Кенесары ауылындағы №773-ші сайлау учаскесіне келгенімізде дауыс беру қызу жүріп жатты.
Сайлау бюллетенін алып кабинаға кіріп, өз таңдауын жасап жатқандардың қарасы көп. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сайран Оразалин сайлау барысы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сайлау округінде барлығы 1120 сайлаушы тіркелген. Сайлау комиссиясының мүшелері үй-үйді жағалап, алдағы сайлау туралы жұртшылықты тегіс хабардар еткен.
Соның нәтижесінде таңғы сағат 7.00-дің өзінде дауыс беруге келгендер қатары аз болмапты. Еңбек ардагері Мәлік Баянов бірінші болып дауыс беріп, арнайы сыйлық алған. Сондай-ақ, биыл бірінші рет дауыс беріп отырған 17 жасөспірімге де сайлау комиссиясының атынан сыйлықтар тапсырылыпты. Алғаш дауыс берген бес адамға атаулы сыйлықтар берілген. Таңертең ОБСЕ ұйымының екі өкілі келіп кетті дейді Сайран Оразалин. «Нұр Отан» партиясының атынан байқаушы ретінде бір адам қатысып отыр екен. Басқа партиялардан байқаушылар болмаған. Сайлауға өз аяғымен келе алмайтын қарттар мен мүгедектер үшін дауыс беру үйлерінде ұйымдастырылған. Ауылда сондай 28 адам бар екен. Таңертеңгі сағат 10.30-да мұнда 356 адам дауыс бергені белгілі болды.
Қалкөз ЖҮСІП.
Бурабай ауданы.