Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
62 жылдан кейін қайта оралған - АРҚА АЖАРЫ

62 жылдан кейін қайта оралған

 Кешегі кеңес заманында Одақ құрамында болған барлық халықтар, оның ішінде қазақтар, өздерінің ұлттық тілдері мен салт-дәстүрлерінен айырылып қала жаздады. Менің барлық саналы өмірім сол коммунистер билеген қоғамда өткендіктен, тәуелсіздігіміздің арқасында бүгінде қайта қауышып отырған ұлттық құндылықтарымыздың қалай жоғала бастағаны көз алдымда болды.

  Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тамырына балта шабу ертеден басталған. 1926 жылы ескінің қалдығы деп Наурыз тойын тойлауға кеңес үкіметі ресми түрде тыйым салған қаулы шығарды. Бұрын иісі қазақ көктем шыға тайлы-тұяғы қалмай түгел тойлайтын Ұлыстың ұлы күнін қылышынан қан тамған большевиктердің қысымымен халық осылайша ұмытуға мәжбүр болады. Менің балалық шағым өткен 1940-шы жылдарда наурыз тойланбайтын.
Дегенмен, санаға ғасырлар бойы сіңген дәстүрді халық большевиктер қаулы шығарды екен деп бірден ұмыта салған жоқ. Наурыз келгенде ата-аналарымыз, үлкендер үй-ішін жинастырып, жуып тазалайтын. Содан кейін жеті тағамнан Наурыз көже дайындайды.
Мереке күндері әр үйдің есігі ашық болады. Көрші-қолаң бір-біріне кіріп, жылы тілектерін айтып, Наурыз көжеден дәм татысады. Наурыз мерекесіне қатысты балалық шағымнан есте қалғаны осы ғана.
Кейінірек тың игеру басталып, қазақ жеріне жан-жақтан келімсектер ағылып келген кезде біздің бала кезімізде тойланатын Наурыз мейрамының жұрнағы да ақырындап жоғалды.

1960 жылдары солтүстік өңірлерде Наурыз тойы мүлдем ұмыт қалды. Оның есесіне көктем шыға Масленица немесе қысты шығарып салу деген мейрамдар жаппай аталып өтетін
болды.
1988 жылы сол кезде КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты болған ақын Мұхтар Шахановтың күш салуымен Наурыз мерекесін тойлауға қол жеткіздік. Сөйтіп, арада 62 жыл өткенде әз Наурызбен қазақ қайта табысты.

Мен ол кезде Көкшетау облыстық газетінде қызмет істеймін. Ақын, жыршы ретінде Нау-рыз тойларының бәріне қатысып жүрдім. Киіз үйлер тігіліп, Наурыз көже дайындалып, ат бәйге ұйымдастырылатын. Бар аудандар Ұлыстың ұлы күнін жарыса өткізіп жатты. Ал, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Наурыз мейрамы күнтізбеде қызыл түспен берілетін ресми мереке болып жарияланды. Мұның бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында қол жеткен жетістік екені
даусыз.
Шығыс халықтарының бәрінде аталып өтетін жыл басы саналатын Наурыз ең ұлық мереке. Сондықтан, менің ойымша бұл мерекені атқарушы орган ұйымдастырған ресми шаралармен шектеліп қалмай, жалпы халық болып тойлау қажет. Өкінішке орай, кеңес үкіметі тұсында жоғалтып алған жалпыхалықтық мейрамымызды сол өз дәрежесіне әлі күнге дейін көтере алмай жүрген сияқтымыз. Наурызда адамдар мемлекеттік мекемелер ұйымдастырған мерекеге қатысумен ғана шектелуде. Бұл мереке бір күндік емес, бір ай бойы тойланатын және жалпыхалықтық мейрам болуы керек.

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
еңбек ардагері, ақын-жырау, Қазақстанның мәдениет қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар