Өткен сәрсенбі күні облыс аумағында қатты жел тұрып, соңы ақтүтек боранға ұласты.
Табиғаттың үйреншікті тосын мінезі жолға шыққан тұрғындар мен төтенше жағдайлар және коммуналдық сала қызметкерлерін біраз әбігерге салды.
Жүре берейін десе жол жабық, артқа қайтайын десе кептеліс. Дағдарған жүргізушілер мұз қатып, қар басқан тас жолда не істерлерін білмеді. Қазіргі кезде құтқарушылар барлық жолдарды бақылауға алып, қалың қардың құрсауында қалған көліктерді босатты.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бірыңғай кезекші-диспечерлік қызметі басқармасының басшысы Айвар Бұлқайыров баяндап берді. Оның айтуына қарағанда, сол күні облыс бойынша боранда жолға шыққан 104 адам (оның 11 балалар) және 34 көлік қар құрсауынан құтқарылды. Нақтырақ айтсақ, Жақсы ауданында 9 көлік пен 32 жолаушы, Атбасар ауданында 7 көлік пен 28 жолаушы Бурабай ауданында 28 көлік пен 54 жолаушы босатылған. Құтқару жұмыстарына «өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 30 адам және 11 арнайы техника жұмылдырылды.
– Көрудің нашарлығына байланысты қиын жағдайлар болғаны рас. Жолда қалған адамдардың барлығы төтенше жағдайлар қызметінің бұқаралық ақпарат құралдары және ұялы байланыс операторлары арқылы хабарлаған ескертулеріне құлақ аспағандар. Дегенмен, шұғыл көмектің арқасында қайғылы жағдайлар орын алған жоқ, – дейді А.Бұлқайыров.
Осы күні дүлей боран Жақсы аудандық әскери комиссариатының 70 шаршы метр шатырын да жұлып түсірген. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
«Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары боран алдағы күндері де жалғасады деп болжап отыр. Сондықтан, ашылған республикалық жолдар қайта жабылуы мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар құтқарушылар тұрғындарға алыс жолға шықпауға кеңес беруде.
Аслан ОСПАНОВ