Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балаға құрметпен қарау керек - АРҚА АЖАРЫ

Балаға құрметпен қарау керек

Балалармен жұмыс істеу мен үшін үлкен бақыт, әрі үлкен жауапкершілік. Себебі, ата-аналар жұмыстарына кетіп бара жатып, кішкентай бүлдіршіндерін бізге сеніп тапсырады. Ал, сол сенімнен шыға білу – әр тәрбиешінің мерейі.

Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Кейде жұмыстан үйге келгенімде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ, балалармен күні бойы өткізген сағаттарымды, олардың тәтті қылықтарын ойыма алғанда, сол шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлеміне» бойлаған, елімізге керек мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала жаны пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы  сияқты.
Бала бақшада еңбек еткен осы  уақыт ішінде бүлдіршіндермен жұмыс істеу үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және  ең бірінші керек қасиет – баланы құрметтеу сезімі болуы қажет екенін түсіндім. Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссоның «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады,  өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген сөзі  осы мектепалды даярлық сыныбына арналғандай.  
Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың жас ерекшелігіне сай болса, оның сол сабаққа ынта-жігері де артары сөзсіз деп білемін. Күнделікті жұмысымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі, бала белгілі бір рөлде ойнаса, өзінше сол кейіпкердің бойындағы қасиет, дағдыларды ой елегінен өткізіп саралайды. Баланың осы жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын  мұғалім оның дұрыс жетіле түсуіне септігін тигізе алады.
Оқу, жазу мен санау дағдыларын қалыптастыру мақсатында жеткіншекті білімге бойлатудың өзі біздерден шеберлікті, осының тиімді  жолын таңдауды талап етеді. Ата-ананың, баланың өзінің де осы жерде өсетіні, толысатыны тұрғысындағы үмітін ақтау үшін біздер, тәрбиешілер олармен жан-жақты жұмыс істеуіміз керек. Бұл үшін ата-аналармен үнемі тығыз байланыста болып, оларды түрлі шараларға белсене қатыстырып отыру – осы жұмысымыздың бір қыры. Мұның нәтижесін бала бақшамызда түрлі мерекелерге орай, өткізіліп жататын ертеңгіліктерден де жақсы аңғарамыз. Бүлдіршіндердің бойындағы біз ашсақ, көзін тапсақ деген қабілеттің осындайда көріне түсуі көңілге тек қуаныш ұялатады. Бұған әдетте ата-аналар да риза.
Осылайша мектепалды даярлық тобы оқушыларының шығармашылығын дамыта отырып, қазіргі  заманғы педагогикалық теория мен практиканы ұштастыра жұмыс істеудемін. Оның барысында бес жастағы бала зейіні мен мінез-құлқын тек жақсылық жағына бейімдеп, оны білімге жетелеу үшін тәрбиешіге көп нәрсе керек екенін ұқтым. Ең бастысы әрине, жоғарыда аңғартқанымдай, өзіңе сеніп тапсырылған алдыңдағы әр баланы жақсы көре білу, оған жан жылуыңды беру. Сонда ғана періштедей пәк балақай саған жақын тұрады, сенеді. Сен де соны аңғарып, одан сайын бала жүрегіне бойлай түсесің…

Раушан БЕКХОЖИНА,
Көкшетау қаласындағы
№21 «Ақбота»
бала бақшасының тәрбиешісі.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар