Жасаған қылмысы үшін жазаларын темір тордың ар жағында өтейтіндерге бостандықтағы өмірімен қош айтысып, абақтыға үйрену оңай емес. Қоғамнан аластатылу адамның мінез-құлқына да кері әсер ететіні белгілі.
Нәтижесінде ұзақ уақыт осындай қалыпта өмір сүрген жандар үшін түрмеден босап шыққаннан кейін де қоғамға қайта үйренісіп, өз орнын тауып кету қиынға соғып жатады. Бостандыққа шығар алдында олардың көпшілікке тез бейімделіп кетуі және құқықтық сауаттылықтарын арттыру үшін біздің мекеменің қызметкерлері түсіндіру шараларын үнемі жүргізіп отырады.
Мәселен, үстіміздегі жылдың наурыз айында Зеренді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ЕЦ-166/25 мекемесіне келіп, жазасын өтеушілерге дәріс оқыды. Қазіргі таңда елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынып жатқан шаралар жайлы айтылып, мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысуға болатыны жайлы толымды мағлұматтар берілді.
Шыны керек, кез-келген адам үшін тұрақты жұмыс орнының болуы аса маңызды. Осы орайда, елімізде бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы түрмеден босап шыққан азаматтар үшін өте жақсы мүмкіндік. Сол себепті, олардың бағдарламаға көптеп қатысуына, бостандықта өзіне де, айналасындағы жандарға да пайдалы іспен айналысуына біз де өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз.
Әсел СЫЗДЫҚОВА,
ЕЦ-166/25 түзеу мекемесі сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны.