Ей, сағат, сен бекерге сыртылдама,
Жарқырады Тәңірдің нұр-шырағы.
Жан-жүректе, терезе сыртында да,
Гүл-гүл жайнап, қыз-Көктем
құлпырады!
Сен де, Ару, көгілдір көктемдейсің,
Айнамкөзің жарқ етіп, жұпар шаштың.
Күміс күлкің сыңғырлап, көркем
кейпің –
Көзіндейсің Құртқа мен Сұлушаштың.
Өмір шіркін шараптай масайтады,
Жауһар жауған, нұр жауған ғажайып
шақ.
Жігітке қыз қылмиып наз айтады,
Бақыт пен бақ тұрғандай жайып
құшақ.
Сәлеміңді алып ап жөнелетін,
Пыр-пыр етіп ұшатын көгершін көп.
Жолдайды жұрт Тәңірге ақ тілегін,
Көсегесі алаштың көгерсін деп.
Ойға-қырға шапқылап көңіл-дөнен,
Қауышуға Наурызбен құштар қазақ.
Шығарып сап, күту ғой өмір деген,
Қайырылып келгенше құстар ән сап!..
Сәбит БЕКСЕЙІТ.