Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жылдар көші ұмытпайды - АРҚА АЖАРЫ

Жылдар көші ұмытпайды

Онсыз да күн мен түн сынаптай тез сырғып жатқан уақыт шіркін, алды-артымызға қаратпай алып-ұштырып барады. Жайшылықта да таңданысымыз көп оған осындайда тағы бір қайран қаласың. Кеше ғана дүниеден озған қазақтың арда ақыны Нұрғожа Ораз ағамыздың да қас пен көздің арасында қырқы келіп қалыпты.

 

Осыны ойлағанда ол кісі мен уақыт деген тұрлаусыз болмысты санамызда қатар салмақтап, өзімізше бір байламға да  келгендейміз. Ол – ендігі жерде көрнекті қаламгер есімі мен сол біз безбендеп жатқан уақыт-құдіреттің  бірге жасай беретіндігі, бір-бірінен ажырамастай егіз ұғымға айналатындығы. Егіз ұғым деп отырғанымыз, Нұрғожа ағаның айлар, жылдар, онжылдықтар ағынымен уақыт мінберінен тек бүгін ғана емес, келер ұрпақтарға да  тіл қататыны, ал, уақыттың  сол  қаламгерлік үн мен әдеби мол мұраны иесімен бірге болашаққа шығандата берері әлден ақиқат.  
Өйткені, жер бетінде қазақ атты халық барында, елі үшін қаламымен қыруар шаруа тындырған, сөйтіп, осы жолда жанкешті қажыр-қайратқа барған мұндай тұлғалардың  ісі де, аты да ешқашан өзі өлдімен өшіп қалмайды. «Нұрғожа Ораз дүниеден өтті» деген сөз сонау бір шеті Алматы, басқа өңірлеріміз бар, бүкіл қазақ даласын шарлап кеткенін көз көрді, көңіл түйсінді. Әрі сүйсінді де. Бұлай дейтініміз, жайшылықта қарапайым, көп ішінен ұмтылып,  дараланып, өзі үшін көзге түсе бермейтін қарымды қаламгердің тілеулестері, талантына ден қоюшылары  қандай көп болса, бедел-абыройы да сондай зор екені осы күндері жақсы аңғарылды. Телеарналар тағы бір жыр жампозының дүниеден өткенін қамыға хабарлап жатса, бұл парыздарын газеттер де қылаусыз өтеп,  талай әріптестері қалың еліне Нұрғожа Ораздың кім екенін көкіректері қарс айырыла жеткізумен болды.  
Бұл арада  «тағы бір» деуіміздің де жанға жайсыз ауыр астары бар. Әріге бармай, соңғы жылдардың бедерін ғана алсақ та, арамыздан келместің сапары мәңгіге ертіп әкеткен үлкенді-кішілі қаншама ақын-жазушыларымыздан айырылған екенбіз. Сол қимастарымыздың ішінде ағамыздың ақындар ауылындағы жөні бөлек жан серігі, тап бір серт беріскендей айнымас достықтарына бүкіл қалам ұстаған ағайын көзайым болған Тұманбай Молдағалиев – Тұмаш ағамыз да бар екені белгілі. Сонау  студенттік кезден басталған адал көңіл-ниеттің, жер жәннаты Жетісу мен  сайын дала – Сарыарқаның қос баласының  өмір бойы бір-біріне деген риясыз ыстық ықыласының ғажайып өнегесі Тұманбай ағамыз дүниеден өткенде де, біздің жанымызды алдымен тербей берген. Тербегені, ұлы лирик ақынның   қазасын естігенде, бірден көз алдымызға өзіміз білетін  Нұрғожа ағамыз да келе қалып,  жан досынсыз қиын соғатынын топшылағанбыз.  Көңіл деген көк дөненнің сол сезімталдығын-ай.
Расында да, солай болды. Жанындай көрген Тұмашынсыз көп қапаланған ақын жүрегі  қимас бауырына тұтас бір жыр топтамаларын арнады. Соны оқып, көңіл иірімдерінен өткізгенде шын достықтың қадірі алдымыздан  саумал самал болып есті, күн нұрындай шуағымен өбіп, құлазыған дала, құйған нөсер болып әрі-сәрі күйге бөледі.  Бұл да кәдімгі шындық. Біздің жан дүниемізді ақынның ақынға деген алабөтен аңсары, қимас сезімі мен сарғайған сағынышы, мұңая жүріп жетілген ортақ тағдыры осылай тербетпегенде, қалай тербетсін. Нағыз жүректен шыққан жыр жолдарынан соны олжалап, соған бас қойғанбыз біз.
Ақын Нұрғожа Ораз қаламдасқа адалдығы, азаматқа құрметін бұған дейін де ешбір ірікпеген. «Арқа ажары» газетіне жиырма жылға тарта жетекшілік еткен Октябрь Әлібек ағамызға арнап жазған мақаласында «Октябрьдің бүгінгі өзі жоқтағы жетпіс бес жылдығы оны жақсы білетін, жақсы көретін жандарды бір желпінтіп, біз жоғарыда айтқан азаматтық асыл қасиеттерін еске түсіріп отырарын жақсы білеміз» деп ағынан жарылуы да соның бір айғағы. Ажал деген  дауасызға амал бар ма. Осы сөз енді ол кісінің өзіне айтылғандай. Ертең амандық болса, таяп тұрған сексен бес жылдығында көзі мен құлағы қанық ел Нұрғожа Оразды да осы тұрғыдан іздейтіні даусыз.
Қабырғалы қаламгер бізге ең алдымен, қазақтың сөз өнерін ана сүтімен бойына сіңірген ақындық және жазушылық дарыны,  азаматтық  зор тұлғасымен қымбат. Өткен өмір жолына қарап, Нұрғожа ағамыздың бар саналы ғұмыры күреспен өтті деуге болады. Ол – ұлтының ділі үшін, тілі үшін күрес, кешегі сыңаржақ саясаттың  бұра тартқан басқа да өктемдік, жаңсақтықтарымен  күрес. Жалпы, Арқада, соның ішінде бүгін Елордаға айналған Ақмоладай киелі ортада елге, ұлтқа жаны ашып, жүрегі ауыратын, шаршы топта мүдірмей,  көптің сөзін айта білетін осындай бір ерек тұлға сөз жоқ, керек еді. Ол адам да біздіңше, осы Нұрғожа Ораз болды.
1965 жылдың өзінде Қазақстан Жазушылар одағының бес-алты облысты  біріктірген Целиноград облысаралық  бөлімшесіне жетекшілік ете бастаған ақын қаншама жыл бойы осы аймақтағы әдеби ортаны қалыптастыруға, жас таланттарды шыңдауға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ал, ұлт руханиятына салқындығы басым болған кеңес дәуірінің өзінде теріскей өңірде «Сарыарқа» атты әдеби-көркем журнал шығарылуына қол жеткізуін әдебиет майданындағы ерлікке баласақ та артық емес. Қазір ғой, Қызылжарда «Мағжан», Көкшетауда «Көкшетау» мен «Жер шоқтығы», Қарағандыда «Қасым»,  тағы басқа журналдарымыздың бары. Ол кезде қырдағы қойшы қонышына салып жүріп оқыған республикалық «Жұлдыз» журналынан кейін осы «Сарыарқаны» білетінбіз, «шіркін-ай, соған өлеңіміз шықса» деп армандайтынбыз. Өз перзентіндей көрген сол басылымның туын Нұрғожа ағамыз елден қуат кеткен ана бір қиын-қыстау кезеңде де жықпады. Атауын «Жаңа Сарыарқа» деп бүгінгі заманға лайықтап, бір қолдан кейінгілерге табыстап кетті.
Соңғы жылдары өз басымыз Көкшетауда жүрсек те, көрнекті қалам иесінің жан-жақтылығына, қарым-қабілетінің поэзия, прозаға бірдей еркін дендейтініне жете тәнті бола түсетінбіз. Қос жанрда өндірте жазған Нұрғожа Ораз мұрасы талай ұрпақты молынан сусындатарлық бай мұра-ау деген ой жиі келіп қалатын. Кезінде «Көкшетау» журналына да үлкен ілтипатпен ұсынып,  осы басылымда өзіміз қуана жариялаған заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин туралы «Ел ардағы – ер тұлға», Халық ақыны Шәкен Отызбаев жайлы «Қос өнерді пар жеккен»  эсселерінде ұлтымыздың өткен тарихын жақсы білетіні, сонау бала жасынан ел ішіндегі шежіре қарттардың әңгімелерін көкейіне мықтап құйып алғаны да мен мұндалай түскен-ді. Осының бәрін түйіндей келгенде, Ақмола мен Көкше елі қосылғалы көпшілік жерлерде үш-төрт рет қана қысқа жүздескеніміз болмаса, көп таныс-білістігіміз жоқ аға есімі біздің де бір бүйірімізден шықпай, көңілімізде  тұрақтап қалғаны анық еді.
Оның үстіне қазіргі «Арқа ажары» газетіндегі біздерді бұл кісіні  өз ағамыздай көріп, қадір-қасиетіне бойлай түсуімізге міндеттей түсетін тағы бір жай, жас кезінде «Тың өлкесі» атанып тұрған осы басылымда қызмет атқарып, қалыптасып келе жатқан қаламгерлік қолтаңбасын осынау қара шаңырақта да  қалдыруы болатын.    
Сөзіміздің орта тұсында елінің жанашыры ғана емес, жоқ-жітігінің жоқтаушысы да бола білген Нұрғожа ағамыздай бір сергек ой қайнары  теріскейдегі Ақмолаға керек еді деп едік. Сол ақжолтай істердің бәрі жазушының  өзі де жазғанындай, кейін ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ойысқан тарихи оқиғаға ұласты. Сондағы  бір топ ел үлкендері Елбасына бата беріп,  қаланың кілтін тапсырған ұмытылмас сәттің басы-қасында көңілі шалқып-тасып осы ағамыз да жүрді. Бұл – сүйікті  Ақмоласының осы бақыты үшін ақын жанының ғажап бір күй кешуі еді. Кейін де Тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолында қаншама ой толғап, жыр төгіп, еліне, жеріне сол кіршіксіз махаббатымен көз жұмған Нұрғожа ағамыздың есімі мен еңбегін де  мына замана көші елеусіз қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа табыстай түсері сөзсіз. Өйткені, асылдармен қашанда солай болған, бола да бермекші!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар