Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлеуметтік мәселелер шешіліп келеді, шешілуі де керек - АРҚА АЖАРЫ

Әлеуметтік мәселелер шешіліп келеді, шешілуі де керек

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Ақкөл,  Еңбекшілдер, Бурабай аудандарында және Көкшетау қаласында бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ, еңбек ұжымдарында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді пысықтап, Үкімет тарапынан осы бағытта қолға алынып жатқан шаралардың маңызына назар аударды. Премьер-Министрдің орынбасарының өңірге сапары кезінде облыс әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

Үкімет басшысының орынбасары алдымен, Ақкөл қаласында жаңадан салынған 250 келушіге арналған емхананы пайдалануға беру салтанатына қатысты. Қазіргі заманға сай медициналық құралдармен жабдықталған жаңа әрі әсем ғимараттың ішкі бөлмелерін аралап көрген Үкімет басшысының орынбасары жоғары білікті дәрігерлердің тапшылығы мәселесіне де назар аударды.
Аталған медициналық мекеменің меңгерушісі Ада Лищинскаяның айтуына қарағанда, үш қабатты ғимарат орталықтандырылған су, жылу және кәріз жүйесімен жабдықталған. Медициналық мекемеде функционалдық диаг-ностика, рентгенологиялық, эндоскопиялық, физиотерапиялық, акушер-гинеколог кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың да тартылғанын атап өтті.
– Емханада 41 дәрігер, 80-ге жуық орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Ал, жоғары білікті мамандар тапшылығына келетін болсақ, бізге невропатолог дәрігер қажет. Жалпы, 26 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы үшін қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталған емхананың ашылуы маңызды, – деді емхананың бас дәрігері.
Премьер-Министрдің орынбасары осында аталған емхананың ұжымы және облыстағы медициналық мекемелер мен ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездесті.
– Біздің облыста соңғы екі жылда медицина саласында түбегейлі өзгерістер орын алды, – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов. – Мен бұрындары біздің ауруханада жүрекке, ми қан тамырлары тәрізді ағзаларға күрделі ота жасалынады деп ешқашан ойлаған емеспін. Бүгінгі таңда оны да ойдағыдай, сәтті жасаудамыз. Бұл әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында түзілген «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» тәрізді мемлекеттік бағдарламалардың септігімен жүзеге асырылып отыр. Кездесуде міндетті медициналық сақтандыру мәселесі айтылып, осы төңірегінде қойылған дәрігерлердің сауалдарына да құлақ түрді.
Одан әрі №1 Ақкөл балалар үйіндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен де кездесті. Жылы шырайлы өткен кездесуде тәрбиеленушілер вице-премьерге өздері әзірлеген шығармашылық жұмыстарын көрсетіп,  өнерлерін ортаға салды. Өткен жылы қалпына келтіріле бастаған балалар үйін биыл тапсыру көзделген. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 800 миллион теңге қаржы жұмсалды. Осы орайда, вице-премьерге облыс әкімі Сергей Кулагин облыстағы өзге де балалар үйіне кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
–Осыны аяқтаған соң, 2017 жылы Сандықтау балалар үйіне, 2018 жылы Есіл, 2019 жылы Урюпинск балалар үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Сергей Кулагин.
Сонымен қатар,  Үкімет басшысының орынбасары Еңбекшілдер ауданы Қоғам ауылындағы Шәймерден Қосшығұлов атындағы орта мектепте де болды. Онда ол елімізде қолға алынған үш тілде оқыту жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Осы орайда, бұл жүйеге көшуде мұғалімдер мен оқушыларды дайын болуға шақырды. Алгебра және биология пәндері ағылшын тілінде жүргізілетінін атап өтті.
Бурабай ауданындағы көпсалалы ауданаралық аурухана және «Мерей» бала бақшасы да назардан тыс қалған жоқ. Бала бақша мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту жөнінде дөңгелек үстел өткізді. Облыстың әр өңірінен келген педагогтардың басын қосқан жиында мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Осы орайда, бүгінгі күні елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту аясында жекеменшік бала бақшаларды ашуға зор көңіл бөлініп отыр.
– Біз жекеменшік бала бақшаның болуын толықтай қолдаймыз. Қазіргі нарықтық экономика соны талап етеді. Жекеменшік бала бақшаның иесі оған ұқыпты қарайтыны анық.  Бұл бизнес тәртібі. Ал, балалары бала бақшамен қамтылған ата-ананың екеуі де алаңсыз жұмыс істеуіне болар еді, – деді Дариға Назарбаева өз сөзінде.
Премьер-Министрдің орынбасарының жұмыс сапары онан әрі облыс орталығы Көкшетау қаласында жалғасты. Ол алдымен «Бурабай» спорт кешенінде болып, оның жұмысымен танысты. Спорт сарайында әлденеше  спорт түрлерінен өтетін дүбірлі жарыстарды былай қойғанда, тәулігіне 800 адам келіп, денсаулықтарын шыңдайды. Мұндағы мұз айдыны, тренажер залы, жүзу бассейні – бәрі халыққа қызмет көрсетеді. Үкімет басшысының орынбасары тренажер залы мен жүзу бассейнінде болып, салауаттылықты ұстанып, денсаулықты нығайту бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын берді.
«Авиценна» емдеу-профилактикалық мекемесінің жұмыс істей бастағанына бір жылдай ғана уақыт өтсе де, осы қысқа мерзім ішінде көрсететін қызмет сапасының жоғарылығына байланысты жұртшылық арасына кең танылып үлгерді. Израиль мен АҚШ-тан әкелінген қазіргі заманғы ең жаңа медициналық құрылғылармен жарақталған емхананың қызмет ақысының жоғарылығына қарамастан, сұраныс көп болып отыр. Мұнда біліктілігі жоғары мамандар қызмет етеді және гинекологиялық, офтальмологиялық және асқазан ауруларына қатысты күрделі операциялар жасалады. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға риза болған Дариға Назарбаева мемлекеттік емханалармен бірге жекеменшік емханалардың қатар жұмыс жасауы бүгінгі уақыт талабы екендігін айтты. Бұл адамдарға таңдау еркін береді.
Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан Ақмола облысындағы ұлтаралық қатынастарға қаншалықты көңіл бөлінетіндігін Премьер-Министрдің орынбасары  2014 жылы ашылған Достық үйіне келгенде өз көзімен көріп, куәсі болғандай әсер алды. Бұл жөнінде ол Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ассамблея-
сы  Ақмола филиалының және ұлттық мәдени орталықтардың өкілдерімен болған кездесуде мәлімдеді.
– Еліміздің ең басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз. Қазақстанда жүздеген ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып, өмір сүріп жатыр. Сіздердің осындай сәулетті ұлттық орталықтарыңыздың болғаны қандай тамаша, – деді вице-премьер өз сөзінде.
Мұнан кейін ол еліміздегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік саладағы реформалар жайлы баяндады. Мектептерге, жоғары және арнаулы оқу орындарының қызметіне кең мүмкіндіктер беріліп отыр. Ақылы қызмет көрсету, басқа да мәселелерді оқу орындары өз беттерінше шеше алады. Еліміздегі барлық жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – адамдардың тұрмысын жақсарту және қызмет көрсету сапасын көтеру екендігін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалы төрағасының орынбасары Елена Мащинская, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртісі Жарас Қалдаров елімізде жүргізіліп жатқан ұлтаралық қатынастар, мәдениет саласындағы игі жұмыстар жайында ой-пікірлерін ортаға салды.   
Бұдан кейін Үкімет басшысының орынбасары қаладағы №2 орта мектепте болып, балаларға білім беру жайымен танысты. Мектеп фойесінде оқушылардың түрлі техникалық салаларда жасаған жобалары қойылған. Балалар өз қолдарымен жасаған жобаларын мәртебелі мейманға айтып, түсіндірді. Өзіндік даму және лингафон кабинеттерінде болып, сабақ барысын көрген Дариға Назарбаева балалар асханасының қызметін де назардан тыс қалдырмады.
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы заман ағымына сай өз қызметін қайта құрған мәдениет мекемесі. 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізілген кітапхана қазіргі заман талабына сай жабдықталған және аймақтағы мол кітап қоры бар түрлі салалар бойынша сапалы қызмет көрсететін мәдени орталық болып табылады. Кітапхана жұмысымен жан-жақты танысқан вице-премьер бұдан кейін облыстағы ғана емес, еліміздегі іргелі оқу орындарының санатындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне келді.
Университеттің фойесінде студенттер жасаған жобалар мен оқу орны факультеттерінің көрмесі қойылыпты. Студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Премьер-Министрдің орынбасарына өз жобалары туралы айтып берді. Екінші қабаттағы университет тарихымен таныстыратын мұражайды аралап көрген соң оқытушылар мен студент жастар өкілдерімен кездесу өтті. Жарты ғасырлық тарихы бар іргелі оқу орнында бүгінде 22 ғылым докторы, 14 профессор, 87 ғылым кандидаты мен 52 доцент қызмет істейді. 34 оқытушы жоғары оқу орындары арасында өтетін «Үздік жоғары оқу орны оқытушысы» грантын жеңіп алған. Бүгінгі таңда студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде,  30 пайызы орыс тілінде оқып білім алуда. Соңғы жылдарда ағылшын тілін тереңдете оқуға жете көңіл бөлінуде. Қазір оқу орнында «Темпус» және «Эразмус» бағдарламалары бойынша сегіз халықаралық жобалар жүзеге асырылуда.
Университет жұмысымен жан-жақты танысқан Премьер-Министрдің орынбасары кездесу соңында оқытушылармен және студенттермен ескерткіш суретке түсті.

 

Аслан ОСПАНОВ,
Қалкөз ЖҮСІП,

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар