Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ақмола облысында пікірсайыс қозғалысының құрылғанына 20 жыл толуына орай, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында ІІ дәстүрлі «Үш би» пікірсайыс турнирін өткізді.
Шараның негізгі мақсаты елімізде болып жатқан оқиғаларды қоғамдық талдау арқылы студенттердің әлеуметтік және шығармашылық белсенділіктерін арттыру, пікірсайыс қозғалысын дамыту болып табылады. Сәуір айының алғашқы күні аталған басқарма басшысы Ринат Галлямовтың қатысуымен турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтсе, келесі күндері Астана, Алматы, Тараз, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен қалаларынан 56 команда бақ сынасқан бұл турнир іріктеу кезеңіне, финалдық ойындарға ұласты. Айта кету керек, жастар пікірсайыс барысында өздерінің ойларын ашық айтып, сөзге шешен екендіктерін дәлелдей білді. Бұл елімізде осы бір шешендік өнер түрінің жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын, ұл-қыздарымыздың елімізде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтындығын білдіреді. Пікірсайыс мемлекеттік және орыс тілдерінде британдық парламенттік форматы бойынша өткізілді.
Сөйтіп, бірінші орынды Астана қаласынан келген «Боинг-777» және «Весна» командалары иеленсе, елорданың «Хэмменгуэй» және «Цыпучки» атты басқа командалары екінші орынды өзара бөлісті. Үшінші орынды тағы да астаналық «Смайл» командасы мен Қостанай қаласының «Македонский тигр» командасы жеңіп алды.
Үздік спикерлердің атағын Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Ықылас Жеткер және Қазақ гуманитарлық-заң университетінің студенті Ерсайын Өмірбай алды. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері Әділет Сембі мен Равиль Загайдуллин турнирдің үздік төрешілері атағына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен
марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.