Әлем қауымдастығынан өз орнын алған тәуелсіз мемлекетіміз зайырлы, құқықтық, демократиялық қоғам орнату жолына түсіп, уақыт керуенімен алға дамып барады. Еліміздегі оң өзгерістер көз алдымызда өтіп жатыр.
Қаламыз көркейіп, экономикамыз дамып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Мұның бәрі Елбасымыз бас болып, атқарушы үкімет жүзеге асырып жатқан игі істердің жемісі екендігі даусыз.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау – ең алдымен, қазіргі әлемді қамтыған дағдарыс жағдайындағы еліміздің экономикалық даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды шара. Сондықтан, еліміздің ертеңгі болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат бұл саяси шараға қатысып, өз таңдауын жасады. Көкірек көзі ашық, білімді, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын лайықты үміткерлерді таңдау, соларға дауыс беріп, өкілетті органда қызмет етуіне жағдай жасау – бәрімізге қатысы бар маңызды іс екені белгілі. Сондықтан да, осы саяси шарадан сырт қалмай, белсенділік танытуымыз арқылы біз өз қолымызбен ертеңгі болашағымыздың іргетасын қалаймыз.
Өз басым таңертең қаладағы №1 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс бердім. Мені қуантқаны, сайлауға қатысып, дауыс беріп жатқан адамдардың көптігі болды. Тіпті, дауыс беретін кабинаның алдында біраз кезек күтіп тұруға мәжбүр болдық. Мұның өзі азаматтарымыздың еліміздің болашағына алаңдайтын, өкілетті органнан лайықты жандардың келуін қалайтынын көрсетеді. Енді өзіміз таңдау жасаған сол депутаттар халықтың сенімін ақтап, меже биігінен көрінулері керек.
Болат ЖАНӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.
Мәлік Ғабдуллин ауылдық округінің әкімдігінде көлік жүргізушісі болып еңбек ететін мен де сайлаудың ұйымшылдықпен өтуіне атсалыстым.
Ауылымыздағы №567 сайлау учаскесіне 370 адам тіркелсе, олардың көбі сайлауға белсене қатысты. Бұл үшін сайлаушыларға тиісті жағдай жасалды. Азаматтық борышын алғашқы болып атқаруға асыққандар көп болды. Өз басым елімнің болашағы мен тұрақтылығы үшін дауыс бердім. Әрі нағыз халық қалаулылары көпшіліктің дауыс берулері нәтижесінде анықталатыны белгілі.
Бұл сайлау науқаны – тарихи оқиға. Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің елімізде ауызбірлік пен тұрақтылық салтанат құруда. Бәріміз біртұтас ел болып, тұрақтылығымызды бүкіл әлемге паш етуіміз керектігі түсінікті. Әлемнің талай алпауыт елдерінің экономикасы әлсіреп, қиыншылық туған сәтте Қазақстан алға қадам жасап отыр. Осы күрделі жағдай кезінде бәріміз жұмыла еңбек етуге тиіспіз. Осыны жете түсінген жерлестерім тәуелсіздігіміздің нығая түсуі және ел экономикасының дамуы үшін жұмылып, әділ таңдау жасағанына сенімдімін. Саяси науқан бүкіл халық үшін маңызды. Осы жолғы сайлау Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келгенінің өзін жақсы нышанға балаймын. Сондай-ақ, жерлестеріме береке-бірлік, жақсы көңіл-күй тілеймін.
Есенгелді БАЛТАБАЕВ,
көлік жүргізушісі.
Зеренді ауданы.
Еліміз бұл сайлауды да ұйымшылдықпен атқара білді.
Әрқайсымыз ең алдымен еліміздің, отбасымыздың болашағы үшін таңдау жасадық. Күллі әлем қаржылық дағдарыс секілді қиыншылықтарды бастан өткеріп жатқан шақта біздің мемлекетіміз сайлау өткізу туралы батыл қадам жасады. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу дағдарысты еңсерудің бір жолы деп түсінеміз. Халықтың үміті ақталып, Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихаттарға жаңадан сайланған халық қалаулылары өз міндеттерін абыроймен атқарса болды.
Саяси науқан күні телеарналардан берілген тікелей репортаждардан да, халықтың таң атысымен сайлау учаскелеріне ағылуынан да азаматтардың ортақ істе белсенділік таныта білгенін байқауға болады. Мен де осындай маңызды сәтте үйде отыра алмай, азаматтық парызымды өтейін деп облыс орталығындағы №43 сайлау учаскесінде жұбайыммен бірге дауыс бердім. Ата-анам, бауырларым да саяси шарадан қалыс қалмады. «Көп тілеуі – көл» демекші, алда тек жақсылықтан ғана үміттенейік.
Арман ӨМІРЗАҚОВ,
облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының директоры.