Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушыларға арнаған сөзінде баршаны «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісі сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Сайлауға қатысу көрсеткіші 77 пайыздан асты, қазақстандықтардың 82 пайызы «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Біз бүкіл әлемге рес-публикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жатқанын, соның нәтижесінде Парламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік. Сайлаудың өту барысын жан-жақты жазып, жариялап, әлемдік қоғамдастыққа көрсеткен шетелдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс айтамын. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында қол жеткен зор демократиялық жетістігіміз. Осыған байланысты республикалық және өңірлік штаб мүшелеріне, әрбір сайлаушыға саясатымызды түсіндірген және жұртты бірлік пен болашақ табыстарға жігерлендірген сайлау алдындағы жұмысқа қатысушылардың барлығына алғыс білдіремін. Біздің ұстанған бағытымызды қолдағаны үшін барлық қазақстандықтарға рахмет. Біз біртұтас екенімізді, кез келген қиындықты еңсеріп, Қазақстанды гүлденген елге айналдыра алатынымызды көрсеттік, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына да сөз арнады.
– Мен болашақ ұрпаққа халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауды аманаттаймын. Біз Қазақстанның өсіп-өркендеп, бүкіл әлемде беделді болуы үшін тыныштық пен келісімнің негізін қаладық. Осының бәрін біз Қазақстан жастары үшін жасап жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті елдің барша халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.