Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғибраты мол тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Ғибраты мол тұлға

 

Елорданың Л.М.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар»  кітапханасында белгілі шығыстанушы ғалым, Ақмола облысы Ерейментау ауданының тумасы Сәдуақас Ғылманидың «Заманында болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты жаңа жинағының тұсаукесері болып өтті.

 

Оған есімі елге танымал ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысып, соңында үлкен мұра қалдырған заманының заңғар ойшылы, дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың өмірі мен еңбектері жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл еңбек республикамыздың Шығыстану институты ғылыми кеңесінің шешімі бойынша қазақ-ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Жауапты шығарушылары:
Ә.Қ. Муминов пен А. Дж. Франк.
Жиында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы ел арасында Сәкен халпе атанған Сәдуақас Ғылманидың білімі, сол бір ауыр заманда діни ұстанымынан қайтпаған өр мінезі, дін жолындағы ұшан-теңіз еңбегі жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, этнография ғылыми-зерттеу институтында көп жылдар бойы еңбек еткен, Сәдуақас Ғылмани шығармалары бойынша 1970 жылы диссертация қорғаған ғалым Болат Ешмұхамедұлы Көмеков тарихи тұлға өмірінің бүгінгі жұртқа белгісіздеу тұстары жайында баяндады.
– Біле білсеңіздер, Сәдуақас атамыз Өзбек елінің Бұхара шаһарындағы айтулы медреседе дәріс берген жан. Кеңес дәуірінде сол елдің мүфтиятының басшысы Зиядин Бабаханов Ғылманиден оқығанын  мақтаныш тұтып, өз жерінде өткен барлық алқалы кеңестерге шақыртып отырғанын  ұмытпауға тиістіміз. Оның білімі мұхит тәріздес, сондықтан, біз тұңғиыққа әлі де толық бойлай алмай жатырмыз, – деп түйіндеді сөзін ол.
Ислам дінінің қазақ елінде өркендеуіне жол ашумен қатар, Ғылмани дін исламға қара күйе жақпақ болған қарадүрсін, білімсіз атеистерді де дәлелді сөздерімен мінеген. Мысалы, белгілі жазушы
М.Тоқжігітовтың «Құран туралы ақиқаттар» кітабындағы келеңсіздіктерді ол өзінің 149 бет болып шыққан («Клевета и нападки на Коран») монография-сында қаймықпастан жоққа шығарды.
Сәдуақас Ғылманидың ғылым жолындағы тағы бір айтулы еңбегі «Қазақ-араб сөздігі» дер едік. Егер Ресей академигі В.Барановтың осы тектес «Орыс-араб» сөздігінің қоры бар болғаны 40 мыңның төңірегінде болса, Ғылмани кітабы 110 мың сөзді қамтыған екен. Бұл жайында профессор Дихан Қамзабекұлы атап өтті.
– Сәдуақас қажы әлемдік деңгейдегі тұлға. Сөре-сөре боп жатқан қолжазбаларын мұқият зерделеу үшін әлі бірнеше буынның күш-қуаты қажет, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстазы. – Бірақ, оның еңбектері біртіндеп түгел шығатынына біз үлкен сеніммен қараймыз.
«Отырар» кітапханасында болған осы мәдени шарада оқымысты қауым өкілдері Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Ғарифолла Есім, Амалбек Мұқышев, Қайырбек Кемеңгерұлы, Жамбыл Артықбаев, Талғат Жанайдарұлы және Сәдуақас Ғылманидың жасы 93-ке келген қызы Үкіжан апай қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Бұралаңы көп, байламы жоқ аумалы-төкпелі кезеңдер жігерлі жанға аз сынақ болған жоқ. Сәдуақас Ғылмани қажы жас кезінде Ереймен-Сілеті еліндегі көптеген мешіт-медреселердің жұмысын жандандырған. Ғалымдар келтірген деректерге қарасақ, бұл елде жыл са-йын 100-150 шәкірт білім нәрін алып отырыпты.
Сәдуақас Ғылмани өз қолжазбаларында өзін білім жолына түсірген Ақтамақ халпе, оның туған жері Ерейментау, оқыған шаһарлары Троицк, Қызылжар, Уфа туралы бірсыпыра қызықты мәліметтер келтіреді.
Ереймен өңірінде ашылған медреселерде оқуға бүгінгі Павлодар, Омбы, Баянауыл, Көкшетау мен Қарағандының жақын жатқан ауылдарынан көп шәкірттер келген. Бірақ, білімділердің бастауымен халыққа қызмет етіп тұрған осы мешіт-медреселердің бәрін дерлік 1916 жылғы көтерілісте ақ патшаның жазалаушы әскерлері қасақана өртеп жіберген екен. Ғалым бабамыз сол тұста елмен бірге болып, күші тең келмейтін қиян-кескі ұрысқа да қатысады. Ол туралы бұл шығармада өзі біраз деректер келтірген.
Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ даласындағы ислам діні туралы жазған тың еңбегінде діннің ерекше дамыған өңірі Арқа жері, қазақтың теріскейде жатқан аймақтары деуі бекерден-бекер емес. Ол әсіресе, Ереймен-Сілеті өңіріне, одан шыққан ойшылдарға көп тоқталған. Белгілі ғалым Серік Негимов мұны растап, С. Ғылманидың зерттеуінде көрсетілген қалың Қанжығалыдан тараған аталардың әрбір тарихи тұлғаларына тоқталып өтті.
Сәдуақас қажы аттары ел аузынан түспей келе жатқан, тағдыры даулы болған Науан Хазірет, Исабек ишан, Мәшһүр Жүсіп, Қожа Ахмет Хазірет, Көшмұхаммед молда, Сәлмен қажы сияқты көптеген қыр қазақтарының маңдай алды мақтаныштары жайлы шынайы әңгімелер жазған.
Кеңестік дәуірде жазылған көркем шығармаларда оларға қара көлеңке аз түсірілмеген. Мысалы, Науан Хазірет туралы жаңсақ пікірді біз Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасынан жақсы білеміз.
Сол ғұламалардың ғұмырын зерделеген ғалым бабамыз олардың елге сіңірген еңбегін барынша айшықтап беруге көп ой толғағаны көрініп тұр. Науанның ислам діні жолындағы еңбегі айрықша. Еліміздің ішкі ынтымағы, бірлігі, ұлттық сыйластық, қасиеті мен тілі сол адамдардың орасан еңбегінің арқасында сақталып қалды. Соның негізінде қазақтың дәстүрлі діні, өмірлік қағидалары мен өлшемдері бүгінгі ұрпағына жетті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» қоғамдық кеңесінің ұйғарымымен екінші рет шығарылған бұл кітапта Сәдуақас қажы Сарыарқа жерінен суырылып шыққан, бірақ, елеусіз қалып қойған 59 дін қайраткерлері туралы барынша толымды мағлұмат берген. Зерделеп оқыған кісі оны айқын аңғарады. Ішінде өмірде өз көргендері де аз емес. Солардың дуалы ауыздарынан шыққан сөздер оқырманын бейжай қалдырмайды. Ерейменнен шыққан Тоқан Хазіреттің: «Ғұламалардың мәжілісі – жұмақ», Мұқат молданың: «Қиындықпен түзеген тұрмыстың рахаты мол болады» деген қанатты сөздері қазақ халқының тәубешілдігін, сенімін аңғартады.
Кітапта ғылым мен  әдебиет майданында жол бастаған Абай, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Л.Толстой, И.Крылов сияқты заманының озық ойлы данагөйлері туралы пікірлер
келтірілген.
Сәдуақас Ғылманидың республикамызға сіңірген еңбегі өте зор дер едік. 1929 жылдан бері «теріс көзқарастылар» тізіміне түскендердің бірі болғасын үнемі қудалауда болды. Ұзақ жылдар Омбы маңайын паналады. Әкесінің сүйегі сол жақта қалды. Қандай қиындық көрсе де өз еркімен бет түзеген бағытынан, жүрегіне ұялаған иманы мен сенімінен айнымады. Ол аңдушы мен көрсетушінің қиянатты істерінен көп жапа шекті. «Ұшарын жел, қонатынын  сай білетін» заманда көптеген жақын-туыстарынан, бала-шағасынан көз жазып қалды. Мұндай сұмдықтарды Бөгенбай баһадүрдің тамыры сан-салалы қара орманнан дараланып шыққан тарихи тұлғалар да бастарынан өткізді.
Ғалым қазақ елінің мұратымен өмір сүрген дарынды ақындар Олжабай Нұралыұлы, Ералы Саққұлақұлы,  Үмбетей жырау шығармаларын жинақтап, ұрпақтарына оны мұра ретінде қалдырды. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жерін қорғаған айтулы батырдың ұрпақтары сол заманда қудалауға түскені өз алдына, одан да сорақысы – олар шет жаққа, – Каспий мен Ертіс бойына қарай жер аударылып еді. Игі жақсылардың қасында болған, солардың шапағатын көрген Сәдуақас қажы да қара тізімге алдымен іліккен-ді.
Әділдік елімізге тек егемендікпен бірге  келді. Астана қаласына бір кездері басшылық жасаған Иманғали Тасмағамбетов пен Төлеген Мұхамеджанов Сәдуақас қажы ұзақ жылдар бойы имам болған орталық мешітке оның есімін бергізуге көп еңбек сіңірді. Ал, діндардың 1946 жылы өзі салған ескі мешітінің ғимараты бертін келе мұражайға айналды.
С.Ғылмани 20 жыл бойы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына жетекшілік жасаған.
Көрнекті қоғам және дін қайраткерінің ақындығы мен аудармашылық қасиеттері ерекше-тін. Ол Қазақ Ғылым академиясының тапсырысымен Әл-Фараби шығармаларын арабшадан қазақшаға тікелей аударды. Жалпы, ислам діні туралы 45 кітап шығарған екен. Жасаған әдістемелік оқулықтары да аз емес.
Кейуана Үкіжан Сәдуақасқызының сөзімен келтірсек: «Ғылмани Елбасымыз айтқан «Дін мен дәстүр» қағидасын әуелден-ақ берік ұстанған жан болған. Сыйымы кең сыр сандыққа ұқсаған рухани таусылмас қазына».
Қажы ата қалдырған асыл мұраның біртіндеп кітап болып шығып жатқанына елі  қуану үстінде. Оған қаржылай көмектерін көрсетіп жатқан кәсіпкерлерге айтар алғысымыз зор. Ғалымның осы жолғы еңбегіне Бөгенбай батырдың ұрпағы Ерлан Барлыбаев қолдау жасапты. Бабалар аманатына, асыл дінімізге берік әрі адал болғаннан артық бақыт бар ма! Сәдуақас Ғылманидың өмірі, көрген тауқыметі соның айқын дәлелі.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар