Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жауапты кезеңде - АРҚА АЖАРЫ

Жауапты кезеңде

 Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жыл басынан бергі қорытындылары және 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асырудың жайы туралы мәселелер қаралды.

  Әкімдік мәжілісінде күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жос-парлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров өңірдің биылғы қаңтар-ақпан айларында қол жеткен көрсеткіштеріне кеңінен тоқталып өтті. Бұл жұмыс нәтижелері әзірше көңіл қуантарлықтай. Халық шаруашылығының барлық салаларында облыс республика бойынша алдыңғы қатарлардан көрінген. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы жөнінен бірінші орында тұр. 11,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл жағынан да жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізілген. Алтын, подшипник, құбырлар өндіруден өнім көлемі  2,3-3,5 есеге артқан. Индустрияландыру картасы бойынша 60 жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласында да төрт түлік малдың айтарлықтай өсімі байқалады. Осыған сәйкес ет, сүт, жұмыртқа өндіру де ұлғая түскен.
Алайда, облыстың  өз ішінде аудандар мен қалалар және өндіріс орындары бойынша  саралай келгенде, қол жеткен көрсеткіштердің ала-құлалылығы  байқалады. Бірінде жұмыс бірсыдырғы жақсы жүргізілген, бірінде кемшін түсіп жатыр. Айталық, облыста өткен екі айда 78 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілгенімен, төрт аудан тұрғын үй құрылысын мүлдем қолға алмаған.
Осы орайда, облыс әкімі мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік туралы  орынды сөз қозғай келе, Көкшетау қаласы бастап, басқа аудандар қостап, тезірек жоспардағы жеті жобаны іске асыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл салада жұмыстың алға баспай жатқандығын айтып, барлық әкімдерге ескерту жасады және жағдайды түзеу үшін екі апта уақыт берді.
Облыста кейбір мектептердің құрылысы тендерлерді ұтып алған бас мердігерлердің жауапсыздығынан 4-5  жылға созыла түскен. Олармен  сот та соншаға созылуда. Сондықтан, осының бәрін тезірек жөнге келтіріп,  биыл бұл мектептердің құрылысын аяқтау керек. Облыс әкімі тиісті қызметтерден осыны талап етіп, жаңа құрылыстарға қатысты тендерлерді қазірден бас-тап өткізу қажеттігіне назар аударды. Сонда ғана жұмыс уақытында жүргізілетін болады.
Мәжілісте келесі бір назар аударылған мәселе – басқа көрсеткіштерден алда болғанымен, жалақы деңгейінен облыстың  республика бойынша 13-інші орында қалып отырғаны. Шаруашылық субъектілері өздерінде жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысын көтеруді ойластырулары тиіс. Кей шаруашылықтар өз жұмысшыларына  тегін жемшөппен қарасады, науқандық шараларда тегін ыстық тамақ береді. Басқа да көрсетілетін әлеуметтік көмектер бар. Осының  бәрі есептей келгенде кәдімгі жалақыға жататын ақша.  Демек, оны да сол еңбекақының есебіне енгізуге болады.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру туралы баяндама жасап,  өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді тілге тиек етті. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтегі реформалардан бастап, бұл орайда, біраз істер қолға алынуда. Ұлт жоспарының екінші бағыты бойынша жергілікті полиция қызметі құрылды. Энергетика саласында да бір шоғыр жұмыстар кезек күтуде. Жаңа заң бойынша 26 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Жергілікті жерлерде жаңа Еңбек кодексін түсіндіру шаралары да назардан тыс қалмауы тиіс. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін «Өрлеу» пилоттық жобасы  өте пайдалы болмақшы. Ұлт жоспары негізінде Ақмола облысы аумақтарын дамытудың жаңа үлгісі қарастырылуда. Әлемдегі экономикалық дағдарыстың  салдарынан өкінішке орай, 59 жұмыс орнының қысқартылуы  сияқты кері мысалдар да бар. Қабылданған меморандумдар бойынша мұндай жағдайларға жол беруге болмайды.
Жалпы, 100 нақты қадамға байланысты облыста жасалған шаралар жоспары барлық күш-жігер жұмылдырыла отырып, алдағы уақытта да  іргелі істердің  атқарылатынын меңзейді. Облыс әкімі де өз сөзінде осыған екпін беріп, әр аудан, қала әкімі мен басқарма басшысының  осы бағыттағы өз жоспарларын белгілеуін, сөйтіп, келесі айдың өзінде оның нәтижесі көрінуі тиістігін баса атап өткенін айта кеткен жөн.  Соның ішінде, әсіресе, жобалық-сметалық  құжаттамаларды уақытында дайындаудың да маңызы зор болып отыр. Өйткені, кейбір қажетті жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттен қаржы бөлінгенде, сол құжаттамалардың болмай қалуы жиі кездесуде. Осыған байланысты әкімдік мәжілісінде қозғалған мәселелер мен алға қойылған міндеттердің олқы соғып жатқан тұстарды жақсартуға игі септігі тимей қоймайтыны айқын.
 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар