасынан жетіден он пайызға дейін субсидиялау мөлшері көбейді. Кәсібін жаңа бастағандар үшін кепілдік мөлшері 85 пайызға дейін өсті. Бағдарламаға қатысушылар үшін интернет-портал ашылды. Олар онлайн тәртібінде субсидиялау жөнінде ақпарат ала алады. Қордың кезекті субсидияны банкке аударғаны туралы ай сайын кәсіпкерге SMS – ескерту келеді. Сондай-ақ, өткен жыл өңдеуші өнеркәсіппен айналысатын шағын және орта кәсіпорындарды дамыту жылы аталды. 2015 жылы ҚР Ұлттық қорынан аталмыш саладағы жобалар қаржыландырылды. Облыстағы екінші деңгейлі банктер 12 жобаға қаржы бөлді.
Қор директоры Еркебұлан Баяхметов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында «Жинақбанк», «ОрталықКредитБанкі» және «Халық банкі» акционерлік қоғамдары белсенділік танытқандарын атап өтті. Аталмыш бағдарламаның барлық бағытында Қосшы ауылындағы темірбетон өнімдерін шығаратын «Сапа Су» серіктестігі қолдауға ие болды. Бұл кәсіпорын қаржылай қолдаумен қатар «Іскерлік байланыс» жобасына қатысып, бірқатар шетелдік кәсіпкерлермен тәжірибе алмасты. «Даму» қорында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мұнда бастаушы және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті ашуға және жүргізуге «бір терезе» әдісі бойынша қызмет көрсетіледі. Өткен жылы аталмыш орталықтың кеңесшілері заң, маркетинг, бухгалтерлік есеп саласындағы әртүрлі бағыт бойынша алты жарым мыңнан астам адамға кеңес берген. 85 бизнес жоспар жасалып, жиырмасы мақұлданған. Көптеген адамдар орталықтың қызметін тұрақты пайдаланады. Салық есебін тапсыруға және келісім-шарт пен жарғы жасауға сұраныс көп.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының төртінші бағыты аясында Назарбаев университетінде 64 кәсіпкер, оның ішінде өткен жылы 17 кәсіпкер оқыды. «Іскерлік байланыс» жобасы бо-йынша жүзден астам кәсіпкер оқытылды. Осы жобаның екінші кезеңі аясында 25 кәсіпкер шетелдік тәжірибеден өтті. 2015 жылы қор жастардың жобаларын қолдау бойынша пилоттық бағдарлама жасады. Конкурстан іріктелгендер семинарға қатысып, бастапқы капиталды құру, инвестиция тарту, бизнес жоспар жасау және өзге де мәселелер жөнінде ақпарат алды. Конкурс қорытындысы бойынша екі жеңімпаз анықталып, бизнестерін дамытуға қомақты қаржы берілді. Филиал директоры биылғы жылдың жұмыс жоспарымен бөлісті. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны 100 пайыз игеру, субсидиялау бойынша 94 және кепілдендіру бойынша 78 келісім-шартқа отыру межеленген. 2016 жылы «Жаңа бизнес ашуды қолдау», «Студенттердің кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобалары жүзеге асырылады. Бұл жобалардың аясында 4 бизнес-идея іріктеліп алынып, қаржылық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, іріктеліп алынған бастаушы кәсіпкерлермен тәжірибелі мамандар жұмыс істейтін болады.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.