Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Театр күні тойланды - АРҚА АЖАРЫ

Театр күні тойланды

Облыстық орыс драма театрында халықаралық театр күніне орай, осымен үшінші рет актерлер мен режиссерлерді марапаттайтын «Гвоздь сезона» салтанатты рәсімі болып өтті.

«Гвоздь сезона» –  әрдайым тартымды өтетін шара. Бұған театр өнерін жанымен сүйетін көрермен жылда ағылып келіп, өз сүйікті актеріне, ұнаған қойылымына, ең талантты деген режиссеріне дауыс беріп, арнайы аталымдарды жеңіп алуына жол ашады. Биыл бұл шарада тоғыз аталым бойынша марапаттау болды. Солардың екеуі жаңадан қосылған «Үздік жыл қойылымы» мен «Үздік балалар қойылымы» аталымдары. Бұл жерде әділқазылар алқасы да, театр сыншылары да болмайды. Жеңімпаздарды көзі қарақты көрерменнің дауыс беруі арқылы анықтайды. Театр директоры Бейбіт Бахтыгереевтің бастамасымен дәстүрлі түрде өтетін бұл шара театр тынысын ашып, оның қызметкерлерін ынталандыра түсетіні анық. Себебі, жергілікті кәсіпкерлердің осы өнерге деген ыстық ықыласының белгісі ретінде тапсырылатын сыйақы мөлшері де аз емес. Бейбіт Бахтыгереевтің айтуынша, «театр – адамзатты ілкі замандардан бері рухани жүдеуден, азғындаудан сақтап, тазалыққа, игілікке шақырып,  жақсылық атаулының бәрін бойына жинап жүрген өнер ордасы. Сол үшін осы киелі сахнаның құтын қашырмай, актерлерді де, режиссерлерді де ынталандырып отыру қажет. Және оны басқа ешкім емес, өз көрерменіміз жасағаны абзал. Сол кезде актерлерін көрсем деп көрермен де асығып тұрады, актерлер де көрерменін асыға күтеді», –  дейді ол.
Қалың көрерменнің ішінде еліміздің беткеұстар азаматтары мен қарапайым көрермендер де, кәсіпкерлер де, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актерлері де болды. Жұртшылықтың құрмет-қошеметіне бөленген сәні мен салтанаты жарасқан актерлер қызыл жолақпен залға өтті. Олардың соңын ала сүйсініп, таңырқап, тамсана гулесіп көрермен де кірді.
Шараны жүргізген Дина Галлямованың хабарлауымен «Үздік жыл актеры» аталымының жеңімпазы анықталды. Бұл аталымға Андрей Владимиров, Станислав Тавгень мен Василий Герчанниковтер үміткер болса да, көкшетаулық кәсіпкерлердің тағайындаған сыйақысы мен үздік жыл актеры атағын көрермендердің дауыс беруі арқылы Андрей Владимиров жеңіп алды. Оны осы аталымның екі жыл қатарынан демеушісі болып келе жатқан кәсіпкер Вячеслав Никитин тапсырды. «Үздік жыл актрисасы» аталымын Елена Тавгень иеленді. Оны облыстық кәсіпкерлер одағының төрайымы Елена Мащинскаяның атынан Бейжіңде өткен Олимпиаданың қола жүлдегері Мария Грабовецкая тапсырды. Сахнаға жеңімпаз актрисамен бірге оның цехтағы көмекшілері Оксана Науменко мен Надежда Слепцова көтерілді. Надежда Михайловна бұл күні «театр өнеріне қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша марапатталды. Оны облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Асан Абдралин тапсырды. «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша «Панночка» қойылымымен Ольга Луцива жеңіске жетті. Режиссер бұл күні сахнаға үш рет көтерілді. Оның «Ночные ведьмы» мен «Выкрутасы Бабы Яги» атты қос қойылымы «Үздік жыл қойылымы» мен «Үздік балалар қойылымы» аталымдары бойынша үздік болып танылды. Ал, көрермен көзайымы болған Станислав Тавгениге сыйақысын  облыстық «Русская община» қоғамдық бірлестігі атынан әнші, әрлеуші Руслан Богданов пен Наталья Замолоцких тапсырды. Театр әкімшілігінің өзі анықтайтын жалғыз аталымы бар. Ол – «Жыл жаңалығы». Мұны Kinder
театрының «Топ топыч» қойылымы иеленді.
Марапаттау соңында Бейбіт Бахтыгереев: – кез келген театр күнін атап өткенде, театрдың туған күнін тойлағанда, оның ашылуына ұйытқы болған адамды айтпай кету мүмкін емес. Сол себепті, осы аталымдарды тағайындар алдында біз театрымыздың қабырғасын қалаған Яков Куклинскийді аттап өте алмадық. Соның атынан арнайы сыйақы тағайындадық, – деді ол. Бұл сыйақыны Виктор Крылов иеленді. Виктор өз кезегінде театрды ашқан Яков Куклинскиймен бір сахнада өнер көрсете алмағанына өкінішін білдірді. Бірақ, оның әйелі Галина Куклинскаямен «Вечер» атты қойылымда бірге ойнау бақыты бұйырғанына қуанышты екенін жеткізді.
Театр актерлері облысымыздан тыс жерде де үлкен абыройға ие. Олар Йошкар-Ола қаласында өткен Ресей және шетел театрларының «Достық көпірі» атты 12-ші халықаралық фестиваліне қатысып, «За верность традициям» және  «Үздік дуэт» жүлдегері атанған. Аталмыш жүлдені көкшетаулық көрерменнің алдында Виктор Крылов пен Елена Лукьяноваға «Подвальное окно» қойылымындағы ана мен баланың рөлі үшін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева мен театр  директоры тапсырды.
Шараның ресми бөлімі біткен соң, жаңа бастамалардың символы ретінде сахнаға үлкен шеге қағылды. Көрермендердің көңілінен шығып, театр ұжымын жігерлендірген шара осылай өз мәресіне жетті.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар