Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыл басының шуақты шырайы - АРҚА АЖАРЫ

Жыл басының шуақты шырайы

 Облыс әкімі Сергей Кулагин  Тәуелсіздік алаңында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараларға қатысып, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

  Асыға күтетін Наурыз мерекесі  биыл да ырысымен, жақсылығымен табалдырығымызды аттады. Мейірі-мін шашқан көктемнің атаулы мерекесін көпшілік берекенің бас-
тауы ретінде қабылдап, жақсы нышанға балауда. Осынау ізгі мейрамға орай, Тәуелсіздік алаңы мерекелік сәнмен безендіріліп, домбыраның күмбірлеген дауысы құлақ құрышын қандырды. «Тыныс», «Қазақстан темір жолы», «Алтынтау», «Көкшетау Энерго» акционерлік қоғамдары, облыстық аурухана, ауған соғысы ардагерлерінің қоғамы, Көкшетау қаласындағы банк-
тер мен жоғары оқу орындары ақ шаңқан киіз үйлер тігіп, қонақтарға Наурыз көже ұсынды.
Мерекелік шараны тамашалауға келген  халық көп болды. Сөйтіп, Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылық мейрамын ақмолалықтар кең ауқымда атап өтті. Бәрінің көңіл-күйі жоғары. Балалар да мерекенің қызығы мен тағылымына қанығып, мәз-мейрам болысты. Жеріміздей кең қазақ халқының пейілі, ұлттық болмысымыз мерекеде  ерекше көрініс тапты.  Салтанатты шара басталғанға дейін жиналғандарға ұлттық салт-дәстүрлер мен еліміздің тарихы жайында дыбыс жазба ұсынылды. Содан соң көрермендер өңір басшысының құттықтауына құлақ түрді.
Сахнаға облыс әкімі Сергей Кулагин көтеріліп, ақмолалықтарға жүрекжарды жылы лебізін білдірді.
– Баршаңызды көктемгі жаңарудың, молшылықтың, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі, тамыры тереңнен бастау алатын Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні тәуелсіз ел атанғаннан кейін  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен мемлекеттік мереке болып жарияланды. Осылайша тарихымыз бен салтымыз түгенделді. Бұл атаулы мейрам Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанымен тұспа-тұс келді. Біз конституциялық құқығымызды пайдаланып, еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмір, көпұлтты халқымыздың достығы үшін дауыс бердік.  Бұл тек «Нұр Отан» партиясының жеңісі емес, жалпыхалықтық жеңіс. Өткен жылы еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Осы бағыттан таймай, мақсат пен міндет үдесінен әрдайым шыға берейік, – деді облыс басшысы.
Бұдан соң театрландырылған қойылым басталды. Алдымен төрт түліктің төресі – жылқы мінген жаршылар жүріп өтіп, Нау-рыз мерекесінің босағамызды аттағанын айтып жар салды. Соңынан ілесе береке-молшылық тәңірісі Ұмай ана ортаға шығып, мерекелік шараның қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Бұл да мерекенің мән-маңызын аша түсті. Себебі, халқымыз үшін ел аналарының орны қашанда бөлек  болған. Кең даланың оянып, құлпыруын әсем жеткізген би ұжымдары да  көрермендерді бірден өзіне баурап алып, көктемгі көңіл-күй сыйлады. Ауызбіршілікті танытқан   өзге ұлт өкілдерінің «Тәуелсіз ел» биі Наурыз мейрамының жалпыхалықтық мерекеге айналғанын  тағы бір дәлелдей түскендей болды.
Жирен қасқа ат мініп, қолдарына қыран бүркіт қондырған жігіттердің ортасында ақ боз атын ойнақтатқан, ақ сақалы мен ақ шапаны желмен желбіреген Қыдыр ата шықты. Қол жайып қалың жұртшылыққа ақ батасын бергесін, арғымағын ойқастатқан қалпы алқалы топтан ұзай берді. Қызыл-жасыл киінген қыз-бозбаладан, қарақұрым халық пен қатты шыққан музыкадан секем алған қос жирен ауыздығымен алысып бара жатты. Бір қолында қос тізгін, екінші қолында қос қанатын қомдаған қырандары бар жігіттер тура өткен ғасырлардан келген салтанатты елшілердей көрінді.
Олардан соң ортаға киімі де, салтанат-сәні де бірдей қос бұрымды қыздар шығып, алаңдағы халыққа наурыз көже ұсынды. Қарап тұрып көңілің тоятын қыздардың ибалы жүзі, көлде жүзген аққудай әдемі жүрісі – бәрі-бәрі сырт көзге аса тартымды, көркем көрінді. Қазақ қызының болмыс-бітімін бір кесе көже ұсынуымен-ақ танытып тастағандай әсер қалдырды. Бұдан кейін ортаға екі кішкентай бала мінгескен зерлі жабу жапқан күрең шықты. Балаларды аттан түсіріп, сахнаға шығарды. Бұл ағайынды Бақытжан мен Бауыржан Базарбаевтар еді. Облыс әкімі жұрт алдында олардың тұсауын кесіп, батасын берді. Мұндай қызықты күтпеген көпшілік қошемет көрсетіп, қол соқты. Екі бөбектің тұсауы кесілген соң шашу шашылды.
Той енді қыза бастаған тұста кезек қазақ халқының ұлттық ойындарына берілді. Бақанға шығып жүлдегер атанбақшы болған бірталай жігіттің меселі қайтып жатса да, кейбір білекті қазақ жігіттері басына дейін өрмелеп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ал, Мәлік Ғабдуллин ескерткіші тұсында облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Бауырсақ пати» шарасы да тартымды болды. Олар жиналған қауымға бауырсақ таратып, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі сайыстар өткізді. Бұдан кейін көрермендер арасында Қазақстан Респуб-ликасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Асығың алшысынан түссін» атты асық ойындары жарысы басталды. Алдымен жүргізуші асық ойындарының түр-түрімен таныстырып, олардың мән-мағынасы мен ережелері турасында қысқаша әңгімелеп беріп, ортаға асық ойнағысы келетін балаларды шақырды. «Үш табан», «ханталапай», «бес асық», «асық ату» сияқты асық ойындары өтіп, оған қатысқан балаларды салтанатты түрде марапаттап жатты.  Алты ай қыстың ауыртпалығы мен ақырған аязынан арқасы құрысқан алаш жұрты үшін әз Наурыздың басқа мейрамдардан орны бөлек. Бұл күні араздасқан ағайын өкпе-ренішін ұмытып, татуласады. Ойдағы ел мен қырдағы ел араласып, арқа-жарқа болады. Міне, Көкшетау төрінде де Ұлыстың ұлы күні дүркіреп өтті. Еліміздің татулығы мен ынтымақ-бірлігі бүлінбей, ылайым нау-рыздан наурызға аман-есен жетейік.

 

Ырысгүл АШУОВА,
Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар