Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күй кеші - АРҚА АЖАРЫ

Күй кеші

Облыстық филармонияда күй атасы Құрманғазының шәкірті, Қазақ КСР-нің әртісі, күйші Дина Нұрпейісованың 155 жылдығына арналған Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің «Әсем қоңыр» атты концерті болып өтті. 

 

Дина жастайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлкей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, өзі туған аймаққа  «домбырашы қыз» деген атпен танылған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй тартыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақыты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.
Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу өтеді.  Дина атасының атын атай алмай, фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Міне, сол Динаның 155 жылдығына арналған мерекелі концерт Көкшетау сахнасын батыстың төкпе күйіндей дүбірлетіп өтті.
Концерт басталмас бұрын көрермен қауымға Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын, жеке күйлерінің шығу тарихын қамтитын деректі фильм көрсетілді. Сахна төріндегі үлкен экраннан Динаның күй шертіп отырған бейнебаяны көпшілікке ерекше әсер етті.  
Тұрлықожа Базаров пен Руслан Қойшыбаевтың дирижерлігімен оркестрдің жеке орындаушылары Дина Нұрпейісованың бірқатар күйлерін орындап шықты. Күйшінің шығармашылығын ғалымдар екі кезеңге бөліп қарайды. Біріншісі революцияға дейінгі, екіншісі Кеңес үкіметі орнаған уақытты қамтиды. Концерт екі кезеңді де толық қамтыған.
Динаның «Әсем қоңыр», «Өттің дәурен», «Партия», «Он алтыншы жыл» сияқты күйлері оркестрмен шертілсе, «Мереке» күйін көрермендер Азамат Айқышевтың жеке орындауында тыңдады. Сондай-ақ,  «Жеңіс» күйін Алмас Омаров, «Жігерді» Құрмет Сейіт, «Домалатпайды» Әсел Бейсембина, «Байжұманы» Қайырбек Қарабаев үлкен шеберлікпен орындап шықты.
Сонымен қатар, Құрманғазы Сағырбайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Айтқали Жайымовтың, Нұрлан Бекенов пен Берік Оразалиннің шығармалары да орындалды.  
 Кештің құрметті қонақтары ретінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері  «Астана Опера» опера және балет театрының музыкалық жетекшісі, дирижер Абзал Мұхитдинов пен Астана қаласындағы мемлекеттік филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижеры,  профессор Айтқали Жайымов қатысты. Кеш барысында домбырашы Саят Бабаевтың орындауында Айтқали Жайымовтың Дина Нұрпейісоваға арналған «Күй ана» атты күйі көрермен көңілінен шықты.
Концертті Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ғалия Рамазанова жүргізді.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар