Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында белгілі қаламгер, журналист Мағира Қожахметованың туғанына 70 жыл толуына арналған «Орамды ойдың жемісі» атты электрондық басылы-мының тұсаукесері болып өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері мен студент қауым қатысты. Кітапхананың директоры Жансұлу Мұқатаева электрондық басылымның бір данасын жерлес жазушының құрбысы әрі туысы Райхан Көкебаеваға тарту етіп, олар өткен күндер туралы сыр шертті. Мағира Қожахметованың тапқырлығы мен ізденімпаздылығын жан-жақты сөз етіп, адами қасиеттеріне тоқталды. Әсіресе, жиналған қауым Бауыржан Момышұлымен қалай сұхбаттасқаны туралы әңгімені ұйып тыңдады. Бұдан соң «Көкше» академиясының ұстазы, профессор, психология ғылымдарының докторы Әсия Көкебаева кітап туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, электрондық басылымның жарыққа шығуына атсалысқан азаматтарға шексіз ризашылығын білдірді. Әрі Мағира Қожахметованың басылымның тұсаукесер шарасына келе алмаса да, жазға қарай облыс орталығына келіп, оқырмандармен кездесу өткізетіні де айтылды.
Электрондық басылым алғы сөз, жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы, ол жайлы естеліктер мен фотосуреттерден тұрады. Қаламгердің шығармашылығы бөлімінде «Адам-құпия», «Жантәсілім», «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жападан жалғыз», тағы басқа кітаптары орын алған. Жазушының әр шығармасы оқыс ой, оқшау тұжырымға жетелейтін сипатымен ерекшеленіп, кейіпкерлерінің тағдыры айрықша тебіреніспен суреттеледі. Мағира апамыздың қаламынан туған туындылар эстетикалық реңі бөлек, өресі биік дүниелер екенін эсселерін оқу арқылы ұғынуға болады. Жазушының қаламы ұшқыр, тынысы кең, тілі тартымды. Таңдаған тақырыбын тебірене толғап, тереңнен сыр шерте алған.
Сондай-ақ, бұл электрондық басылымда әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалары топтастырылған. Шара барысында жиналғандар «Қаламгердің сырлы әлемі» атты кітап көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Мұнда аталмыш электрондық басылымға енген әдебиеттер қойылған.
Кеш соңында әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов пен қызы Айым әуелете ән шырқады.
Ырысгүл АШУОВА