Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың төрағалығымен өткен семинар — кеңесте Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидатының тетіктері жөнінде түсінік берді.
Облыстық басқармалар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдары, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола филиалының өкілдері қатысқан семинарда өңір басшысының орынбасары Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында инвесторлар тарту үшін қолайлы орта құруға шақырғанын атап өтті. Өткен жылдың 30 желтоқсанында Үкіметтің қаулысымен инвесторлар үшін «Бір терезе» қызметін ұйымдастыру жөнінде ереже бекітілді. Ал, биылғы жылдың басында Көкшетау қаласындағы тұрғындарға қызмет көрсету орталығында инвесторларға қызмет көрсету бөлімі ашылды.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар бойынша комитеті басқармасының басшысы Әсел Сүгірбаева өз сөзінде инвесторлар үшін «Бір терезе» қызметі өткен жылдан бастап жұмыс істей бастағанын, бірақ ол тек қана пилоттық режимде инвестициялық басымдық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар үшін қолжетімді болғанын атап өтті. Бұл инвесторлар Инвестициялар жөніндегі комитетпен инвестициялық шартқа отырғандар, сондай-ақ, бұл инвесторлар екі миллион айлық есептік көрсеткіштен артық инвестициялық жобаны жүзеге асырғандар. Елбасының тапсырмасы бойынша жаңа жылдан бастап аталмыш қағидат барлық облысқа таратылды. Бұл өте маңызды. Өйткені, инвесторлармен бірге Қазақстан Республикасына жеке және заңды тұлғалар инвестиция тарта алады. Инвестицияға кез келген актив, қаржы мен лизинг салуға болады.
Көкшетау қаласындағы Абай көшесінің 96 үйінде орналасқан тұрғындарға қызмет көрсету орталығында инвесторларға қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Мұнда Ақмола облысының барлық инвесторларына инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін серіктестікті тіркеуден бастап рұқсат құжаттарына дейін бір орыннан қажетті мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Инвесторлар бірнеше рет келмеуі үшін мемлекеттік қызмет түрлері оңтайландырылады. Егер мемлекеттік қызметтер бір — бірімен байланысты болса, ол бір келгеннің өзінде бірнеше мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады. Бұл қағидат еліміздегі инвесторлардың жұмысын жақсартуға, сондай-ақ, олардың мемлекеттік органдар қызметкерлерімен жолығуын қысқартуға бағытталған.
Кез келген сауалдар туындай қалған жағдайда олар инвесторларға қызмет көрсету бөлімінің мамандарына жолығады. Егер қиын сауалға маман жауап бере алмаса, екі жұмыс күнінен кейін толық жауап беріледі. Сондай-ақ, Инвестициялар жөніндегі комитет ғимаратының бірінші қабатында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Енді инвесторларға Астанадағы орталыққа барудың қажеті жоқ. Облыс орталығындағы қызмет көрсету бөліміне барады. Мұнда тиісті құжаттар қабылданып, мемлекеттік қызметтің нәтижелері беріледі.
Инвестиция жөніндегі комитет базаны жасап, жалпылай мониторинг жүргізеді. Мамандар кеңес беріп, жергілікті мемлекеттік органдармен жұмыс істейді. Инвесторларға қызмет көрсететін бөлім қызмет берушінің шешіміне кепілдік бере алмағандықтан, жауапты емес. Жұмыстың нәтижесі жөнінде ай сайын есеп береді.
Экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттіктің өкілі Мәди Қанафин өз сөзінде өңірлерден ақпарат жинап, әкімшілдендіретіндерін атап өтті. Мұнда инвесторлар тіркеліп, олар жөнінде ақпарат жиналады. Инвесторлар үшін мемлекеттік қызмет көрсету бойынша анықтама базалары жасалады. Семинар барысында «Бір терезе» қағидатына жан-жақты түсінік берілді. Қатысушылар өз сауалдарына тұшымды жауап алды. Облыс басшысының орынбасары инвесторларды тарту жөніндегі материалдарды облыс әкімінің сайтына орналастыруды ұсынды.
Рамазан ТІЛЕУОВ