Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абаттандыру айлығы басталды - АРҚА АЖАРЫ

Абаттандыру айлығы басталды

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде көктемгі су тасқынының алдын алу және елді мекендерді көркейту, санитарлық тазарту және көгалдандыру туралы мәселелер қаралды.

Аппарат кеңесінде облыс әкімі алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованы мерейлі жасымен құттықтап,  гүл шоғын және құттықтау хатын тапсырды. Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алексей Советовтың  Ақмола облысы бо-йынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы, ал, өз өкімімен Жомарт Нұркеновтың облыс әкімі аппаратының басшысы, Азамат Тайжановтың Аршалы ауданының әкімі, Нариман Төлеповтың Егіндікөл ауданының әкімі болып тағайындалғандарын жеткізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бо-йынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Алексей Советов сөз алып, «2016 жылдың  көктемі кезеңінде су тасқынына қарсы шаралар туралы» облыстық әкімдіктің қаулысына сәйкес осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде әсіресе, 954 мың текше метр қар шығарылғанын, 190 көпірдің және 3,2 мың су өткізетін қондырғылардың қардан тазартылғанын ерекше атап өтті. Күні бұрын қолданылған осындай шаралардың нәтижесінде биыл облысымызда бұл қауіпті кезең ойдағыдай өтіп, өзен-көлдердің суының деңгейі бірқалыпты ұсталды. Атбасар қаласында соңғы болған төтенше жағдайда осыған қатысты барлық қызметтер үйлесімді іс-қимыл танытып,  елді мекенді су басуына жол бермеді.
Облыс әкімі  мұны жоғары бағалап, су тасқынына жол бермеу үшін қосымша тартылған жұмыс күштерін енді босата беруге болатындығын айтты. Алайда, 25 сәуірге дейін тәуліктік кезекшілікті тоқтатуға болмайды. Егер күн күрт жылыса, еріген қардан су деңгейінің тағы бір көтерілу қаупі орын алуы мүмкін. Жалпы, өткен жылы Целиноград ауданында тұрғызылған ұзындығы 48 шақырым болатын бөгет, биыл алдын ала қаржы бөліп, басқа қауіпті жерлерде де осындай бөгеттерді тұрғызу және нығайту өз нәтижесін бергеніне сөз жоқ.
Облысымызда жыл сайын көктем туысымен елді мекендерді көркейту тұрғысында айлық өткізу берік дәстүрге айналып отыр. Биыл да 4 сәуір мен 20 мамыр аралығында осындай айлық жарияланғанын айта кету керек. Бұл жөнінде аппарат кеңесінде хабарлама жасаған облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко әзірге жер-жерде тұрғындар мен ұйымдар өз беттерімен төккен қоқыс орындарының көп екендігін тілге тиек етті. Мұндай жағдай әсіресе, Шортанды, Бурабай, Целиноград аудандарында жиі байқалуда. Екінші бір құнтсыз мәселе, жылда отырғызылатын әртүрлі ағаш көшеттерінің  көбі өсіп-өнбей, қурап қалады. Айталық, былтыр облыс бойынша 600 мың түп ағаш егілсе, оның 30 пайызы ғана аман сақталған.
Қазір облыстық бюджеттен әрбір қала мен ауданға, көлеміне қарай, дәстүрлі айлықты өткізуге белгілі бір мөлшерде қаржы бөлініп отыр. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың неғұрлым ширақ жүргізілуіне ықпал ететіні анық. Облыс әкімі  осыны айта келіп, бұл іспен жергілікті жерлерде күн сайын айналысуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аппарат кеңесінде есеп берген  Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен Бурабай ауданының әкімі Төлеген Ташмағамбетов атқарылған жұмыстарды, сондай-ақ, айлық барысында қолға алынатын шараларды ортаға салды. Биыл облыс орталығында көше жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізуге 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы аптада қаланы тазартып, көркейту жөнінен алғашқы бейсенбілік пен сенбілік өткізілмекші. Бұл орайда, Сергей Кулагин жазда Қопа көлінің жағасын абаттандыру, ескі қазақ зиратын қоршау, «Көктем» шағын ауданының шет жағын тәртіпке келтіру мәселелерін де айналып өтпеді.
Сондай-ақ, орманшыларға көктемде егілетін ағаш көшеттерін жеткілікті етіп босату жөнінде тапсырма беріп, олардың өсіп-өнуін кем дегенде 85-90 пайызға жеткізу міндетін қойды. Ал, Бурабай ауданында атқарылатын істерге келсек, Щучинск қаласында  Абылай ханның ескерткішін орнату көзделіп отырғандығы елең еткізді. Қазіргі уақытта ескерткіш жобасы жасалған. Осы жұмысты толық атқарып шығу 300 миллион теңге қаржыны қажет етіп отырған көрінеді.  
Аппарат кеңесінде облыстың  дамуына қатысты бұдан басқа да өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары белгіленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар