Ауданда жастардың ресурстық орталығы еріктілердің клубын құрды. Белсенді жас қыз-жігіттердің басын қосқан клуб төрт бағытта – әлеуметтік, экологиялық, мәдени-көпшілік және отансүйгіштік бағытында жұмыс істейтін болады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дастан Рахымжановтың айтуынша, жоғарыда аталған төрт бағыт бойынша жоспар жасалып, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бірінші бағыт бойынша жалғызбасты егде адамдарға көмектесу, басқа да қайырымдылық шараларына қатысу көзделсе, екінші бағыт бойынша экологиялық сенбіліктер өткізіп, елді мекендер мен орманды, өзен-көлдерді тазарту жұмыстары қолға алынбақ.
Еріктілер клубы жоспарлаған төрт бағыт бойынша жұмыстарды бастап кетті. Таяуда жастар тыл ардагері Александр Куленичтің ауласын қардан тазартып берді. Сондай-ақ, отансүйгіштік тақырыбындағы кинокартинаны бірлесе көріп, алған әсерлерімен бөлісті.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.
Зеренді ауданы.