Жас ұрпақты отансүйгіш, ел заңдарына, өзінің конституциялық міндеттеріне берік азамат етіп тәрбиелеу мемлекетіміздің ертеңі үшін аса маңызды іс. Сол себепті, жастарды патриоттыққа шақыратын шаралар өткізу тұрақты қолға алынып келеді.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 71 жыл, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 24 жыл толуына орай бірқатар жауапты мекемелермен бірлесіп, патриоттық айлық өткіземіз деп шештік. Бұл істе әсіресе, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, «Отан» қоғамдық бірлестігі, Көкшетау қалалық білім бөлімі мен қалалық ардагерлер ұйымы белсенділік танытып отыр. Айлықтың салтанатты ашылу рәсімі облысымыздың барлық білім беру ошақтарында үстіміздегі айдың тоғызы күніне жоспарланды.
Осындай айтулы шара барысында соғыс және еңбек ардагерлеріне де қамқорлық танытып, қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырамын. Бүгінгі бейбіт күніміз үшін оларға қашанда құрметімізді білдіру баршамыздың парызымыз. Үстіміздегі жылдың 1-9 мамыр күндері аралығында өтетін еске алу шарасында барлық мекемелер майдан даласында қаза тапқан жерлестеріміздің зираттарының айналасын қалыпқа келтіріп, рухтарына тағзым ету қажет. Бұдан басқа, Жеңіс күні қарсаңында көптеген спорт түрлерінен жарыстар өткізілмекші. Баршамыз ортақ істен қалыс қалмай, белсенділік
танытайық.
Николай ИВАНОВ,
«Отан» қоғамдық бірлестігінің
ардагері, отставкадағы полковник.