облысымыздың өзге оқу орындарына да үлгі болса…
Облыс орталығындағы №18 орта мектепте Наурыз мерекесі айрықша сән-салтанатымен аталып өтті. Мектеп ауласында үлкен-кіші көп болды. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға шамамен бір мыңнан артық адам жиналды. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан республикалық пәндер олимпиадасына қатысуға келген оқушылар да бар еді.
Мұнда жасау-жабдығы көздің жауын алатын екі киіз үй тігілді. Бірін мектеп ұжымы құрса, бірін Ауған соғысы ардагерлері қоғамының мүшелері тіккен еді. Аулада әртүрлі ойын-сауық ұйымдастырылды. Наурыз тойына жиналған жұрт бір-бірімен амандасып, «Наурыз құтты болсын», «Ақ мол болсын» деген ақжарма тілектерін айтып жатты. Ұлттық киім киген ұстаздар мен шәкірттер жиналғандарға дәмі тіл үйіретін Наурыз көже ұсынды.
Мереке театрландырылған қойылымнан бастау алды. Ортаға Қызыр баба шығып, елге жақсылық, молшылық тілеп, ақ батасын берді. Мейрам концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мектеп оқушылары талшыбықтай бұрала би билеп, нақышына келтіре ән орындап берді. Содан соң тойшы қауым киіз үйлерді аралап, дастарханда самсап тұрған ұлттық тағамдардан дәм татты. Нау-
рыз дастарханында қазы-қарта, қымыз, құрт, сүзбе және әртүрлі тәттілер болды. Қонақтар тек ауыз тиіп қана қоймай, салт-дәстүр және киіз үйдің құрылымына байланысты сұрақтарға жауап беріп отырды. Көктемнің ізгілікпен өрнектелген мерекесі жиналғандарға үлкен қуаныш сыйлады. Мәз-мейрам болысқан жұрт әр ойынға белсенді қатысып, думанды қыздыра түсті.
Спорттық шаралар да қызығушылық туғызды. Ауланың бір шетінде сыныптар арасында жарыстар өткізілді. Мектеп оқушылары арқан тарту, қол күресі және асық ойыны бойынша бақтарын сынаса, кішкентай балдырғандар әткеншекке жарыса мініп жатты. Аталмыш оқу ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Кенжетаеваны сөзге тартқанымызда, ол атаулы мерекеге тыңғылықты дайындық жүргізіп, ұлттық болмысымызды дұрыс жеткізуге қатты көңіл бөлгендерін айтып өтті. Ия, шынымен Наурыз мерекесі жоғары деңгейде тойланды. Білім ошағы өзге мекемелерге үлгі болатындай шара ұйымдастырды. Мұны көңілді тарқасқан көпшілік қауымның көтеріңкі көңіл-күйінен де ұғындық.
Ырысгүл АШУОВА
Суреттерде: мерекелік шаралардан көріністер.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.