Шығыстың жыл санауы бойынша халқымыз үшінші мыңжылдықтың жаңа 2016 – Мешін жылына қадам басты. Шығыс күнтізбесіне сәйкес 12 жыл хайуанаттар мен аңдарға, жан-жануарларға бөлінген. Осы жыл санаудың шығу тегі туралы «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген ертегіні де білеміз. Жұлдызнамашылардың болжамы бойынша, адамның мінез-құлқы өзінің туған жылы мен айына тұспа-тұс келетін көрінеді.
Мұны ғасырлар бойы ғалымдар да, жұлдызнамашылар да зерттеген. Жалпы, әр адамға 12 жылдағы аң мен хайуанаттардың мінез-құлқы да беріледі деген пайым айтылады. Бұл шындыққа сәйкес келетін сияқты. Тіпті кейбір маңғаз, асықпайтын адамдарға қарап, жыл санауға енбей қалған түйенің де мінезі адамға беріледі-ау деген ойға қаласың.
Халқымыздың әйгілі тұлғалары Бұқар жырау Қалқаманұлы, Ахмет Байтұрсынов, Кенен Әзірбаев, көрнекті ақын-жазушылар Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Шерхан Мұртаза, атақты жерлесіміз, Елтаңбаның авторы Шот-Аман Уәлиханов, қазақтың шетте жүрген нар азаматтарының бірі Амангелді Төлеев, бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттарханов, тағы басқа да танымал отандастарымыз осы Мешін жылы туған. Бұл жыл қазақтың тарихында әдетте жайсыз жыл деп саналғанымен, әкелетін осындай жақсылықтары да аз емес.