Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бедерлі белестер - АРҚА АЖАРЫ

Бедерлі белестер

 Еліміздің сот органдарының абыройлы ардагері, жоғары санатты заңгер, заң ғылымдарының докторы Еркін Шахмаұлы Баймурзин туралы сөз толғаудың орайы азаматтың айтулы асу-белесі тұсында келіп-ақ қалған екен. Иә, алты айлығында алып нағашы атасы, қазақ әдебиетінің классигі, абыз Сәбең – кәдімгі Сәбит Мұқанов аузына түкірген біздің Еркін бүгінгі алпыс асқарға жеткенге дейін талай да талай толағай шаруаларды кәтепті қара нарларша алға тартыпты, қалаулы халқына қарымды еңбегін дарынды бітім-болмысымен сіңіре біліпті.

 


Бірден-ақ «Біздің Еркін» деп бауырымызға тартып алуымыздың жосығы былай. Анамыз Ұлтуар мен Еркіннің нағашы әжесі Мәриям Омарова бір-бірімен жақын араласқан сыйлас құрбылар болатын. Небары он шақырымдағы Көктерек ауылынан аудан орталығы Зерендіге ат ізі апта құрғатпай түсіп тұрады. Балалық шақтың сондай балдәурен күндерінде нағашылатып жүрген, маған тетелес кішкентай Еркінмен тай-құлындай тебісіп өткізетін шуақты шақтарымыз аз болмайтын. Кейін осы Еркіннің орта мектепті бітіре сала, өрімдей он жеті жасында Зерендінің орыс тілінде шығатын «Заря Коммунизма» атты аудандық газетінде тілшілік қызметке тұрып, журналистік жазу-сызуға көп ұзамай төселіп, балғын қаламы ұшталып, кәнігі тісқаққан ұжымда өзінің де ысылып сала бергені күні бүгінгідей көз алдымда. Өйткені, осы газеттің өз алдына «Коммунизм таңы» деп аталатын қазақша жағында мен де тілшімін. Бала күндер жадымызда. Шұрқырап табысқанбыз. «Қапырық.Танауды бүріп әкетіп барады жапырып. Зеренді көлге шомылып қайтсақ қайтер деп, Қапез бен Еркін тағы да келді шақырып» деп достығымыздың өлеңде таңбаланатыны да осы кездер. Мұндағы Қапез Қожахметов ағамыз кейінгі белгілі журналист азамат. Бәріміз Еркіннің ауылына барып 18-ге толғанын тойлағанымыз, журфакқа түсерде жолы болмай қайтқан іні досымызды келер күзде әскерге шығарып салғанымыз да есте. Әскери міндетін өтеп оралған оның Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түскенін естігенбіз.
Еркін бауырыммен жолымыз осыдан кейін 1982 жылы бір-ақ тоғысты. Бұл кезде Көкшетау қаласындамыз. Алысырақ жүрген біраз жылдарда сағынысып қалған екенбіз, қуана көрістік. Еркін әуелі Көкшетау облыстық сотында стажер, одан соң облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Көкшетау қалалық сотының судьясы болып қызмет бабында біртіндеп жоғарылай берді. Көп ұзатпай заң саласының өзі сияқты жас маманы Майрамен бас қосып, болашақта бақ-берекесін баянды еткен, өркенді ұрпағын өрбіткен отбасын құрып, өз ордасының шаңырағын көтерді. Шахма аға мектеп директоры болып жүрген Кеңөткел ауылында сол тойды асабалық етіп басқару бақыты сонда біздің еншімізге бұйырып еді. Айтайын дегенім, аралас-құралас ағалы-інілігіміз жарасқан осы бір жадыра жылдарда Еркіннің ата-анасы, тербетілген бесігі, асыл тегі жөнінде де көп жайға қанығып, көкейге тоқып
үлгерген екенбіз.
Иә, өмірде, еңбекте, отбасында Еркін жақсы азамат болып қалыптасты. Әлбетте, сол жақсылықтың бастауында ең әуелі әке тағылымы, шеше мейірімі, сонымен бірге тамыр-тегіндегі сүйек үзбей жалғасқан кие-қасиеттер жатқандығы анық, Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әні біздің Еркіннің атасы Баймырза өмірге келгенде жасалған шілдехана тойында туып, жалпақ қазаққа жайылған екен. Сөйтіп, шілдеханасы қазақтың ең бір ғажайып әнінің тууына себепкер болған бұл Баймырзадан үлкен әулет өрбіді. Бір ұлы Жанайдар Мусин ағамыз белгілі жазушы болды, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне табаны күректей 18 жыл басшылық етті. Көкшенің кейінгі буын көп журналистерінің ұлағатты ұстазы. Ал, Баймырза атаның апасынан тағы бір қарымды қаламгер Мәди Хасенов туған еді. Міне, жас Еркінге осы аяулы да ардақты ағаларының игі әсер-ықпалы әсіресе, мол болғанын қадап айтқымыз келеді. Әкесінің туған інісі Жанайдар аға сияқты журналист болуға талмай талпынып-ақ еді, бірақ пешенесіне бұйырғаны заңгерлік екен. Әйткенмен, Жанайдар Баймырзаұлының есімін есте қалдыруға, 70 және 80 жылдықтарының Көкше топырағында аталып өтілуі орайында Еркін інісі сіңірген еңбекке ел разы. Бұл разылықты ақын Кәкімбек Салықов ағамыз: «Айналайын, өрелі той өткіздің, Жәкең атын жұлдыздарға жеткіздің» деп жырға қосыпты. Тағы да «Қашан көрсем шарболаттай мықты екен Көкшетаулық Еркіндердің бәрі де» деп азаматтығына жоғары баға беріпті.
Еркіннің мықтылығы туралы айтқанда, әрине, әке ғибраты мен шапағаты бірінші орында тұрмақ. Біз білетін Шахма ағай ізгілік пен ұлағаттан мүсінделген, сағынудан жазбас сабыр иесі еді. Өмір бойы ұстаздық етті, соның басым бөлігінде мектеп директоры болды. Тұла бойы тұнған зиялылық-ты. Халық ағарту ісінің үздігі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің шырақшысы болатын. Сексеннің сеңгірінен асып дүниеден қайтқан, ел құрметіне бөленген, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қанаттандырған, қаншама немере сүйген бәйтерек әкеге Еркіннің перзенттік  сүйіспеншілігі де ерекше. Әрдайым әке аманатына, өсиетіне берік. Ал, бүгінде өзінің төрін көркейтіп отырған анасы Күлзира апайымыздың ақ пейілі, елжіреген мейірі туралы әңгіме бөлек те ерек. Өзі өмір бойы Шахма аға директор болған мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сөйте жүріп алтын асықтай үш ұл, төрт қыз өсірді. Олардың тағылымы – әкеден, мейірімі – анадан дарыды. Баршасы өмірден өрелі орындарын тапқан, ана жүрегін жақсылықтарымен сүйсіндіреді. Ал, енді бір ғажабы, Күлзира апайдың әкесі Мағжан Омаров ел басқарған, соғыс жылдары Есіл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған қадірменді қария-тын. Тектіліктің тағы бір көзі қайда десек, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың әкесі Мұқан мен Күлзира апамыздың атасы Омар бірге туған бауыр. Демек, Сәбит Мұқанов Еркіндердің де өте жақын нағашы атасы болып келеді. Бұл әулетте әдебиетіміздің абызы Сәбең есімі, шығармалары ежелден ерекше қадір тұтылады. Күлзира Мағжанқызы  Еркінге өткен уақыттарды жадырай еске алып: «Сенің кішкентай сәби күніңде ырым қылып Сәбит атаңа аузыңа түкірткенмін. Сенің жаман болмай өскенің сондықтан» деп отырады.
Осы жақсылық қадамдарын біздің Еркін Қарағанды қаласындағы студенттік жылдарында-ақ бастаған екен. Алғашқы курстарда 21 жастағы студент Коммунистік партия қатарына қабылданыпты. Бұл ол кезде өте сирек кездесетін жағдай-тын. Демек, Еркін жас та болса бас, сондай құрметке, үлкен сенімге лайықты болған ғой. Мына ғажапқа қараңыз. Сонда жиырмадан жаңада асқан бозбала жігіттің бойындағы салиқалы ұстамдылық, ұстынды қасиеттерге  қазақтың біртуар тұлғаларының бірі, Қарағанды университетінің сол тұстағы ректоры Ебней Бөкетовтің өзі зер салып, ден қойған екен. Үздік оқумен қатар факультет партбюросының мүшесі, кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде үлкен қоғамдық жұмыстар атқарады, «Семсер» атты студенттік құрылыс отрядын бір жылы комиссар, одан кейінгі жылдары командирі ретінде бастап барып, ұйымдастырушылық дарынымен танылады. Сөйтіп, университеттің жастар ұйымы серкелерінің бірі болады. Мұны бағалаған университет басшылығы Румынияға сапарлап кім барады дегенде бірауыздан ерекше Еркін Баймурзинді атайды. Осылайша жұрттың отызда бұзатын ордасын ол жиырмасында қақыратады.
Еркін Шахмаұлының өмірлік ұстанымдары, құқықтық әділеттегі құнарлы пайымдары, сарабдал судья ретіндегі қағидалы түсініктері қалыптасуында Көкшетау кезеңі үлкен орын алады. 1982 жылы алғаш стажер болып жұмысқа тұрғанда облсот төрағасы Қазкен Құрманғалиев кабинетіне жіті көз тастаған бұған: «Немене, менің орнымды қашан басам деп тұрсың ба?» деп кеңкілдеп күлген. «Жо-жоқ» деп ыңғайсызданып қалған жас қызметкерді тұқыртпай, желпіндіре: «Жассың ғой. Әлі үлгересің. Бірақ, ойың дұрыс. Осы жерде сен отыратын боласың» деп сұңғыла төраға кеудесінде жылт еткізіп бір отты тұтатып қойып еді. Қазкен Құрманғалиұлы көргені көп, ақылман адам болатын. Оның үстіне әулие екен. Арада аттай он үш жыл өткенде айтқаны айдай келді де тұрды. Дәл осы кабинет, дәл осы орынға Көкшетау облыстық сотының төрағасы болып ол кісінің талапты шәкірті Еркін Шахмаұлы жайғасты.
 Шынымен де «Талапты ерге нұр жауар» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Сол кездерде Көкшетауда әділет-заңдылық орындарында небір атпал азаматтар қызмет атқарды. Міне, Еркін солардан, Қайрат Жүсіпов, Михаил Малахов сынды аға әріптестерінен тағылым-тәлім ала білді, өмір өнегесінен де үйренді. Жұмыстағы жауапкершілігі мен бесаспап кәсібилігі бір арнада тоғысты. Бес жыл Көкшетау қалалық сотының судьясы болғанда алдынан өткен қылмыстық істерді қарау сапасы бойынша облыста ұдайы ең жақсы көрсеткішке жетіп жүрді. Сол шақтағы облыстық сот алқасының бір жиынында Қазкен Құрманғалиұлы әзіл-шыны аралас, әрі басқаларға көз қыла: «Мына Баймурзиннің шығарған шешімдері бір де бірі бұзылмай, неге бәрі сол күйінде қалады? Әлде, сендер дұрыс қарамай, не болмаса оны аяп жүрсіңдер ме?» деп нығартқаны да бар еді. Десе де, әріптестердің баршасы Баймурзин қараған істердің бұзылмайтын себебі судьяның біліктілігі мен сауаттылығында, бұра тартпайтын әділдігінде жатқанын жақсы білді, сол үшін де құрметтеді.
 Оны судьялықтан әуелі облыстық әділет басқармасы бастығының орынбасарлығына, соның ізінше осы қалалық соттың төрағалығына көтерген де осы қасиеттері болатын. Еркін Шахмаұлы жаңа қызметке келе сала бұған дейін төменгі деңгейде жүрген Көкшетау қалалық сотының жұмысына жаңа тыныс беріп, жан бітірді. Айналасы екі-үш жылдың ішінде өз басқаруындағы мекемені республика бойынша алдыңғы шепке шығарды. Мұның бұлтартпас бір дәлелі сол, Әділет министрлігі Көкшетау қалалық сотының жақсы жұмыс тәжірибесін бүкіл байтақ Қазақстанға кеңінен жайып таратты. Міне, аз уақытта осындай салиқалы жолдан өтіп, сот ісінде шыңдалып шыныққан, салауатты дәрежеге жеткен Еркін Баймурзин, 13 жыл бұрын Қазкен Құрманғалиұлы болжағандай, 1995 жылдың қазан айында облыстық сот төрағасының орынтағына отырды. Сол баяғы өзі жүрегі лүпілдеп келіп стажерлікке қабылданған кабинет. Атақты Науан хазірет мешітінің жанындағы көзге ыстық көрінетін көне кеңсе. Балаң кезінде қолдаған аға жолдастар қуана құттықтады, қырыққа жетпей қамал алғандығын айтты. Бірақ, солай болдым-толдым деп, қолыма тізгін тиді екен деп Еркін Шахмаұлы тәкаппарсып тасымады. Қанға біткен, өз бағасын өзі білетін баймурзиндік байыпты ұстамымен көпшіліктің көзіндегі, ұстараның жүзіндегі жауапты лауазымның үдесінен табылуға бар қажыр-қайратын, ақыл-тоқтамын сала білді. Ар ойлады, ынсапқа жүгінді.
 Жалпы сол жылдар киесі мен көркі бірдей Көкше жұртына оңай соққан жоқ. Өтпелі кезеңнің аума-төкпесі, нарықтың алағай-бұлағайы айналып өтпеді. Облыс жабылды. Іс басындағы азаматтардың өзі Қызылжар мен Ақмоланың арасында сең соққан балықтай сенделіп қалды. Сол сүлесоқ өліарада сабырын сақтаған сиректердің ішінде Еркін Баймурзин де бар болатын. Әлбетте, сот саласының мұндай білгірі әрі дарынды ұйымдастырушы көптеген тармақ-тармақ институттарын жаңа құрып қалыптастырып жатқан жас тәуелсіз еліміз үшін ауадай қажет-тін.
 Солай болды да. Жыл жарымдай Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы міндетін абыройлы атқарған Еркін Шахмаұлы Астанада облыстық деңгейдегі қалалық сот құрылғанда оқыған-тоқығаны мол, зерделі де зерек маман ретінде осы жауапты істің басы-қасына арнайы шақырылды. Ал,  бұған дейін Ерекең қатардағы судья болып жүріп-ақ республикалық дәрежедегі аса маңызды іс-шараны ойдағыдай ұйымдастырып, жоғары қарым-қабілетін тағы да танытып еді. Атап айтқанда, 1998 жылғы ақпан айының басында ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы мен Судьялар одағы бірлесіп Бурабайда «Қылмыстық заңнаманы дамытудың негізгі үрдістері» және «Экономикалық қылмыс» тақырыптары бойынша елдегі судьялар қауымын жиып оқу семинарын өткізген болатын. Оған сол кездегі ел президентінің кеңесшісі И.Рогов, Әділет вице-министрі А.Дауылбаев, Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Джон Пурнел сияқты бірқатар мәртебелі лауазым иелері, Әділет министрлігі мен Бас прокуратураның өкілдері қатысты. Осы жиынның ұйымдастыру-шаруашылық Һәм қаржылық жағынан демеушілер тарапынан қамтамасыз етіліп, көңілдегідей өтуіне Еркін Шахмаұлы танымал тұлғалы беделімен, ілкімді іскерлігімен үлкен үлес қосқан-ды. Мұндай ілкімділікті сол тұстағы Әділет министрі Б.Мұхамеджанов арнайы бұйрықпен атап өткенін еске салсақ та, сірә, артық емес. Сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы М.Нәрікбаев пен Судьялар одағының жауапты хатшысы А.Рекин де өз тараптарынан қатардағы судья демей, қанаттандырар ілтипат-алғыстарын айтпай қалмаған-ды.
 Міне, жоғарыда шет жағасын айтқанымыздай, осыдан көп ұзамай азаматтың қыранша шарықтап самғауының астаналық аса жауапты әрі жұлдызды кезеңі басталды. Еркін Баймурзин 1998 жылдың қазан айында елорданың қалалық сотының қылмыстық іскер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайындалды. Осы қызметті екі мерзім бойы еркін көсіліп армансыз 10 жыл атқарды. Астананың мәртебесі ғана болмаса, ол кезде мәз боларлық ештеңесі жоқ, материалдық негізі енді құрылып, барлық жұмыс енді басталып жатқан-ды. Қалалық соттың да іс жүзінде нөлден, түк жоқ жерден құралып, одан әрі біртіндеп қалыптасып, әрі қарай жемісті жұмыс істеп кетуінің бастау-барысында осы Ерекең сияқты өр тұлғалы ер жігіттер тұрды.
 Сонда Көкшетаудан алғаш ат арытып асығыс жеткен оған астаналық соттың төрағасы Сансызбек Райымбаев: «Ал, Еркін, өзің де білесің, жаңа құрылып жатырмыз. Не отыратын орын, не жазатын қағаз жоқ. Бірақ «жоқ, жоқ» деп отыра бергенмен іс бітпейді. «Жоққа» қарамай жұмыс істеуіміз керек. Сенің іскерлігіңе сенемін. Білегіңді сыбанып кіріс. Іске сәт!» – деп ағынан жарылып әрі толағай міндет пен алғадай сенім арта сөйлеп еді.
 Еркін Шахмаұлы қашанғы шешімтал оптимистігімен іске шұғыл кіріскен. Ғимарат та табылды. Оған жөндеу де жасалды. Ықтиятты кадрлар да жасақталды. Ең бастысы, жаңа елордада тура бидің кесімді де шешімді төрелігін айтқан сот ісі қаз тұрғызылып, қалыптастырылып, жолға қойылды. Елорда соты еліміз бойынша биік бедел арқалауына қол жеткізді. Еркін Шахмаұлы жүргізген сот процестері әрқашан жоғары дәрежеде ұйымдастырылуымен, қай істің де байыбына барып, қатаң немесе жұмсақтығына қарамастан, барынша әділ үкім шығарылуымен ерекшеленді. Кезінде Мартынов пен Мельников, одан кейін Мәмбетов сияқты қандықол қылмыскерлердің аса күрделі, дабыралы сот істеріндегі ең ауыр жаза кескен үкімдерін де жұртшылық әділдік салтанаты, судьяның сарабдалдығы ретінде қанағатпен қабыл алғаны белгілі. Әділет министрі, Жоғарғы сот төрағасы тарапынан болған басқа марапаттарды былай қойғанда, Судьялар одағының «Үш Би» мәртебелі белгісінің иегері атануы баймурзиндік кәсіби біліктіліктің шынайы келбетін танытқандай. Ол келбет біздің көз алдымызға қазақтың бұрынғы дана билерін, ер құнын екі ауыз сөзбен шешкен дала билігін әкеледі. Еркін Шахмаұлының судьялық тұрпаты, парасат-пайымы сол би бабаларымызға ұқсайтыны және шүбәсіз-ді.
 Иә, парасат-пайым, оған жалғасқан ой-толғам тереңдігі жайында тегін айтып тұрған жоқпыз. Елбасы Жарлығымен 2007 жылдың 26 наурызында елорданың Алматы ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған кейін де, осыған дейінгі сот алқасының он жылға созылған басшылық қызметінде де Еркін Шахмаұлы әділет қорғау ісінде биік мәдениетімен, зайырлы зияткерлігімен, майдан қыл суырғандай кесімді туралығымен танылды. Басты жүгінері – дерек пен дәлел, айғақ пен уәж. Ақиқатты осылардан шығарды. Содан да болар, қадағалау немесе апелляциялық орайда шығарылған шешімдерін өзгерту, үкімдерінің күшін жою жәйттері әсте кездескен емес. Қызметкер ретіндегі орындаушылық тәртіпті қай кезде де бірінші орынға қойды. Қылмыстық алқа және аудандық соттардың жұмысын талапқа сай ұйымдастырды, басшы ретінде еңбекке жағдай жасады, сот әділдігінің сапалы және дер мерзімінде жүзеге асуын үнемі назарда ұстады. Күрделі қылмыстық істерді бірінші сатыда қарап отырды. Жас судьяларды үйретуден жалықпады. Осындай тәлімді шәкірттердің ішінде қазіргі Жоғарғы сот төрағасының орынбасары Абай Рахметулинді, Жоғарғы сот кенесінің төрағасы Анатолий Смолинді атап өтуге болар еді. Сондай-ақ, құқықтық тақырыптарды зерттеп зерделеуді ғылыми арнаға түсірді. Сөйтіп, Еркін Баймурзин 2006 жылы әуелі кандидаттық, келесі жылы Мәскеуде ұйымдасқан қылмыстың негізгі даму үрдістері бойынша докторлық диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды. Бұл ғибратты жағдай заң университетіндегі ұлағатты ұстаздыққа жол ашты.
 Судьялар ортасы да әзіл-қалжыңға кенен. 50 жасқа келген мерейтойын өткізіп жатқан асаба: «Ереке, қонақтар жиналып қалды, енді отырғыза берейін бе?» – деп сұраса керек. Сонда Еркін Шахмаұлы міз бақпастан: «Отырғызу сот ретінде менің құзырымдағы нәрсе. Сен қонақтарды жайғастыр» деген екен. Ал, енді соңғы 7-8 жылда отставкаға шыққан ол Астананың Адвокаттар алқасында жұмыс істейді. Сөйтсе, әріптес жолдас-жоралар: «Ерекең 22 жыл бойы қылмыскерлерді отырғызып еді, енді соларды шығаруға кірісті» – деп әзілдепті. Бұған қоса: «Баймурзин раньше помогал людям неофициально, а теперь помогает официально» деп те мәтелдейді. Қалжың түбінде шындық жатыр. Бұрын әділ судья болса, қазір әйгілі де азулы адвокаттардың бірі. Қорғау көрсеткіші  жоғары. Қорғауындағы адамдардың ренжіген жері жоқ. Сондықтан да, адвокаттық қызметіне қолқа салып іздеп келушілер де толастаған емес.
Иә, азаматтың өмір белестері бедерлі. Отбасы – ордасы, балалары – базарлы бағы. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англиядан оқып келген Назгүлі шетел компаниясында жұмыс істейді. Өз жолын қуған Алмас – Атырау прокуратурасында. Екеуінен де немере сүйіп отыр. Ал, кішкентайынан әншілігімен танылып, талай жүлдені алып үлгерген Аяжаны Еуразия университетінің 3-ші курс студенті. Жұбайы Майра халыққа нотариалдық қызмет көрсетеді. Серік, Сәкен, Раушан, Гүлжан, Гүлнар, Тәния сияқты іні-қарындастары да өмірден өз өрістерін тапқан, бір-бір шат шаңырақ иелері. Төрдің төбесінде асыл анасы Күлзира. Үлгілі ұрпағының жылы шуағымен аяланып, Еркіндей ақылман баласының баянды бақ-берекесіне
сүйінеді.

Қорғанбек АМАНЖОЛ                                           

  Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар