Өткен сенбі күні Тәуелсіздік және «Алтын ғасыр» сауда үйінің алаңдарында Наурыз мерекесіне орай, азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті.
Жәрмеңкеде Көкшетау қаласының өңдеуші кәсіпорындары және Бурабай, Еңбекшілдер, Зеренді, Жақсы, Сандықтау аудандарының шаруашылықтары мен ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін саудаға шығарды. Жалпы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер азық-түлік тағамдарының 47 түрін ұсынды. Мәселен, Сандықтау ауданындағы «Свободный» серіктестігі әкелген қазақтың ақбас ірі қара мал етіне, жеке кәсіпкер Юрий Грибовтың шұжығы мен сүр етіне сұраныс көп болды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлнәр Қабденова сүт өнімдерін, қоян, қаз бен үйрек етін, 5 бас жылқы әкелгендерін айтты.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде азық-түлік тағамдарының мол болуына Зеренді ауданындағы Күсеп, Ақкөл, Симфереполь, Бәйтерек, Викторовка сияқты селолық округтердің тұрғындары белсене атсалысты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленов өз сөзінде 25 бас ірі қара, 4 жылқы мен 20 қойдың етін әкелгенін атап өтті.
Тәуелсіздік алаңында Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындардың тауарлары саудаға шығарылды. Жалпы, жәрмеңкеде 99,1 миллион теңгенің өнім түрлері сатылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.