Ақкөл ауылында орналасқан №509 сайлау учаскесінде 722 дауыс беруші тіркелген.
Сағат 11.00-де солардың жартысына жуығы, яғни, 362-сі дауыс берген. Сондықтан, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қабдырахман Қалин дауыс беру барысына көңілі толатынын жасырмады.
Сайлау учаскесі ашылмай тұрып келген ауылдағы ақсақалдардың бірі Александр Егоровқа комиссия атынан арнайы сыйлық тапсырылыпты. Ауылда 8 жасөспірім биыл бірінші рет сайлауға қатысып отыр. Олар да арнайы сыйлықтар алған көрінеді. Жүріп-тұруы қиын 10 қарияға сайлау комиссиясының мүшелері сайлау жәшігін үйлеріне апарды.
Сайлау барысын республикалық сайлаудың өтуін бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның өкілі Рида Карпулина қадағалап отыр екен. Заң бұзушылық орын алмаған. Сайлау барысында құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында ауданнан полиция қызметкерлері келіп, кезекшілік атқарғанын да көзіміз көрді.
Қалкөз ЖҮСІП.
Зеренді ауданы.