Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі осы саладағы қылмыстарға қарсы күресте пәрменді жұмыстар жүргізіп келеді.
Өткен бір жылдың ішінде ғана бұл құрылым мемлекет қазынасына 528547228 теңге көлеміндегі келтірілген шығынды қайтарды. Бұл жөнінде департаментте өткен брифингте баяндалды. 2014 жылдың соңында салық, кеден және қаржы полициясы органдарын қосып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрамында Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған болатын. Бұл оңтайландыру маңызды үш саланың қызмет пәрменділігін арттырып қана қоймай, оның құзырет аясын да кеңейте түскен. Комитет пен оның аймақтық құрылымдары саналатын мемлекеттік кіріс департаменттері құрамынан экономикалық қылмыстармен күресетін жаңа құрылым – экономикалық тергеу қызметінің пайда болуы қаржы-экономика саласындағы заң бұзушылықтар мен қылмыстарды ауыздықтауға үлкен серпін берді. 2015 жылғы экономикалық тергеу қызметінің атқарған жұмыс нәтижелері осыған толық дәлел бола алады.
Ақмола облысы бойынша кірістер департаменті заңсыздықтың алдын алу және бақылау басқармасының басшысы Қоныс Жұмағұловтың айтуынша, өткен жылы экономикалық заң бұзушылықтар салдарынан мемлекетке 1288106028 теңге көлемінде келтірілген залал анықталып, соның 41 пайызы мемлекет қоржынына қайтарылған. 2015 жылы бұл құрылым экономика саласы бойынша жалпы саны 652 қылмыстық іс қозғаса, солардың 276-сы аяқталып, сотқа жолданған.
Басқарма басшысының айтуынша, мемлекетке үлкен көлемде зиян келтіруге қатысты қылмыстардың басым бөлігі жалған кәсіпкерлікке қатысты болып отыр. Экономикалық тергеу қызметі өткен жылы осы тарапта 21 қылмысты ашып жүргізсе, биылғы жылдың басынан бері 9 қылмыс анықталған. Аталмыш құрылым жедел іздестіру шарасы барысында бес адамнан тұратын жалған шот-фактуралар жасайтын қылмыстық топты анықтады. Қазіргі күні бұл қылмыс бойынша тергеу жұмыстары аяқталып, іс сотта қаралуда. Келтірілген зиян сомасы – 3,6 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге, оннан астам заңсыз жұмыс жасап жатқан құмар ойын орындары анықталып, қызметтері тоқтатылды. 69 жалған ақша жасау оқиғасы тіркеліп, республикалық құзырлы органдардың көмегімен жалған ақша жасаушылардың жолы кесілді.
Басты міндеті – бизнес құрылымдарының кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай туғызып, жауапсыз кәсіпкерлерді анықтау және олардың заңсыздықтарына тосқауыл қою болып табылатын жаңа құрылым өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып отырғанын іс жүзінде көрсетуде.
Қалкөз ЖҮСІП